Күзгі жұмыстар – күрмеусіз

Қыр 17, 2026

Күзде ауыл-аймақта маңыз беретін екі науқан бар. Бірі – жылыту маусымына әзірлік, екіншісі – жиын-терім жұмыстары. Аталған қос науқанның барысымен танысу мақсатында облыс әкімі Асайын Байханов Железин және Тереңкөл аудандарына барды. Мұндағы жылыту қазандықтарының дайындығын, алқаптағы астық жинау жұмыстарын пысықтап қайтты.

36 отбасына – баспана

Железин ауданының орталығында 36 отбасы баспаналы болды. Бұл пәтерлер үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестірілді. Жаңа пәтер кілттерін ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов салтанатты түрде табыстады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуді мемлекеттің басты міндеті деп үнемі айқындайды. Бүгін железиндіктер үшін ерекше күн. Өйткені он жылдан астам баспанасын күткендер баспана кілтін алады. Осы ретте, жылдар бойы шыдамдылық танытқандарыңызға алғыс айтамын. Біз жыл сайын 1500 шамасында пәтер табыстаймыз. Былтыр 2 мыңға жуық баспана берілді. Дегенмен, тұрғын үй кезегінде тұрғандар көп. Облыс көлемінде әлеуметтік баспана кезегінде 50 мыңнан астам адам тұр. Тұрғын үй құрылысы көлеміне қарамастан, өкінішке қарай, тұтас сұранысты толық бір мезетте қанағаттандыру мүмкін емес. Құрылыс көлемін жыл сайын қалада ғана емес, аудан орталықтарында, ауылдарда да ұлғайта береміз. Сондықтан биыл, келесі жылы тұрғын үй құрылысы көлемі екі есе өсті. Жылдар өте бір күні әлеуметтік пәтерге мұқтаж жандар болмайтын кезге де жетеміз деген үміттеміз, — деді Асайын Байханов.

Баспаналы болған тұрғындардың бірі – көпбалалы ана Махаббат Бәшенова. Жаңажұлдыз ауылында тұратын ол жаңа пәтер алғанына қуанышты. 9 жыл үй кезегінде тұрған. Енді аудан орталығына қоныс аудармақ. Балаларының тұңғышы –
16 жаста, кенжесінің туғанына 1 ай да толмапты. Ал Веселая роща ауылының тұрғыны Лариса Горен ұлы Артемнің баспаналы болғанына қуанышты. Ұлының бала кезінен көзі көрмейді. Мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде төрт жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған екен. Енді анасы аудан орталығына ұлы үшін қоныс аударып, ауруханаға біртабан жақын тұратынына риза.

Железин аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Рамазановтың мәлімдеуінше, ауданда 354 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Айта кетейік, ауданда соңғы рет 2024 жылы осындай тұрғын үй кезектегі азаматтарға табысталды.

Жылудан жапа шекпейді

Железин ауылының орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғындар биылғы қысты алаңсыз өткізеді деген үміт бар. Себебі, мұнда №2 қазандық жаңғыртудан өтті. Мұнда қуаттылығы 3-тен6 мегаватқа дейін арттырылды. Жаңартылған қазандық жұмысымен аймақ басшысы танысты.

Аудандағы қазандықтарға қызмет көрсететін «Көмек» КММ директоры Әділ Сәдбековтің айтуынша, аталған қазандық 1970 жылы салынған. Биыл жүргізілген жұмыстар нәтиже беріп, жылумен қамтуға қатысты негізгі мәселелер тұтас шешіледі деп күтілуде.

Қазандықтан бөлек, мұнда 2,8 шақырым жылу желісі ауыстырылған, олардың диаметрі ұлғайтылған. Жаңа түтін мұржалары мен түтін сорғылары орнатылыпты.  Қазандықтарды орнатқан «ЭМИ» ЖШС басшысы Анатолий Резмерица заманауи электронды жабдықтар тұтынушыларды 85 градусқа дейінгі жылумен тұрақты қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, қазандықтарды орнату кезінде өңірдің климаттық ерекшеліктері ескерілгенін мәлімдеді. Гидравликалық сынақтар жасап, қазандықтарды ағымдағы аптада іске қосу жоспарланған. Аймақ басшысы Асайын Байханов қазандық маңын абаттандыруды, айналасын ретке келтіруді тапсырды.

