Аймағымызда жаз мезгілінің алғашқы күнінде шомылу маусымы ашылды. Өкінішке қарай, су айдындарында суға түсіп, қайғылы аяқталған фактілер тіркелді. Қаза болғандардың ішінде кәмелетке толмаған бір бала бар. Аптап ыстыққа шыдай алмаған жұртшылық жаз соңына дейін жағажайларды толтыратыны сөзсіз. Әсіресе, асыр салып, аулаға сыймайтын балалар суға түсуге асық болады. Сондықтан мұндай оқыс жағдайларға жол бермеу маңызды. Шомылу маусымына жауапты мамандар қауіпсіздік шараларын ескертуден жалыққан емес. Рейд жұмыстары күшейтілуде. Су айдындарына демалуға барған тұрғындар нені ескеруі тиіс? Қайғылы жағдайлардың алдын қалай аламыз? Күн тәртібіндегі мәселе бойынша редакцияда «Тікелей желі» шарасы ұйымдастырылды. Өзекті тақырып төңірегінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Тілекжан Галямов баяндап, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.
Тілші:
— Тілекжан Назарұлы, облыста шомылу маусымы басталысымен тіркелген қайғылы жағдайлар бар. Өкініштісі, қаза болғандардың ішінде 2009 жылы туған жасөспірім барын білеміз. Оқыс жағдайлар қалай орын алған?
— Иә, шомылу маусымына рұқсат берілген уақыттан бастап аймағымызда 4 адам суға кетті. Оның ішінде 2009 жылғы бала Теміржол кенті мен саяжайдың ортасындағы суға түсуге рұқсат етілмеген орынға барған. Шомылуға рұқсат етілмеген арнайы белгілер болса да, әлгі бала суға түскен. Өкінішке қарай, жасөспірім суға батып кетеді. Құтқарушылар тереңдігі 5 метр су астынан оның денесін алып шығады. Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында тағы бір адам суға батты. Оқиға желісіне тоқталатын болсақ, ер азаматтар тағы да суға түсуге рұқсат етілмеген орында жиналып, ішімдік ішкен. Ер адам малту білмесе де, суға түскен. Достарының айтқан сөзін елемеген. Салдарынан суға батып, қайтыс болды. Тағы бір қайғылы жағдай Павлодар ауданындағы Черноярка ауылында тіркелді. Ер адам мас күйде суға түсіп, қаза тапты. Тағы бір жағдай жақында Павлодар ауданында тіркелді. 17 жас-тағы колледж студенті суға кетіп, қайтыс болды.
Тілші:
— Өткен жылы шомылу маусымында қанша адам судан ажал құшты?
— Былтыр аймақта 14 адам суға батты. Өкінішке қарай, оның ішінде 2 бала бар. Ал 2024 жылы 16 адамның ажалы судан болды. Қаза болғандардың екеуі – бала.
Тілші:
— Статистикалық деректерге сүйенсек, шомылу маусымында жыл сайын қайғылы жағдай тіркеледі. Оқыс оқиғаның орын алуына не себеп? Негізгі факторларға тоқталып өтсеңіз…
— Қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – адамдардың рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуы. Екіншіден, су жағасында ішімдік ішіп, мас күйде суға түсетіндер көп. Ата-аналардың салғырттығы да бар. Балалар үлкендердің бақылауынсыз су айдындарына барып, шомылады. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары рейд жұмыстарын күшейтуде. Біздің мамандармен бірге облыстық білім беру басқармасы және ювеналды полиция өкілдері де тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балалардың суға кету фактілері орын алғанда құтқарылған жасөспірімдерді құтқару станциясына апарып, ата-анасын шақыртамыз. Жақында 14 маусым күні кешкі сағат 18.00 шамасында орталық жағажайда кәмелетке толмаған бала суға батып кете жаздады. Су айдынында болған демалушылар әлгі баланы көріп, өз бастарын қатерге тігіп, жасөспірімді жағаға алып шығуға атсалысты. Оқиға орнында болған қоғамдық құтқарушылар балаға қайықпен жедел жетіп, өмірін сақтап қалды. Бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Әлгі оқиғадан кейін баланың бойын қорқыныш билеген. Аталған оқиға бойынша полицейлер жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғады. Баланы бақылаусыз қалдырған әке-шешелерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодек-
сінің 412-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Олар 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Су айдындарында шомылмаса да, үлкендердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің ата-анасы осы жазаны арқалайды. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Тілші:
— Облыста ресми түрде ашылған жағажайлардың саны қанша?
