Жапырағын жайған бәйтерек…

Мау 18, 2026

Әке – отбасының асыраушысы ғана емес, шаңырақтың берекесін кіргізіп, ұрпағына бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Баланың бойына адамгершілік, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде әкенің рөлі айрықша.

Әкелер күні қарсаңында ақсулық көпбалалы әке Дамир Жүнісбаевтың отбасылық құндылықтарға негізделген тәрбиесі көпшілікке үлгі боларлық. 7 баланы тәрбиелеп отырған отағасы үшін әкелік міндет – үлкен жауапкершілікпен қатар, өмірдің үлкен бақыты.

Дамир Талғатұлы жұбайымен 2014 жылдың тамыз айында танысқан. 1 жылдай уақыт бір-бірін танып-біліп, 2015 жылдың қыркүйегінде шаңырақ көтерген. Бүгінде олар 7 баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы саналады. 3 қыз бен 4 ұлдың әкесі атанған ол бала тәрбиесі – өміріндегі зор жауапкершілік әрі ең үлкен бақыт екенін айтады.

– Мен бұрыннан болашақ отбасымның үлкен болғанын армандайтынмын. Себебі баланың көп болғаны – үйдің берекесі. Жұмыстан шаршап келгенде алдымнан балаларымның жүгіріп шығып, «Әкем келді!» деп қуанып қарсы алғанын көру – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Сол сәтте күнделікті тіршіліктің шаршауы да ұмытылып кетеді, – дейді көпбалалы әке.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ата-ана үшін маңыздысы – баланың жақсы адам болып өсуі. Сондықтан отбасыда тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

– Балаларымның тәрбиелі, тәр-тіпті, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын азамат болып өскенін қалаймын. Қазірде білім де, мамандық та маңызды. Бірақ алдымен адамдық қасиет бірінші орында тұруы керек. Балаларыма үнемі адал болуды, өтірік айтпауды үйретеміз. Олар қандай жағдай болса да бізден ештеңе жасырмай, ашық айтып отырса деймін. Өйткені сенім бар жерде түсіністік болады, – дейді ол.

Дегенмен, 7 баланы тәрбиелеу оңай шаруа емес. Әр баланың мінезі, қызығушылығы, арманы мен талғамы әртүрлі. Сондықтан ата-ана олардың әрқайсысына жеке көңіл бөлуге тырысады.

– Балалар өскен сайын олардың мінез ерекшеліктері де анық байқалады. Бірі сабырлы, бірі  белсенді, енді бірі көп ойланады. Әр баланың өз әлемі бар. Сол себепті олардың барлығына бірдей талап қойып қана қоймай, әрқайсысын түсіне білу керек. Кейде ақыл айтасың, кейде жай ғана тыңдайсың. Баланың сеніміне кіру үшін оған уақыт бөлу маңызды, – дейді Дамир Талғатұлы.

Отбасы мүшелері бос уақыттарын бірге өткізуге тырысады. Күнделікті қарбаласқа қарамастан, бір дастархан басына жиналып, әңгімелесу олардың отбасылық дәстүріне айналған. Демалыс күндері қаланың көрікті жерлерін аралап, саябақтарға барып, балалардың көңіл көтеруіне жағдай жасайды.

– Қазіргі кезде әркім өз телефонымен әуре болып кетуі мүмкін. Сондықтан біз отбасымен бірге өткізетін уақытқа мән береміз. Бірге серуендейміз, балаларды ойын алаңдарына апарамыз, табиғат аясында демаламыз. Осындай сәттер отбасы мүшелерін жақындастырып, балалардың есте сақтайтын жарқын естеліктерін қалыптастырады, – дейді ол.

Көпбалалы әке «бала тәрбиесі тек ананың міндеті» деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ұл-қыздың тәрбиесіне әке де, ана да бірдей жауапты.

– Отбасында әркімнің өз міндеті болғанымен, бала тәрбиесінде екеуіміз де қатар жүреміз. Балалардың оқуына, тәрбиесіне, мінез-құлқына қатысты мәселелерді бірге талқылаймыз. Жұбайым екеуіміз бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Баланың дұрыс азамат болып қалыптасуы үшін ата-ананың бірлігі маңызды деп ойлаймын, – дейді ол.

Шынында да, әке – отбасының қорғаны ғана емес, баланың өмірлік бағдарын айқындайтын тұлға. Баласының қуанышын өз бақытына балайтын, оның болашағы үшін аянбай еңбек ететін әкелер қашанда құрметке лайық.

Айдана БОРАНБАЕВА.