Төзімді дақылға ден қойған

Облыс әкімі егіс алқаптарын аралап, биылғы ахуалды көріп қайтты. Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтің мәлімдеуінше, биыл 227,9 мың гектарға егін егілген. Оның ішінде 113 мың гектарға дәнді дақылдар, 99,7 мың гектарға майлы дақылдар, 19 мың гектарға мал азығы, 1,4 мың гектарға көкөніс өсірілген. Бүгінде бидай дақылын ору қызған. Оның 70 пайызы орылыпты. Аудан бойынша орташа өнімділік гектарынан 10 центнерден айналуда. Құрғақшылыққа қарамастан гектарынан 16 центнерден алып жатқан шаруашылықтар да бар көрінеді. Аудан басшысы маусым соңына қарай орташа көрсеткіш тағы көтеріледі деген болжам айтты.

Жиын-терім жұмыстарына 188 техника тартылған. 23 қырман, 18 кептіру қондырғысы жұмыс істеуде. Биыл железиндік шаруалар 15 комбайн, 25 трактор, 8 кептіру қондырғысын, 6 егу кешенін сатып алған. Мал азығы 90 пайызға жиналған. Қырдың шөбі тасылып, шаруалар тоғайдан шөп шабуға кіріскен. Ауданда суармалы алқап келесі жылы 11 200 гектарға жетеді. Биыл 400 гектар, келесі жылы 800 гектар айналымға қосылады. Оның басым бөлігі жем-азық дақылдарын өсіруге қолданылады.

– Алқаптарды әртараптандыру облыс бойынша жақсы жүріп жатыр. Железин ауданында майлы дақылдар мен дәнді дақылдар үлесі 50 де 50-ге жетіп қалды. Күнбағыс сұранысқа ие болуда әрі құрғақшылыққа төзімділігін көрсетіп отыр, – деді А.Байханов.

Мұны железиндік «Үсембаев» шаруа қожалығының басшысы Бижан Үсембаев та ұғынып, майлы дақылдар алқабын арттырған.

– Алпыс күн жаңбыр болмаса да, гектарынан орташа есеппен 10 центнерден өнім алудамыз. 1600 гектарға күнбағыс ектік. «Бәйтерек» атты отандық тұқым таңдалды. Бұл құрғақшылыққа төзімді. Тыңайтқыш та қолданамыз. Мемлекеттен қолдау жеткілікті. Биыл екі жаңа комбайнды «Қазагроқаржы» арқылы алдық, – дейді шаруа.

Осы ретте, облыс әкімі ауа райының соңғы жылдары күрт өзгеруіне байланысты ауыл шаруашылығын дамытуда ғылыми негізге сүйенудің маңыздылығын айрықша атады. Алдағы уақытта осы мәселеге баса мән берілмек.

Тереңкөл ауданында да құрғақшылыққа төзімді майлы дақылдарды егуге ден қойыпты. Аудан әкімі Азамат Манғұтовтың ақпаратына сүйенсек, биыл 318 мың гектарға егін егілсе, соның 151 мың гектарын дәл осы майлы дақылдар алып жатыр. Майлы дақылдар үлесі жыл сайын шамамен 5-6 пайызға артып келеді. Шаруалар тыңайтқышты қолданудың тиімділігін түсінген. Биыл 29 мың тонна тыңайтқыш қолданса, келесі жылы көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Ауданда дәнді дақылдар ағымдағы аптада толығымен орылады. Майлы дақылдар гектарынан 12-13 цент-
нерден алынуда. Мал азығы 90 пайызға дайын. Тереңкөлдің 57 шаруа қожалығы «Кең дала-2» бағдарламасы аясында барлығы 4,2 млрд теңге несие алған. Лизингке жалпы сомасы 5 млрд теңгеге 62 техника сатып алыпты. Егін ору жұмыстарына 299 комбайн, 200 жүк көлігі тар-тылған.

