Павлодар облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін көрсетуде. Соңғы жылдары әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау көлемі артып, жаңа мүмкіндіктер ашылды. Соның арқасында өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарына қызмет көрсететін жобалар саны көбейіп келеді.
2024 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін гранттар мемлекеттік қызмет форматына ауыстырылды. Бұл кәсіпкерлерге қаржылай қолдау алуды жеңілдетіп, өз бастамаларын дамытуға жол ашты.
Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Альнура Сыздықованың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері конкурс арқылы бес миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант ала алады. Бұл қаражат кәсіпорындарды кеңейтуге, жаңа жабдықтар сатып алуға, қызмет сапасын жақсартуға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жұмсалады.
— Жаңа қолдау іске қосылғаннан бері облыста 36 әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы мемлекеттік қаржыландыруға ие болды. Өткен жылы 8 кәсіпкерге жалпы көлемі 42 миллион теңге грант беріліп, олардың жобаларын дамытуға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде қосымша қызмет түрлері енгізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылды, — дейді ол.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облыстық бюджет-тен 40 миллион теңге бөлініп, сегіз кәсіпкердің жобасы қолдау тапты.
Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған гранттық конкурсқа қатысу талаптары да қолжетімді. Үміткерлер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің ресми тізіліміне енгізілген болуы немесе «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі атануы қажет. Өтінімдер толықтай электронды форматта қабылданады. Кәсіпкерлер құжаттарын Kezekte.kz платформасы арқылы тапсыра алады. Ол үшін бизнес-жоспарды толтырып, қажетті құжаттарды жүктеу жеткілікті. Комиссия жобалардың әлеуметтік маңызын, тиімділігін және іске асыру мүмкіндігін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Осы жылы конкурс нәтижелері қазан-қараша айларында анықталмақ.
Бұл салада 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Adele» балаларды дамыту орталығы. Орталық қаламызда екінші филиалын ағымдағы жылдың ақпан айында ашқан. Мұнда мектепке дейінгі дайындық, балабақша балаларын даярлау және логопед, психолог қызметі, сурет салу үйірмелері бар.
«Adele» балаларды дамыту орталығының басшысы Қанат Сапаров балаларды кішкентай кезінен жан-жақты дамытуға барынша көңіл бөлу керек деп санайды.
— Балаларға арналған бағдарлама қыркүйек айынан маусым айына дейінгі уақытты қамтиды. Ал, жазғы уақытта ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндермен жұмыс жасаймыз. Үш айдың ішінде олар әжептәуір нәтиже көрсетеді. Қазір бізде осындай үш бала тәлім алуда. Мемлекет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікті кеңейту мақсатында берілетін грантты алған болатынбыз. Соның арқасында жаңа филиалды материалдық техникалық құралдармен қамтамасыз еттік. Атап айтқанда: интерактивті панель, реттелмелі парта сияқты жабдықтар. Нәтижесінде заманауи оқу орталықтарының бірі болып отырмыз. Біз оқу барысында «Құлан» компаниясының авторлық методикасын қолданамыз. Кішкентай балалармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Оларды ерте жастан жан-жақты дамыту керек деп ойлаймын. Сол үшін сурет салу, ағылшын тілін дамыту, би билеу сынды қосымшаларды пайдаланамыз, — дейді ол.
«Adele» балаларды дамыту орталығында жалпы саны 200-ге жуық бала бар. Ал осы жылы ашылған филиалында 45 бала даярлықтан өтуде. Оларға тәлім беретін 7 маман бар. Әр апта сайын арнайы жиналыста мұғалімдердің білім беру бағдарламалары ортаға салынып, жаңашылдықтар енгізіліп отырады.
Бұдан өзге мемлекеттік грантты жеңіп алып, ерекше балалармен жұмыс істеп жүрген «Шаңырақ» инклюзивті түзету орталығы да жақсы нәтижелер көрсетуде. Бұл орталықтың методикасы өзгеше. Дәлірек айтқанда, мұнда балалар 45 минут бойы артық үзіліссіз, арнайы жаттықтырушы мамандармен жеке-жеке әртүрлі жаттығулар жасайды. Мұндағы апталық жаттығулар кестесі балалардың ата-анасымен ақылдаса отырып құрастырылады. Кейбіреулері бір аптада 2 рет сабақ өтсе, кейде ол 5 ретке дейін жететін көрінеді. Аталған инклюзивті түзету орталығында арнайы маманмен өтетін бір сабақтың құны 3500 теңгені құрайды.
Осы бағыттағы қызығушылығы кәсіпкерлікке алып келіп, 50-ден астам балаға көмек көрсеткен әлеуметтік кәсіпкер Зарина Мақажанова инклюзивті түзету орталығын ашудағы себебінің ерекше екенін айтып берді.
— Біздің орталықта қазір 1,5 жастан 7 жасқа дейінгі 12 бала жазылған. Олардың әрқайсының мүмкіншілігіне сай оқыту бағдарламасы даярланады. Дәл осы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алуыма өз басымнан өткен жайттар себеп болды. Яғни мен де ерекше күтімді керек ететін баланың анасы болғандықтан, көптеген арнайы даярлау орталықтарында болдым. Тиімсіз болғаны сол, бір жерден келесі бір маманға апару уақыт жағынан болсын, жалпы қолайсыз болды. Кейін өзім арнайы методикаларды меңгеріп, балама керекті күтімді жасап бастадым. Ұзақ уақыт созбай, еңбегім нәтиже бере бастады. Сондықтан ойлана келе өзге де балалардың оңалып кетуіне себепкер болғым келді. Қазір арнайы оқу орталығымызды керекті құрал-жабдықтармен жасақтадық. Бұл әрине мемлекет тарапынан берілген 5 млн теңгелік грантты жеңіп алғанымыздың нәтижесінде жүзеге асты, — дейді ол.
«Шаңырақ» инклюзивті түзету орталығында 6 маман жұмыс жасайды. Оның үшеуі адаптипті дене шынықтыру бағытында жұмыс жасаса, үшеуі — дефектолог мамандар. Мемлекеттің көмегінің арқасында аталған мекеме толығымен екі кабинетті жабдықтап, балаларға ыңғайлы көмек беретін орын жасаған. Алдағы уақытта бұл орталықты барынша кеңейту жоспарлануда.
Сара ӘБДОЛ.
Павлодар қаласы.
