Білікті невропатолог Бақыт Сельтекееваның күрделі медицина саласын таңдауына ата-әжесі ықпал еткен. Бала күнінен әжесінің аузынан атасының талай адамның өмірін арашалап қалған мықты дәрігер болғанын естіп өседі. 10-сыныпта білім алып жүргенде-ақ, дәрігер болуға шешім қабылдайды. Бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдауға әжесінің сырқаты да себеп болған.
Бақыт Сельтекеева уақыт пен тәжірибені тәлімгерлікке балайды. Осы екі дүние арқылы дәрігер кәсіби тұрғыдан қалыптасады. Сан қырлы қиын жолдардың өзі пайдалы өмір мектебіне айналатынын айтады.
Бақыт Сельтекеева 1988-1994 жылдары Харьков мемлекеттік медицина институтында білім алып, дәрігер мамандығын меңгерген. Павлодар қалалық №1 ауруха-насының инсульт орталығында 11 жыл еңбек еткен. Кейін 4 жыл көлемінде Астана қаласындағы азаматтық авиация медицина орталығында кәсіби тәжірибесін шыңдай түседі. 2011 жылдан бері Павлодардағы теміржол ауруханасында жемісті еңбек етуде. Қазіргі уақытта аталмыш емдеу мекемесіндегі неврология бөлімшесінің меңгерушісі.
— Адам өміріндегі қиын кезеңде қолдау көрсету үшін невролог мамандығын таңдадым. 1994 жылдың 6-шы тамызында алғашқы еңбек жолым неврология бөлімшесінде басталды. Сол сәтте қызметіме деген жауапкершіліктен болар, қатты толқып, дене қызуым 38 градусқа көтеріліп, ауырып қалған едім. Осы жағдайдан кейін бір апта «мамандыққа адаспай келдім бе?» деген сұрақ бойымды биледі. 10 күннен кейін жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы инсульт орталығының есігін ашқан кезде, өз таңдауымның дұрыстығына толық көз жеткіздім. Сол сәттен бастап ешкім де, ешқашан да мені дәрігер мамандығын таңдағаныма өкіндіре алмайтынын түсіндім, — дейді Бақыт Амангелдіқызы.
Білікті дәрігер медицина саласының қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Қызметке орналасқанда мүмкін емес болып көрінетін әдіс-тәсілдер шынайы көрініске айналды. Бүгінде медицина буындарды протездеу, жүрек қақпақшаларын, тіс имплантын алмастырумен шектелмейді. Дәрігерлер жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе секілді маңызды ағзаларды трансплантациялап, шағын тілік арқылы күрделі оталарды жүргізеді. Сонымен қатар, гендік терапияның көмегімен кейбір тұқым қуалайтын ауруларды емдеу мүмкіндігі пайда болды.
— Өз басым неврологиялық диагнозды қою кезінде невропатологтың ең басты құралы – кішкентай балғаны қолданғанымды есте жақсы сақтадым. Сол қарапайым құрал дәрігердің білімі мен тәжірибесінің, кәсіби шеберлігінің символындай еді. Бүгінгі жоғары технологиялар дәуірінде де дәрігердің клиникалық ойлауы мен тәжірибесі медицинадағы ең құнды капитал болып қала береді. Медицина расымен де қарқынды дамып, жаңа белестерді бағындырды. Алайда денсаулық сақтау жүйесі өзінің адамгершілік және рухани құндылықтары тұрғысынан біршама кейін шегінгендей әсер қалдырады. Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау басқармаларынан түсетін құжаттар мен бұйрықтарда «медициналық қызмет» деген ұғым жиі қолданылады. Оңалту – қызмет, диагностикалық процедуралар – қызмет, зертханалық тексерулер қызмет деп аталады. «Қызмет» және «қызмет көрсету» сөздерінің түп-тамыры бір, олардың негізінде «қызмет ету» ұғымы жатыр. Алайда менің түсінігімде қызмет ету — ең алдымен Отанға тән қасиет. Ал медицинада тұтынушы да, қызмет көрсетуші де болмайды. Медицинадағы басты ұғым – көмек көрсету. Ол алғашқы көмек, шұғыл көмек, мамандандырылған көмек, жоғары мамандандырылған көмек болуы мүмкін. Тіпті коммерциялық бағыттағы пластикалық хирургияның өзінде де әңгіме қызмет туралы емес, эстетикалық көмек туралы болуы тиіс. Сондықтан медициналық көмекке жүгінген адамдар – тұтынушы емес, емделушілер. Ал дәрігердің басты міндеті – қызмет көрсету емес, адамға жанашырлық танытып, көмек көрсете білу деп ұғамын, — Бақыт Амангелдіқызы.
