Есенбек САНАТҰЛЫ: Дәстүрлі журналистика өз биігіне оралады

Мау 25, 2026

Жылына бір айналып келетін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Ертіс-Баян журналистика мектебінен өсіп-өнген кәсіби журналистердің еңбегін көрсетуді жолға қойған едік. Осы жолы халықтың мұң-мұқтажын көгілдір экран арқылы жоғарыға жеткізіп, билік пен бұқараның арасын жалғап жүрген белгілі журналист, республикалық «Atameken Business» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі Есенбек Санатұлымен шағын сұхбат құрдық.

— Есенбек аға, журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолыңызды радиодан баста-ғаныңызді білеміз. Жалпы, өмір жолыңызда осы мамандықты таңдауға не түрткі болды?

— Әрбір адамның балалық шағына қанат бітіретін арманы мен қиялы болады. Мен мектепте оқып жүрген кезде әдебиетке жақын болдым. Бозбала шағымда  өлең, шығарма жазып, көзге түсе бастадым. Сол арқылы түрлі жарыстарға, байқауларға қатыстым. Тіпті, мектеп оқушысы кезімізде кейбір балалар өтініп өлең жаздырып та алатын. Менің шығармашылық жолым осылай басталды деуге болады. Бозбала шағымда Атажұртқа келіп, осы жақта білім алдым. Менімен қатар оқыған Ардабек Солдатбай, Айбек Қобдабай бастаған жігіттер де осы журналистика саласына барып жатты. Айбек облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне жұмысқа кірсе, Ардабек арамызда бірінші болып телеарнада қызмет жолын бастап кетті. Ал мен Павлодар облыстық радиосына бардым. Сол кездегі басшысы Ғалия Балтабай апамыз менің журналистика саласына деген қызығушылығымды бірден байқап, жұмысқа қабылдаған еді.

— Сіз бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде еңбек етіп көрдіңіз. Алғаш еңбек жолыңызды радиодан бастасаңыз, одан кейін газетте және интернет порталдарында жұмыс істедіңіз. Ал қазіргі күні елдің мұң-мұқтажын көгілдір жәшік арқылы жеткізіп келесіз.  Ендеше осы салалардың бір-бірінен айырмашылығы, қызығы мен қиындығы туралы айтсаңыз…

— Иә, мен алғаш еңбек жолымды Павлодар облыстық радиосынан бастап, өз тәжірибемді қалыптастырдым. Одан кейін республикалық «Алаш айнасы» газеті алғаш құрылған кезде облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарған едім. Сонымен қатар, «Аймақ айнасы» интернет порталында жұмыс істедім. Әр БАҚ-тың өзіндік қиындығы, талабы мен талғамы бар. Мысалы, радиода тыңдарман назары тек дикторда болады. Сондықтан, берілетін жаңалықты түсінікті етіп, көркем тілмен жеткізу — маңызды құрал. Ал телеарнаның негізгі өнімі тек экран арқылы берілгендіктен көрермен ең алдымен видеоматериалға назар аударады. Сондықтан, мұнда тілшінің кейбір кемшіліктерін, сөздік қорының аздығын әдемі кадр жауып кетеді. Осылардың ішіндегі ең күрделісі – газет. Себебі, газет журналисі барынша терең әрі жан-жақты болуы керек. Газетте дыбыс та, бейнетаспа да жоқ. Ол жаңалықты тек сөзбен ғана береді. Телеарна жаңалықты бір-екі ауыз сөзбен ғана айтып, қалғанын видеоматериалдармен жеткізуіне болса, газет бүкіл репортажды жазу арқылы жеткізеді. Сондықтан, ол жерде көркем әрі ұғынықты жазу бірінші орынға қойылады, басты талап – осы. Мен ақпарат құралдарының барлық жанрында істеген журналист ретінде түйгенім, газетте үйреніп, тәжірибе жинап қалыптасқан тілші одан кейін басқа кез келген БАҚ-ты тосырқамай, тежелмей алып кете алады. Сондықтан, кейінгі буын жас тілшілерге кеңесім, газет жұмысының ауырлығынан, қиындығынан қорықпаңдар дер едім.

— Қазіргі таңда дәстүрлі журналистикамен қатар, заманауи журналистика, соның ішінде әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігі артып, блогерлік қар-қынды даму үстінде. Мұның болашағы қалай болар екен?

— Блогерлікті дәстүрлі журналистикамен теңестіре алмаймыз. Блогер дегеніміз – күнделік жүргізуші адам. Мәселен, бір аспаз адам күнделікті өзінің жасаған кондитерлік өнімінің, істеген тамағының жасалу жолдарын тұрақты көрсетіп, оқырманға кеңесімен бөлісіп отырса, оны блогер дейміз. Ал оның журналистикамен еш байланысы жоқ, блогер журналистің қызметі мен міндетін ешуақытта атқара алмайды. Біздің қоғам осының аражігін ажырата алмай, «журналист кім, блогер кім?» дегенді білмей қалған сияқты. Менің ойымша, болашақта дәстүрлі журналистиканың қоғамдағы сұранысы артып, бұрынғы беделіне қайта ие болады. Бұл күн алыс емес. Себебі, салмақты дүниенің сапасы қашан да жоғары. Блогерлік дегеніміз – жастардың қызығушылығымен келген уақытша дүние. Бүгін бар, ертең жоқ. Ал дәстүрлі журналистика өз орнында қалады. Кейбір дамыған мемлекеттер секілді газеттердің таралымы көбейіп, теле-радиоға деген сұраныс артатын күн жақын.

— Әр мамандық иесінде жол көрсеткен кәсіби және өмірлік ұстазы болады. Сізді осы журналистика саласына тәрбиелеген ұстаздарыңыз кімдер еді?

— Мен алғаш облыстық радиоға келгенде Сәлімбай Ермұратов есімді ағамыз болды. Кейін дүниеден өтті. Сол ағамыз тәжірибесіз жас маманды қамқорлығына алып, өзінің ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісті. Алғаш келген кезде ақпараттық жаңалықтың өзін дұрыс жаза алмайтын едік. Әкімдіктерге жиналысқа барып келгеннен кейін, көрген-білгенімді радио тілімен қалай жеткіземін деп отырамын. Сол кезде Сәлімбай ағамыз «Осылай жазасың» деп жазып көрсетіп беретін еді. Мен ол кісі жиналысқа қатыспаса да не болғанын қалай біліп отыр деп таңырқаймын. Сөйтсем, алдын ала келген ақпаратқа қарап-ақ, не болғанын шамалап біледі екен. Одан кейін марқұм Дәмет Қарашашева деген әріптес апамыздан да көп тәлім алып, радиохабарларын жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Сонымен қатар, қазіргі қазақ журналистикасының ардагері Ғалия Балтабайдың еңбек жолы маған үлкен сабақ болды. Міне, осы үш адамды мен ұстаз тұтамын және ол кісілер менің журналистикадағы жолымның қалыптасуына үлкен ықпал етті.

— Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.