2001 жылдың күз кезі Павлодар облысының діни-рухани өзегіне нәр берген үлкен оқиғамен есте қалды. Бұл облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ашылуы болатын. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіп, аталған мешіт мұсылман қауым үшін үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Ал аталған алып ғибадат үйінің салынуына ықпал етіп, осы жолда тынбай еңбек еткен азаматтардың бірі – көрнекті дін қайраткері Жұмабай қажы Ықыласұлы. Мешіттің биылғы мерейлі датасына орай имаммен арнайы сұхбат құрдық.
— Ассалаумағалейкум, Жұмабай қажы! Хал-ахуалыңыз жақсы болар? Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті салына бастаған тұста сіз осы аймақта өкіл имам қызметін атқарып жүрдіңіз. Ендеше әңгімені мешіт салу жөніндегі мәселенің алғаш қалай көтерілгенінен бастасақ…
— Уағаликүмассалам! Аллаға шүкір, аман-есен жүріп жатырмыз. Иә, мен ол кезде облыста ҚМДБ-ның өкіл имамы қызметінде едім. Облыс орталығында санаулы ғана мешіт болды. Ал халық дінге жақсы бет бұрып жатқандықтан, ол мешіттер тарлық ете бастады. Содан кейін облыс орталығына бір мешіт салуды жоспарлау керек болды. Ол кезде облыс әкімі қызметін Даниял Ахметов атқарып жүрді. Мешіт жөніндегі осы ұсынысымызды әкімге де жеткіздік. Әкім бірден құптап, содан бастап болашақ ғибадат үйінің сәулетін зерттеп, талқылай бастадық. Осы мақсатпен Түркістанға бардық, Мәскеудегі мешіттердің дизайнын қарадық. Көп ізденістің нәтижесінде осы жобаға тоқталдық қой.
— Иә, Мәшһүр Жүсіп мешітінің ішкі және сыртқы сәулеті, ерекше дизайны көрген жұртқа айрықша әсер еткені белгілі. Тіпті, ол кезде Қазақстанда мұндай стильде ғибадат үйі жоқ десек те болар еді. Жалпы, осы жоба қайдан пайда болды?
— Қарап отырсаңыздар, мешіттің сыртқы көрінісі, соның ішінде төменгі қабаты сегіз қырлы етіп құрылған. Бұл — Дешті-Қыпшақтардың сәулет үлгісі. Сол замандағы сарайлар сегіз қырлы болып салынғаны тарихтан белгілі. Мұндай үлгідегі ғимараттардың ішкі ауданы да кең болады екен. Сондықтан осы үлгіге тоқталдық. Ал мешіттің қазіргі тұрған орнын Даниял Кенжетайұлы өзі белгілеп берді. Дәл Рамазан айында белгі салып, қазығын қағып берген еді. Бірақ, осыдан кейін көп кешікпей облыс әкімі ауысып, басшылыққа Ғалымжан Жақиянов келді. Осы екі ортада бір жылдай үзіліс болды. Бірақ, біздің жұмысымыз тоқтаған жоқ. Облыстың бас сәулетшісі Марат Қабдуалиев, Оралбек Қожановпен бірге жоба жоспарын талқылап, көп жұмыс жүргізілді. Ал мешіттің құрылысы небары он тоғыз ай жүргізілді, яғни, мұндай үлкен ғимарат бола тұра көп бөгелген жоқ. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның әрқайсысының биіктігі 63 метр болды. Ол сан Пайғамбарымыздың жасына байланысты таңдалды. Ал күмбездің биіктігі – 54 метр. Оны Алла Елшісінің Миғражға көтерілген жасымен байланыстырдық. Мешіттің алғашқы іргетасының қалануына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп қатысып, бір мұнарасының астына өзінің ізгі тілегін жазып, уақыт капсуласын қойды. Төбеде ілулі тұрған үлкен аспашамды Өзбекстанда жасаттық. Бірақ, ақшаны сыртқа шығаруға болмайтын болды да, тапсырыс орындаушы фирмаларды осы жаққа тіркедік, олар да барлығын өз уақытымен орындап берді. Жалпы, ол кезде елімізде дәл мұндай үлкен көлемде мешіт салынған жоқ еді. Сонымен қатар, ғажайып сәулет үлгісі тұрғысынан елімізде алғашқы болатын. Сондықтан мешіт құрылысын бастамас бұрын сол кездегі бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының алдынан өтіп, ақ батасын алдық.
