Сәбит Кенжалин – Баянауыл ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің әкімі. Ол округке кіретін үш елді мекеннің тұрғындарына әкім ғана емес, сенімді серік бола білген. Ауыл тұрғындарын ұйыстыра алуының арқасында іргелі істер жүргізілуде. Әрбір шаруаны ақылдаса шешкенді жөн көреді.
Сәбит Мұратұлы өзіне сеніп тапсырылған аумақтың әрбір шаршы метріне жауапты екенін сезінеді. Округтің орталығы Мәшһүр Жүсіп ауылына келімді-кетімді адам көп. Өйткені, маңында діни ғұлама, ақын Мәшһүр Жүсіптің кесенесі орналасқан.
– Әкім ретінде ғана емес, осы елді мекеннің тумасы ретінде де ауылымыздың келешегіне, дамуына, тазалығына жауаптымын. Әрбір жағдайға алаңдаймын. Ауылдың күнделікті тіршілігі – назарымызда. Іргемізде Мәшһүр атамыздың кесенесі бар. Алыс-жақыннан қасиетті мекенге табан тіреген азаматтар алдында ұятты болмауы үшін күш саламыз. Әркім өзінен бастауы керектігін білеміз. Ауылымызды ерте бір аралап шығамын. Сынған, құлаған заттар болса, бірден реттеуге тырысамыз. Қараусыз мал жүрсе, иесіне ескертеміз, түсіндіреміз. Жол бойындағы, көшедегі, тау етегіндегі қоқысты уақытылы жинастырамыз. Үнемі сенбілік ұйымдастырылады. Халықпен кездесу өткізіп, осының бәрін пысықтап аламыз. Тұрғындардың әрбір өтінішіне құлақ асып, жерге тастамауға тырысамын. Себебі, сенім артты. Сол сенімді ақтау – міндетім, – дейді С.Кенжалин.
Тазалықты сақтауға билікпен бірге ауылдықтар да белсене қатысады. Бірлескен жұмыс былтыр нәтижесін де берген. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында облыс көлемінде ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауында үздік деп танылған үш елді мекеннің бірі – Мәшһүр Жүсіп ауылы. Байқауда жеңімпаз үш ауылдың әрқайсысына 500 мың теңгеден және қызметтік автокөлік табысталған еді. Айтпақшы, Мәшһүр Жүсіп ауылында 2024 жылдан бері алкоголь өнімдері сатылмайды.
Ауылда оң өзгеріс көп. 2021 жылы ауызсу кірген, интернет қосылып, көшелері асфальтталуда. Жарықшамдар орнатылып, бүгінде түнгі ауылдың көрінісі де керім. 2022 жылы мұндағы мешіт демеушілер есебінен жөнделіп, әрленген. Жаңажол ауылдық округіне қарасты тағы екі елді мекен бар. Олар – Қарашоқы, Бүркітті. Қарашоқы көшелеріне тас жол төселіп, жарықтандырылыпты. Ауыл халқы көбінде мал шаруашылығымен айналысады. Округте 39 шаруашылық, 7 жеке кәсіпкерлік, бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Мәшһүр Жүсіп ауылы Баянауыл ауданы орталығы мен Екібастұз қаласынан шамалас шақырымда орналасқан. Ауыл әкімінің айтуынша, екі жаққа да жол қатынасы әлдеқайда жақсарған. Сондықтан, ауылдық азаматтар құрт-майын айырып, ақ тағам түрлерін аудан орталығы мен кеншілер қаласына апарып сатып, табыс табады.
– Ауылымызда алда үлкен спорт кешенін салу жоспарда бар. Жастарымыз спортқа жақын. Волейбол, футболдан аудандық спартакиадада үнемі жүлдегер қатарында. Бірнеше жылдан бері волейболдан ерлер командасы – аудан чемпионы. Әйелдер командасы үшінші орын иеленді. Футбол ауылымызда жақсы дамып келеді. «Баянауыл агро» серіктестігінің демеушілігімен футбол командасына спорттық киімдері тігілді. Олар Екібастұз лигасына қатысып, жақсы ойын көрсетуде, – дейді спортқа да жақын әкім.