Аталмыш ауданда да шаруалар күнбағыс дақылын көптеп егуді жөн көреді. Аймақ басшысы Асайын Байханов күнбағыстан бөлек, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдар алқабын ұлғайтуды тапсырды. Зығыр дақылын өсіруге көшкендер де бар. Ауданда зығыр алқабы 10 мың гектарға жақындап қалған. Суармалы алқап көлемін арттырып отырған шаруалар да аз емес. Мәселен, «Шаров» ШҚ биыл 300 гектарға жемазықтық жүгері, 200 гектарға картоп еккен. Бұл жобаға су жеткізу үшін Ертіс өзенінен құбыр тартылған. Қаржыны шаруа мемлекеттен 2,5 пайызбен алған. Шаруашылық өнімін сақтау үшін қойма салған.

Ал «Өркен ПВ» ЖШС басшысы Азамат Алтынбеков, негізінен, картоп өсірумен айналысады. Суармалы алқапты аракідік демалтып, құнарын қалпына келтіруге, ауыспалы егіске мән береді. Мәселен, биыл картоптың орнына бидай егіп, суарып шыққан. Нәтижесінде, гектарынан 40-50 центнерден өнім алуда. Тағы бір егістігіне қыша егіп, жерді емдеу әрекетіне көшкен.

Аймақ басшысы аялдаған тағы бір шаруашылық – «Джанаргалиев» шаруа қожалығы. Мұнда 600 бас қазақтың ақбас сиыры және 130 бас жылқы өсіріледі. Асыл тұқымды бұқа да ұстайды. Ірі қара малды көбейтіп, аудандық, облыстық жәрмеңкелерде етін сатады. Шаруашылық басшысы Луиза Джанаргалиеваның айтуынша, әкесі — ауданға ақбас сиырды алғаш әкелген азамат. Ол көрікті жылқы малын өсіруді де әдетке айналдырған. Осы мақсатта Татарстаннан асыл тұқымды құлындар, Алтайдан ауыр жүк тартатын жылқы тұқымын алып, көбейтуде.

Алғашқы заманауи қазандық

Тереңкөл ауданының орталығында 9 жылыту қазандығы жұмыс істейді. Солардың бірі апаттық күйде болғандықтан, орнына жаңасы салынды. Бұл аудандағы алғашқы жаңа блок-модульдік қазандық болмақ. Аудан әкімі Азамат Манғұтовтың мәлімдеуінше, ескі қазандық 7,5-8 мың шаршы метр аумақты жылумен қамтуға қауқарлы болса, жаңасының қуаттылығы
15 мың шаршы метрге жетті. Демек, жаңа нысандар мен үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі пайда болды. Бұл ретте, аймақ басшысы Асайын Байханов асығыстық танытпай, биылғы қыста жаппай жылуға қосуға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, техникалық шарттар беруде кімдерге басымдық беру керектігін де атап өтті.

– Қуаттылығын қыста байқап көру керек. Сондай-ақ, техникалық шарттарды беру кезінде бірінші кезекте әлеуметтік осал топтардан бастау қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар, жалғыз тұратын зейнеткерлерді алдымен қосып, содан кейін келесі тұтынушыларға көшу керек. Жаппай бәріне беруге болмайды. Қазір 7,5 мың шаршы метрді жылытып отырса, енді екі есе артады. Дегенмен, бастапқыда 1-2 мың гектармен шектеліңіздер. Содан кейін қарау керек, – деді А.Байханов.

Қазіргі таңда бұл қазандық аудандық әкімдік ғимаратын, 25 жеке үйді жылумен қамтып отыр. Жалпы, ауданда 9 қазандық жұмыс істейді. Олар 16 жекеменшік нысанды, 16 бюджеттік мекемені және 427 жеке үйді жылумен қамтамасыз етеді. Аудан орталығында 2 мыңнан астам үй болса, солардың барлығы дерлік жылу жүйесіне қосылуды қалайды.

Айта кету керек, жаңа қазандық құрылысына облыс қазынасынан қаржы бөлінген. Алдағы жылдары тағы қаржыландыру қарастырылса, өзге де қазандықтар жаңартылмақ. Нәтижесінде қуаттылық артып, тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыру мүмкін болмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Железин, Тереңкөл аудандары.