Елена 1984 жылы ауылда өмірге келген. Асыр салып, құрбы-құрдаспен ойнап жүрген бала еді. 1993 жыл сондай ойынның соңы ауыр болатынын ешкім білмесе керек. Балалықпен бір-біріне топырақ лақтырып жатқанда Еленаның көзіне шыны тиіп, бір көзінің жартысы ағып кетеді.
– Ем-шарасын алып, көзім орнында қалды. Негізінен, дәрігерлер жартылай аққан көзді толық алып тастауы керек екен. Сөйтіп, ол оқиғаның 9 жылдан соң салдары болды ма, 17 жасымда әйтеуір, екінші көзім толық көрмей қалды. Екі жыл су қараңғы болдым. Қаржы жинап, Новосібір қаласында бір көзімнің көру қабілетін 4 жолаққа көтеріп берді. Екінші топ мүгедектігімен ел қатарлы өмір сүріп жүрген едім, 2021 жылы көруім қайта төмендеп кетті. Жарықты, адамның сұлбасын ғана көретін болдым. Ал жазу, оқу мүлдем мүмкін болмай қалды, – дейді Елена Анатольевна.
Елена бала кезінен зерек болады. 1-сыныпқа барғанда көбейту кестесін жатқан білетін. Әкесі сол кезде қазақша, орысша жүзге дейін және кері санауды үйретіп, ылғи қайталатып отырады. Математикадан үздік болады. Бір көзінен ғана айырылған ару алғашында екінші көзі көріп тұрғанда қатарластарынан қалыспай, оқуын жалғастырады. Бұрын соңғы партада отырып оқитын қыз енді алғашқы партаға ойысады. Кейін кейбір ақпаратты тақтаға жақындап көріп алуға рұқсат алады. Кейін, тіпті, қиындап кеткен соң 10-11-сыныпты үйден оқуға көшеді. Өкінішке қарай, мазақ еткен балалар да табылады. Бірақ, оны Елена елеген емес. Мұндай жағдайға Елена мұңайып, өмірден баз кешкен емес. Оған өзінің жастайынан бойындағы қайсар мінезі оң әсерін тигізгенін айтады. Сынақты қабылдай алды. Белгілі бір шектеулер болатынын білді. Алайда, өмірдің жалғасып жатқанын түсінді. Тек ілгері басуды мақсат етті.
Дүниеге қызы келгенде өмірге құштарлығы арта түседі. Бір көзі шала көретіндіктен баласын құндақтап, өсіруде аса қиналмайды. Тек тырнағын алып, құлағын тазалауда өзгенің көмегіне жүгінеді. Өзге тірлікті өзі-ақ атқарып алады.
Көру қабілеті нашарлаған соң зағиптар қоғамына тіркеліп, жұмысқа кіріседі. Қазіргі таңда «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Ертіс» оқу-өндірістік кәсіпорнында еңбек етеді.
– Көруім көрім кезде кіндік шешемнің баласымен базарда аяқ киім саттым. Диона дүкенінде еден жуып, 8 жыл еңбек еттім. Басшылығы да, ұжым да түсіністікпен қарап, жұмыс істеуіме жәрдемдесті. Одан кейін 2017 жылы көруім нашарлай түскен соң зағиптар қоғамына ауыстым. Қоғамға қарасты кәсіпорында еден жуушы, вахтер болып жұмыс істедім. Бір ай бұрын тігіншілікті үйренуге кірістім. Шектеуіш құралдармен тігін өнерін де меңгерудемін, – дейді өмірге құштар кейіпкеріміз.
Досы көп. Достарының арасында көзі көретіндер де баршылық. Олармен әзілі жарасып, әр сәттен рахаттана алады. Елена өзгеге көмектескенді жақсы көреді. Зағиптар қоғамына келгенде Елена екінші топта болғандықтан, қасындағыларға қолғабыс жасауға жарайтын.
– Басында зағиптар қоғамындағы адамдармен араласа бастағанда мен ылғи басқаларға көмектесуге үйреніп қалған едім. Бірін дүкенге жетелеп апарып келсем, тағы бірі басқа бір шаруасын бітіріп алуға жәрдемдесе алатынмын. Кейін дастархан басында алдымдағы тағамның өзін көре алмай қалған жағдайға жеткенде өзіме біреудің көмегі қажет болып қалды. Сол сәт маған өте жайсыз сезілді. Бірақ, оған да үйренісіп кеттім. Қатты қапаланып, ұзақ уайымға салынған жоқпын, – дейді Е.Куликова.
Бүгінде жартылай жараланған бір көзінде әдемілік үшін жасанды протез тұр. Бес жыл бұрын екіншісі толық көрмей қалған. Содан бірінші топ мүгедектігі берілген. Бұрынғыдай жалғыз өзі далаға шығып, қалаған жеріне жете алмайды. Міндетті түрде өзгенің сүйемелдеуіне сүйенеді.
– Қазір үйдің іргесіндегі дүкенге ғана бара аламын. Сатушыға керек-жарағымды айтып, пакетке салғызып аламын. Жұмысқа инватаксимен барып-келемін. Кейбір жерге достарым келіп, апарып-әкеліп тастайды. Жетелеп жүретін маман да қарастырылған. Ол кісімен алдын ала жазып, уақытын белгілейміз. Жетелеп жүретін адам барда өмірде еш қиындық жоқ. Ал үй тірлігін өзім тындырып аламын. Көзім көретін кезден бастап әрбір заттың қайта қалай тұратыны есімде сақтаулы. Тамақты да еш қиындықсыз пісіріп аламын. Арасында ұсақ-түйек қолайсыздықтар болады. Құлатып алу, ашық есікке соғылып қалу жағдайлары орын алып тұрады. Оған үйренісіп кеткенмін. Жұмыста да әрбір қуысты жақсы білемін. Таяқсыз емін-еркін баратын кабинетке жетіп аламын. Бастысы, есіктер ашып тұрмаса болғаны, – дейді өмірге құштар жан.
