Ашура күнінің артықшылығы

Мау 18, 2026

Алла Тағала пенделерінің ізгі амал жасап, сауапты істерін атқарудағы ықылас-ниеттерін күшейтетін кейбір айлар мен күндерді басқаларынан артық етті. Соның  бірі – үстіміздегі Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында келетін Ашура күні. Бұл – 25 маусым.

Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі — құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер»
деп айтылған. Аятта айтылған құрметті  айлар қатарына мына төртеуі кіреді. Зулқағда, зулхижжа, мұхаррам және ережеп айлары. Осы құрметті айлардың үшіншісі мұхаррам айы. Мұхаррам – һижра жыл санағы бойынша ең бірінші ай. Яғни, осы айдың келуімен мұсылманша жыл санауы 1448 жылға ауысты. Бұл айдың артықшылығы турасында ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рамазан айынан кейінгі ұстайтын оразаның ең абзалы –
Алланың айы — Мұхаррамдағы ораза» деген.

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың да осы Мұхаррамның ерекше қасиеті хақында жазбалары сақталған. «Нұх пайғамбардың тұңғышы — Сам деген баласы. Ғарап, Ғажам —
Самның ұрпағы, біреуі ай есебін ұстап, жыл басын Мұхаррам деп санап, оның оны ғашора күні деп, мейрам қылып ұстап қалған», – деп жазған.

«Ашура» араб тілінде он деген санды білдіретін «ашара» сөзінен шыққан. Кейбір ғалымдарымыз ашура күнінің атауын Алла Тағаланың ардақты Пайғамбарымыздың үмме-тіне он түрлі ерекше уақыттарды сыйлауымен байланыстырып, соның оныншысы ашура екендігін айтқан. Ол уақыттар мынадай: Ережеп айы, Шағбан айы, Рамазан айы, Қадыр түні, Ораза айты, Зулхижжа айының алғашқы он күні, Арафа күні, Құрбан айт күні, Жұма күні, Ашура күні. Мұсылман адам әрбір күнін жақсылық амалдармен өткізуге тырысуы қажет екендігі белгілі. Алайда, ашура күні мынадай амалдарды атқару мұстахап (жақсы амал) деп танылады:

Бірінші – Ораза ұстау.

Ашура күні жасауға болатын ең басты амал – ораза ұстау. Ғалымдарымыз Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда ашура күні ораза ұстау уәжіп болғанын айтқан.  Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл күн – Ашура күні. Ол күні Ораза ұстауды Алла Тағала сендерге парыз етпеді. Бірақ менің аузым берік. Ораза ұстағысы келген ұстасын, ұстағысы келмеген ұстамасын», – деген. Ендеше, ашура оразасын ұстау – сүннет, ал одан алдыңғы (тоғызыншы), не кейінгі (он бірінші) күнді қосып тұту – мұстахап, яғни, сауабы мол амалдар қатарына жатады.

Екінші – тәубе ету және истиғфар тілеу.

Ашура күндері пенде бұрынғы жасаған күнәлі істері үшін Жаратушы Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етуі жөн саналады. Адам ата мен Хауа анамыз тыйым салынған жемістен жегеннен соң, тәубе етеді. Алла Тағала ол турасында қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 37-аятында: «Сонда Адам (оған Алланың сәлемі болсын) Раббысынан сөздер үйренді де, жалбарынып тәубе етті. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді», –
деп айтқан.

Үшінші  – мұқтаждарға садақа беру.

Дінімізде қайырымдылық мақса-тында мұқтаж жандарға берілетін ақшалай немесе заттай көмекті садақа деп атайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 2-ші аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібесінен (Алла жолында) жұмсайды», – деп сипаттаған. «Садақа» сөзі Құран тілінде «әс-сидқу», яғни «шыншылдық» сөзімен түбірлес. Өйткені садақа адамның иманының шынайылығын дәлелдейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Садақа – дәлел» деп айтуының себебі осыдан. Ал Ашура күні садақа берудің артықшылығы өте үлкен.

Төртінші – отбасы мүше-леріне қуаныш сыйлау. Отбасының береке-бірлікте, тату да тәтті өмір сүруі үшін әрбір отбасы мүшесі атсалысуы қажет. Ол үшін өзара сыйластық, жылы қарым-қатынастан да бөлек, отбасы мүшелеріне ерекше көңіл бөліп, оларды қуантатын арнайы күндер болғаны жақсы. Осындай отбасылық қарым-қатынасты нығайтып, өмірлік жарымызды, балаларымызды қуантуымыз қажетті болған күндердің бірі – Ашура күні. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Ашура күні әйел, бала-шағасына кеңшілік жасаса, Алла оған жыл бойы кеңшілік жасайды» деген.

Ендеше, біз де Ашура күні Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкірлік етіп, нәпіл ораза ұстап, қайырымдылық істер атқарып, шамамыз келгенше жақсылық амалдар жасап қалуға тырысайық.

Тілеуберді САХАБА.