Олай дейтініміз, Сәбит Мұратұлы алғаш еңбек жолын Майқайың кентінде №1 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастайды. 2010-2014 жылдар аралығында мұнда спорт нұсқаушысы, тәрбие ісінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Кентте шайбалы хоккей, футболды дамытады. Ал үстел теннисінен қыздар командасы облыс жүлдегері атанады. 2014 жылы ол туған өлкесі Мәшһүр Жүсіп ауылына оралып, мектеп директоры лауазымына тағайындалады.
2021 жылы мемлекеттік қызметке ойысады. Яғни, аудандық мәслихат депутаттары Жаңажол ауылдық округінің әкімі қызметіне лайық деп таниды. Төрт жыл ауылдастарының сенімін ақтауға күш салады. Ол еңбегі еш кетпеді. 2025 жылы әкім сайлауында ауылды басқаруды Сәбит Кенжалинге қайтадан тапсырады.
Әкім ауылдықтармен әрдайым байланыста. WhatsApp мессен-джерінде арнайы чат бар. Мұнда тұрғындар ұсыныс-тілегін, өтінішін білдіріп отырады. Одан бөлек, ауылдың бас көтерер, өлкесіне жанашыр жасы мен үлкені жиналған «Туған өлкем — Жаңажол» атты жеке чат бар көрінеді.
– Бұл чатта 105 адам тіркелген. Ауылымыздың ер азаматтары. Кез келген мәселені осында ақылдасып, бір тоқтамға келе қоямыз. Асарлату, қол көмек керек болса да, осы чаттың азаматтары ой қосып, ортақ шешім шығарамыз. Қаладан қандай да бір зат жеткізу керек болса да, осында жаза қоямыз. Үлкендеріміз де, жастарымыз да ұсыныстарға құлақ асып, ұсынысты іліп әкетеді. Жуырда ауыл маңында ашық қалған зираттарды реттеп шықтық. Жалғызбасты ананың дауыл кезінде үйінің шатыры ұшып кеткен еді. Мұны да ауыл азаматтары бірлесіп, реттеп бере қойды. Ұйымдастырып, басы-қасында жүремін. Мұның бәрі ауызбіршіліктің арқасы, – дейді Сәбит Мұратұлы.
Ауыл әкімі туған жеріне алыста жүрсе де, бір пайдасын тигізуге талпынатын түлектердің барын да айрықша атады. Мәселен, биыл мектептен 20 жыл бұрын түлеген азаматтар ауылға шағын саябақ салып, ағаш еккен.
Жаңажол округінде тағы бір игі дәстүр қалыптасыпты. Әкім бас болып, ауыл азаматтары 80 жасқа толған қарияға ерекше ілтипат көрсетуді қолға алған. Ауданнан Алғыс хат алдырып, 80 жасқа толған қартқа шапан жауып, гүл шоғын табыстап, құттықтайды. Бұл ретте, ауыл әкімі мерейтой иесінің қандай қызмет атқарғанына қарамайтындарын айтады. Биыл екі қарияны осылай үйіне барып, емен-жарқын әңгіме құрып, құрметтеген. Тамыз айында сауыншы болған әжені құттықтаймыз деп қамданып отыр. Бұл бастама үлкенге деген құрметті жастарға дәріптеудің бір тәсілі болса керек.
Мәшһүр Жүсіп ауылының тасы өрге басқанын мына бір жаңалықтан да байқауға болады. Былтыр бір азамат жаңадан үй салыпты. Биыл тағы үш отбасы осында жеке қаражатына үй салып жатыр. Кейінгі жылдары шалғай елді мекендерде жаңа үй салу сирек кездесетін құбылыс екенін ескерсек, бұл аталмыш ауылдың алға басқанының айқын көрінісі екені сөзсіз. Әрине, ауылдағы негізгі қозғаушы күш – әкім. Сәбит Кенжалин тұрғындармен тіл табысу үшін психолог болу керек деп санайды.
– Әрбір істі даурықпай, сабырмен түсіндіре білу керек. Сеніп тапсырылған аумаққа жанашырлықпен қарау қажет. Бұрыс жерді дұрыс бағытқа бұрып, кез келген істі кеңесе, келісе шешсе, нәтиже де соғұрлым көңілге қонымды, – деп түйді ойын үлгілі ауыл әкімі.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