Өмірде анасы мен қызы, туған сіңлісі Еленаға әрдайым қолдау білдіріп, жарқырап жүруіне жәрдемдесетін көрінеді. Бүгінде 20 жасқа келген қызын өмірінің мәніне балайды. Өмірдегі ең басты жетістігі ретінде де баласын айтады. Достарының көптігі де өмірдің сынақтарынан мойымай өтуіне көмектесіп келеді. Бір жылы басына шкаф құлап, біраз уақыт зардабын көрген. Оны да жеңе алды.
– Өмірде шақырған жерден қалмаймын. Сылтау айтып, қалып қалу деген ешқашан болмайды. Достарыммен жиі қыдырып тұрамыз. Билеп, ән айтып, күнімізді көңілді өткізуге тырысамыз. Ән тыңдауды да жақсы көремін. Басымда баспа-
нам, балам, жұмысым мен денсаулығым бар. Одан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Достарым шетінен көңілді, мұңаюға жол бермейді. Кейде, тіпті, мен оларды жігерлендіретін кездер болады, – дейді кейіпкеріміз.
Ол өмірдің сынағын қабылдай алмай, күйзеліске түсіп кететін адамдарға кеңесін аямайды. Бірде 30 жастағы жігіт зағиптар қоғамына анасымен келіпті. Көз жанарынан айырылғанына көп уақыт болмаған екен. Есепке тұруға келген жігіт өмірден толық түңіліп, ешбір өзгеріске ұмтылмайтынын айтқан. Содан қоғам мамандары мұнда II топтағы бір қыз аспаз, тағы бірі техникалық персонал болып жұмыс істеп жүргенін үлгі етіп, әлгі жігітті жігерлендіруге әрекеттенген. Елена Анатольевнаның өзі ешқашан бәрінен бас тартып, салы суға кеткен емес. Керісінше, жұмыссыз қалуға алаңдайды екен. Бұрын қоғамдық жұмыс орны арқылы еңбектенген кезде көпшілік жаңа жылды күткенде ол «қаңтарда қайтадан жұмысқа алар ма екен?» деген сұрақпен жүреді.
Елена Куликова қалада қолайлы орта қалыптасқанын айтады. Дегенмен, кейде күтпеген жағдайға тап болған кездердің де болғанын жасырмады. Бір көзі шала көретін кезі. Қыста айнала аппақ қар. Алаңсыз кетіп бара жатып люкке түсіп кетеді. Сөйтсе, бетін қар жапқанда ашық люктің бар-жоғы онша көрінбеген. Қыстың қалың киімінің арқасында кептеліп тұрып қалады. Көмекке шақырып, айғайлай бастағанда сол тұста кетіп бара жатқан әйел жәрдемдесіпті. Тағы бірде мүмкіндігі шектеулі жандарға картоп, сәбіз таратып, гаражда жұмыс істепті. Қасындағы әріптесімен бірге қапты екінші бетке жылжытып, өте бергенде шұңқырдың бетіне жабылған бөрене іспеттес тақтай айналып кетіп, тағы да құлап қалады. Он күн ем қабылдап, қатарға қосылыпты. Қазір кейіпкеріміз сүйемелдеушімен және дөңгелекті таяқпен жүреді. Сондықтан алдағы қауіпті аймақтарды байқай қояды.
Еленаның өмірге құштар-лығына, еңбекқорлығына қазіргі ұжымы тәнті. Әрдайым еңбектенуге тырысатынын айтады.
– Еленаны бұрыннан танимыз. Бізде қоғамдық жұмыс бағдарламасы бойынша еңбек етті. Қазір арнайы жұмыс орны бойынша жұмысқа алдық. Тігін машинкасымен тігуді үйретіп жатырмыз. Көруі нашар, қант диабеті бар. Бірақ, оған налымайды. Жұмыс істеуге, үйре-нуге талпынысы жоғары. Бір ғана жәрдемақымен өмір сүргісі келмейді. Біреудің көмегіне мұқтаж болғысы келмейді. Табысты, ауқатты өмір сүруге ұмтылады. Қарап отырсаңыздар, өзіне күтім жасап, сәнді жүруге күш салады. Әдетте, мүмкіндігі бар адамдар өзін ұмытып, өздеріне көңіл бөлмей кетеді. Ал Елена, керісінше, көңілді жүріп, өмірдің бар жақсылығын алуға тырысады. Шектеулерге қарамастан алға қадам басып келеді. Қолынан келетін қызметтерді атқарудан еш қашпайды. Біз мұндай адамдарды тек қолдаймыз, – дейді «Ертіс» оқу-өндірістік кәсіпорны басшысының орынбасары Алма Құсайынова.
Елена Анатольевна армандауды бір сәт доғармапты. Көп жылдан бері Түркияға демалысқа баруды қалап жүр. Көзінде саңылауы бар кезінде осы елдегі пальманы көруді жиі елестетіп, армандайтын. Енді айналадағыны көре алмаса да,
әсем ағашты құшағына алып, теңіз суына бір шомылып келуді мақсат етіп жүр. Әрі осы арманына жететініне сенеді. Біз де сендік. Себебі, ол жігерлі. Тағдырдың соқпақтары еш жасытпаған. Керісінше, қайрай түскендей.
Жобаның авторы — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген —
Есенжол Исабек.
