Жұмыс істейтін жасөспірімдерді міндетті сақтандыру қажет пе?

Мау 18, 2026

Жаз шыға оқудан босаған жеткіншектер ата-анасына қолғабыс жасап, нәпақа табуға ұмтылады. Біразы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар арқылы еңбекке араласады. Былтыр елімізде әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Оған 100 мыңнан астам ата-ана мен оқушы қатысып, жасөспірімдердің 16,2 пайызында еңбек тәжірибесі бары белгілі болған. Елімізде жұмыс істеген жасөспірімдердің 70 пайызының еңбек шарты жоқ. Ал 50 пайызы кешкі және түнгі уақытта жұмыс істейтін көрінеді. Сауалнамаға қатысушылардың 10-ы жалақының кешігу немесе мүлдем төлемеу жағдайларына тап болған. Сондықтан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасөспірімдердің еңбек қауіпсіздігі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту мақсатында жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды енгізуді көздеп отыр. Ол қандай өзгеріс әкеледі? Осы тақырыпты «Алаңда» талқылап көрмекпіз.

 

Динара АЙТЖАНОВА, облыстық мәслихат депутаты, облыстың кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

– Министрліктің бұл бастамасын толық қолдаймын. Кәмелет жасына толмағандар, әсіресе, жазда жұмыс істейді. Сондықтан, жұмыс берушілерге жасөспірімдерді де сақтандыруға қосуды міндеттесе, өте дұрыс болар еді. Олар кез келген жаста жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан, жұмыс денсаулығына, қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Көбі даяшы, жеткізуші болып жұмыс істейді. Олармен еңбек шартын жасамайды. Ал оның салдары көп. Бұл мәселені көтеріп, колледж студенттеріне дәріс өткізіп, міндетті түрде еңбек шартын талап етуге кеңес бердік. Құжатта жұмыс талабы, еңбек ететін орны, уақыты, еңбекақы көлемі көрсетілуі тиіс. Көп жағдайда балалардың жастығын пайдаланып, кәсіпкерлер айлығын төлемей, алдайтын жағдайлар да жоқ емес. Сақтандыру осы мәселелерді реттеуге де септігін тигізеді. Қандай да бір оқыс жағдай болса, сақтандыру компаниясы шығынның бір бөлігін төлейді. Демек, жұмыс берушілерге де тиімді. Соңғы үш жылдан бері кез келген жұмыс берушіге қызметкерлерін сақтандыру міндетті болып келеді. Менің қарамағымда кәсіподақта 4 адам жұмыс істейді. Олардың да жұмыс орнындағы өмірін сақтандырамыз. Кейбір жұмыстарда алған жарақаттан кәсіби сырқат дендеуі мүмкін. Ондай кезде де сақтандыру компаниясы азаматтың жазылғанына, мүгедектік алғанға немесе жасы толып зейнетке шыққанға дейін төлем жасайды. Құзырлы органның бүгінде жұмысшылардың мүддесін ойлап, міндетті тетіктері ойластыруы өте орынды. Тағы бір ескеретіні, жұмыс беруші тұтас қызметкерлер штатын сақтандырады. Яғни, 1-20 адамға, 20-дан 50 адамға дейін және одан жоғары деп бөлінеді. Соған сай құны белгіленеді. Сондықтан, жұмыс істейтін жасөспірімдерді сақтандыруды міндетті ету кәсіпке салмақ түсірмейді.

Асқар БАХРАЛИНОВ, заңгер:

– Кәмелет жасына толмаған жұмыскердің өмірін сақтандыру уақытылы қолға алынып жатыр деген ойдамын. Ең алдымен, жасөспірім жұмыс барысында жарақат алса, жазатайым жағдай кезінде заң жүзінде қорғалады. Бұл дегеніңіз еміне, басқа да қажетіне өтемақыны төлегісі келмейтін жосықсыз жұмыс берушінің заңсыз әрекетіне тосқауыл болар еді. Еңбек нарығында жұмыс берушілерді тәртіпке салатын бір заңды тетік болады. Олар жұмысқа алған жасөспіріммен ресми түрде шартқа отыруға бейімделеді. Яғни, еңбек нарығындағы жөнсіздіктер реттеледі. Ата-аналар үшін де оң өзгеріс деп білемін. Өйткені, оқыс оқиға орын алса, баласының құқығын қорғап, тиісті төлемдерді талап етіп, сот жағалаудың қажеті болмайды. Әдетте, құжатсыз жағдайларда жұмыс берушінің кінәсін дәлелдеу оңайға соқпайды. Жұмыс беруші үшін де кері әсері жоқ деп санаймын. Себебі, оған міндетті сақтандыру, ресми түрде жұмысқа алу қаншама шығынның алдын алады. Мәселен, құжатсыз жұмысқа алып, жасөспірім қандайда бір оқиғаға тап болса, сот арқылы жапа шеккен жеткіншекке төленетін шығындардан бөлек, заңсыз еңбекке тарту тұрғысынан көлемді айыппұл арқалайды.

Меруерт ҚҰЗАЙЫР, ата-ана:

– Балалардың ерте еңбекке араласып, табыс табуға талпынысын ата-ана ретінде қалаймыз. Әрине, баламызға кез келген жұмысқа баруына келісім бере бермейміз. Оның жағдайына, ептілігіне қарай жұмыс істеуге рұқсат етеміз. Ұлдарым 14 жастан асқан соң жұмыс істеп көрді. Саналы түрде баласына жұмыс істеуге келісімін берген ата-ана оның түнгі уақытта немесе қауіпті жерлерде еңбек етпеуін қадағалайды деп ойлаймын.

Жалпы, жасөспірімдердің жұмыс табуы оңай емес. Барлығына бос орын табылмайды. Жұмыс берушілер де жауапкершіліктен қашып, жасөспірімдерді жұмысқа сирек алады. Оның өзінде ресми рәсімдегілері келмейді. Ал «Жасыл ел» сияқты еңбек жасақтарында орын саны шектеулі, бәріне бірдей жетпейді. Сөйтіп, кейбір балалар жаз басталғанда еңбектенуге құлшынып, бірнеше апта жұмыс іздеп табанынан таусылып, ақыры таппай, талпынысы басыла қалады. Ал енді міндетті сақтандыру енгізілсе, жұмыс берушілер, жасөспірімдерден тіпті тонын ала қашатынын анық. Сондықтан, бәлкім, жасөспірімдерді жұмысқа алатын кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырып, ынталандыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет деп есептеймін.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.