Өсім бар, мәселе де жоқ емес

Мау 18, 2026

2026 жылғы 1 маусымдағы статистикалық мәліметтерге исәйкес, Павлодар облысындағы құс саны 1 млн 837,1 мың басты құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,2%-ға артық. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы құс саны 1 млн 527,0 мың басқа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 148,1%-ды құрады.

Сәйкесінше, жұмыртқа өндірісі де тұрақты өсім көрсетуде. Жыл басынан бері барлығы 80,5 млн дана жұмыртқа өндірілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорын-дары 72,8 млн дана жұмыртқа өндіріп, көрсеткіш 106%-ға жетті.

Құс етін өндіру көлемі де айтарлықтай артты. Есепті кезеңде облыста 4,0 мың тонна құс еті өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 210,5%-ға өсті.

Қазіргі таңда Павлодар облы-сында төрт құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның екеуі — жұмыртқа бағытында, екеуі ет бағытында маманданған. Атап айтқанда, «Turkey PVL» ЖШС күркетауық етін өндірумен айналысса, «Қызылжар Құс KZ» ЖШС бройлер тауықтарының етін өндіреді. Ал «Шарбақты Құс» ЖШС мен «Павлодар Құс» ЖШС жұмыртқа өндіруге маманданған.

«Павлодар Құс» шаруашылығы 2016 жылдың 15 қыркүйегінде өз жұмысын бастаған. Кәсіпорынның алғашқы партиясына Ресейлік «Hysex Brown» тұқымының 70 мың бала-паны әкелінген. Содан бері өндіріс көлемі артып, кәсіпорын өңірдегі сапалы жұмыртқа өндірушілердің біріне айналған.

Бүгінде құс шаруашылығы өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтіп жатыр. Кәсіп-орындағы көптеген жұмыс процестері автоматтандырылған. Атап айтқанда, құстарға жем беру, суару және қора ішіндегі температураны реттеу арнайы заманауи құрылғылар арқылы жүзеге асырылады. Бұл құстардың күтімін жақсартып қана қоймай, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, дейді «Павлодар Құс» ЖШС-ның атқарушы директоры Сырым Ахметов.

— Қазіргі уақытта фирмамызда 400 мыңдай асыл тұқымды «Dekalb White» тауықтары бар. Басты мақса-
тымыз құс өнімдерімен облысы-мызды, елімізді сапалы өнім-
мен қамтамасыз ету. Осы  мақсатта әрдайым тек заманауи стандартты құрылғыларды пайдаланамыз. Алайда, жабдықтармен қамтамасыз ету барысында кейбір қиындықтар бар екені жасырын емес. Құс шаруашылығында қолданылатын негізгі технологиялық жабдықтардың басым бөлігі Германияның «Specht» компаниясында өндіріледі. Соңғы жылдары әлемдегі геосаяси жағдайлардың әсерінен бұл құрал-жабдықтарды жеткізу мерзімі айтарлықтай ұзарған. Бұрын қажетті жабдықтар 2–3 ай ішінде жеткізілсе, қазір олардың келуіне шамамен бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Сонымен қатар, логистикалық қиындықтардың салдарынан жабдықтардың бағасы да екі есеге жуық қымбаттаған. Жұмыс барысында жұмыртқаны сұрыптау және орау жұмыстарына да ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта «Мова» компаниясының жоғары технологиялы жабдықтары пайдаланылады. Аталған құрылғылар жұмыртқаның сыртқы ғана емес, ішкі құрылымын да тексеруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тұтынушыларға сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсынылады. Қазірде осы құралдарды алу жолында да қиындықтар туындауда. Алайда, бұл сапалы өнім шығаруымызды жалғастыруға айтарлықтай кедергі келтірмейді, — деді ол.

Заманауи технологияларды енгізу, өндірісті автоматтандыру және сапаны тұрақты бақылау  — «Павлодар Құс» шаруашылығының басты басымдықтарының бірі. Бұл кәсіпорынның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңір тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Мұнда өндірілетін өнімдер Қазақстан Республикасының түрлі аймақтарына, сондай-ақ республикадан тыс нарықтарға да жеткізіледі.

Сара ӘБДОЛ.