— Ғибадат үйінің тағы бір ерекшелігі – астыңғы қабаттарынан асхана мен медресеге орын берілуі…
— Дұрыс айтасың, ол кезде бізге мешіттермен бірге жапсарлатып асхана салу үлгісі әлі келе қойған жоқ еді. Ғибадат үйінің жобасын алғаш облыс әкімі Ғалымжан Бадылжанұлына көрсеткен кезде біраз тартыншақтағаны рас. Ол кісінің ойынша алдымен мешіт ғимаратын тұрғызып алып, одан кейін асхана және медресе ғимаратын қоссақ деген ұсыныс та болды. Бірақ, облыстың сәулетшісі Марат Зейнекенұлы барлығын бірге салғызып алыңыз, кейін дегені өтірік болып кетеді деген ұсынысын жеткізді. Мен де сол сәулетшінің идеясымен келісіп, оны әкімге жеткіздім. Мешіт ішінде асхана болады деген жобаны көп адамдар қабылдай алмай, қарсылық танытқаны рас. Дегенмен, біз өз идеямыз үшін соңына дейін күрестік, ол іске асты. Мешіт ашылғаннан кейін сол кездегі бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі барлық облыс имамдарын жинап, осы үлгімен мешіттер салуға тапсырма берді. Содан кейін-ақ, елімізде барлығын біріктірген кешенді ғибадат үйлері көбейді.
— Демеуші тарту, қаражат табу мәселесі қалай жүргізілді?
— Құрылыстың қаражатын реттейтін «Қамқоршылық кеңес» құрылып, оның төрағасына қоғам қайраткері Оралбек Қожанов сайланды. Мен ол кісінің орынбасары болдым. Сонымен қатар, есепшісі болды. Кіріс-шығыстың бәріне осы үш адам қол қойып отырдық. Сондықтан сыртқа бір тиын да шыққан жоқ. Бәрі өз орнымен жұмсалып отырды. Мешіт құрылысы алғаш басталған кезде сыртқы мұсылман мемлекеттерінен қаражат сұрасақ деген мәселе де көтерілді. Бірақ, оған бас мүфти келісім берген жоқ. Ол жақтан мардымсыз қаражат келуін келеді, бірақ, мешіт салдық деген атақты өздері алып кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше өздерің әрекет етіп, жергілікті демеушілердің қаражатына салғандарың дұрыс деді. Содан кейін қамқоршылық кеңестің шешімімен қайырымдылық кітабын ашып, құрылысқа деп қаржы әкелгендердің барлығын жазып отырдық. Оның сыртында жергілікті кәсіпорындар тарапынан қомақты қаражат келді. Ал мешіт ішіндегі жиһаздар мен асханадағы ағаш үстелдердің барлығын «Асыл ағаш» фабрикасы дайындады. Ал Ғалымжан Жақиянов қызметтен кеткеннен кейін қаражат мәселесіне байланысты құрылыс жұмысы біраз уақыт тоқтап қалды. Тіпті, біраз фирмаларға қарызға кіре бастадық. Одан кейін облысқа Даниял Ахметов қайта ауысып келді де, бүкіл қарызын жауып, құрылысты соңына дейін жеткізді.
— Мешітке Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін беру туралы ұсынысты кім білдірді?
— Бұл ұсынысты Ғалымжан Бадылжанұлы өзі айтты. Өзі де Мәшекең туралы зерттеп, біліп жүрген екен. Құрылыс жұмысы басталғаннан кейін бір күні менен «Мешітке тарихи тұлғалардың есімін қоюға бола ма?» деп сұрады. Мен болатынын айттым. Ендеше, бұл мешітке Мәшһүр Жүсіптің атын берейік деді.
— Мешіттің ашылуы сол кезеңдегі облыс жұртшылығының діни-рухани өміріне елеулі өзгеріс әкелгені анық. Әсіресе, халықтың Алла жолына бет бұрып, діни құндылықтардың қайта жандануына үлкен бір серпін берген болар…
— Әрине, бұл біздің халқымыздың Алланың ақ жолына келуіне, діни ағарту жұмыстарының одан ары жандана жүруіне үлкен әсер етті. Халқымыздың дінге бетбұрысы күшейе түсті. Мешіттің ашылуының өзі ерекше болды, оның өзі бір тарихи оқиға деуге болады. Шамамен он мыңға жуық адам жиналды деп ойладым. Алыс-жақыннан көптеген танымал тұлғалар келіп қатысты. Мешіттің айналасында Алланың есімі жазылған плакаттар ұстап тұрды. Ал мешіт ішіне бірінші болып Сауд Арабиясынан әкелінген Құранды кіргіздік.
— Көп рақмет, аман болыңыз!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
Сурет мешіт мұрағатынан алынды.