Тәжірибелі дәрігер невропатолог адами қасиеттерді бойына сіңіру керектігін айтады. Осы орайда, қызмет барысындағы бір оқиғамен бөлісті. Оның сөзінше, бөлімшеде өте ауыр жағдайдағы науқас жатқан. Әйелге күйеуі де қолдау көрсетіп, жанынан табылған. Кезекті дәрігерлік тексеру кезінде емделушіге алдағы емдеу жоспарын түсіндіріп, науқастың жағдайына байланысты болуы мүмкін өзгерістерді айтып, кеңес берген. Құрысу ұстамалары (судороги) қайталанса да, жалпы жағдайы тұрақты бақылауда болатынын түсіндірген. Сөз соңында емделушісіне «Қорықпаңыз» деген. Әйел адам дәрігерді мұқият тыңдап тұрып, «Сіз бар кезде, мен ештеңеден қорықпаймын» деп жауап берген.
— Жұмыс барысында емделушілерден талай жылы сөз естідім. Бірақ ауыр халде жатқан науқастың аузынан естіген осы екі ауыз сөз менің ұзақ жылдық еңбегіме берілген ең жоғары баға ретінде қабылдадым. Мұндай сөздер – кез келген дәрігер үшін бағалы марапат. Өйткені сол сөздердің ішінде күш бар. Сенім бар. Сүйіспеншілік бар. Дәрігер мамандығын жер бетіндегі ең маңызды кәсіптің біріне айналдыратын да – осы. Ал нағыз кәсіби жеңіс осындай сенімнен тұрады, — дейді дәрігер.
Тәжірибелі маман жиі кездесетін неврологиялық ауруларға да тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындар көбіне созылмалы бас, омыртқа ауруларымен, мидың қартаюына байланысты түрлі дертке тап болады. Сырқаттардың кең таралуына күнделікті өмір жағдайы себеп екенін айтады.
— Өмір қарқынының үдеуі, тұрақты күйзеліс, ұйқының жетіспеуі және қимыл-қозғалыстың аздығы ми мен жүйке жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Егер бұрын адам көбіне физикалық тұрғыдан шаршаса, бүгінде психоэмоционалдық шамадан тыс жүктемені бастан кешіруде. Қазіргі жастардың арасында алкогольге әуестік азайғанымен, оның орнын энергетикалық сусындарға тәуелділік басып барады. Қазір ересектер, балалар, жастар, егде жастағы адамдар гаджеттерден бас алмайды. Қабылдауыма келетін жас жігіттердің, тіпті 17-18 жастағы бозбалалардың дене бітімі кейде әйелдерге ұқсап баратыны алаңдатады. Цифрлық технологиялар мен гаджеттердің ықпалы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ең бастысы – алынған ақпараттың көлемі емес, оны саналы түрде қабылдап, игілікке жарата білу керек.
Көптеген емделуші неврологтың қабылдауына болмашы шағымдармен де келеді. Яғни, қайталанатын бас ауруы, жеңіл бас айналу, аяқ-қолдағы шаншу немесе жайсыздық сезімімен жүгінеді. Бұл – дұрыс ұстаным. Себебі ерте жүгіну мәселені уақытында анықтап, оның әрі қарай асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді, — дейді дәрігер.
Бақыт Амангелдіқызының еңбек жолын балалары жалғастырып жатқанын айтпай өтпеске болмас. Олардың бұл шешімін анасы қуанышпен әрі зор құрметпен қабылдаған. Олар бұл таңдауды өз еркімен жасаған. Бала кезінен аналарының еңбегін көріп, мамандықтың мәні мен жауапкершілігін ерте түсінген. Мүмкін, дәл осы жағдай олардың медицинаға деген қызығушылығын оятқан болуы керек.
Білікті дәрігерді кәсіби мерекемен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