— Аймақта 45 жағажай бар. Оның 29-ы — коммуналдық, 16-сы — жекеменшік. Өкінішке қарай, аталған жағажайлардың 11-і түрлі себептермен жұмыс жасамай отыр. Оның 8-і — коммуналдық, 3-еуі — жекеменшік. Жағажайлардың ашылмауының түрлі себебі бар. Бұл ретте қаржылық қиындықтар, айналасына қамыс өскен, су деңгейі өскен су айдындары бар. Кейбір жекеменшік жағажайлардың иесі ауысқан.
Тілші:
— Аймақта суға түсуге рұқсат етілмеген қанша су айдыны бар?
— Ертіс өзені жағалауы бойында шомылуға тыйым салынған орындарда арнайы белгі орнатылған. Облыс бойынша 244 орында суға түсуге рұқсат жоқ. Осы орайда, Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтарынан су айдындарына демалуға барғанда тек рұқсат етілген орындарда шомылуды сұраймын. Арнайы белгілерге назар аударуды ескертемін. Әлгі белгілерде QR-код орнатылған. Ұялы телефонның камерасын QR-код-қа жақындату арқылы әлгі су айдынының тереңдігін, қаншалықты қауіпті екеніне қатысты толық ақпарат шығады. Аталған орында қанша адамның суға кеткенін де білуге болады. Осы ретте тағы бір қолға алынған шараны атап өткім келеді. Тыйым салынған орындарды 2GIS-ке де жолдадық. Бұл жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта демалуды алдын ала жоспарлаған тұрғындар осы қосымша арқылы суға түсуге рұқсат етілмеген орындарды анық көре алады. Бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Тілші:
— Су айдындары мен жағажайлардың дайындығы қалай тексеріледі? Су айдыны ресми түрде ашылуы үшін қандай талап қойылады?
— Жағажайларға арнайы талап орнатылған. Ең алдымен судың түбі зерттеліп, жағажай толық жабдықталуы тиіс. Бақылау бекеттері орнатылып, құтқарушылар саны жеткілікті болуы керек. Катер, қайық орналасатын арнайы орын болуы маңызды. Суға шомылу ережесі жазылған стендтер орнатылуы қажет. Онда жұмыс кестесі де жазылуы шарт. Коммуналдық және жекеменшік жағажайлардың бәріне талап ортақ.
Ақбота, Ертіс ауданы:
— Суға батып бара жатқан адам өзін құтқару үшін қандай да бір әрекет жасай ала ма?
— Суға батып бара жатқан адамның айқайлауға шамасы болмайды. Өйткені тынысы тарылып, ауыз, мұрын қуысынан су кіріп, тұншыға бастайды. Тек қолын көтеріп қана көмекке шақыра алады. Барынша үрей туғызбауға тырысу керек. Бірақ бұл жағдайға тап болмас үшін тек шомылуға рұқсат етілген орында суға түсуге кеңес беремін. Мұндай орындарда қауіпсіздік ережелері жазылып, арнайы бекеттерде қоғамдық құтқарушылар отырады. Су айдынында қауіпсіздік белгісі де қойылады. Сол белгіден аспаған адам суға кетпейді.
Сәния, Павлодар қаласы:
— Құтқарушылар балаларды жүзуге үйретуде сабақ өткізе ме?
— Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыстық білім беру басқармасымен арнайы меморандумға қол қойған. Әр жұма күні орталық жағажайда «Бақытты балалық шақ» бағдарламасы өткізіледі. Оның аясында мамандар қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, суға малту, шомылу қағидаларын көрсетеді. Бұдан бөлек, орталық жағажайда балаларға арналған бассейн бар. Аталған орында балаларға суда жүзу ережелері үйретіледі. Бастысы, балаларды су айдындарына жалғыз жібермеу керек. Бала малту білсе де, үлкендердің қарауынсыз шомылмауы тиіс.
Тілші:
— Жоғарыда облыс аумағында шомылуға рұқсат етілмеген 244 орын барын атап өттіңіз. Қараусыз қалған көлшіктердің дені ауылдарда орналасқан. Балалар сондай орындарда суға түсіп жатады. Жалпы, мұндай су айдындарын кім бақылауы керек?
— Аудан-қаладағы төтенше жағдайлар бөлімдері жергілікті әкімдік өкілдерімен рұқсат етілмеген су айдындарда рейд жұмыстарын жүргізеді. Егер мұндай факті орын алса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 412-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Тілші:
— Қазір орталық жағажайда теплоход, катерлер де сапарға шықты. Ондағы жолаушылардың қауіпсізді-гіне кім жауапты?
— Аталған су көліктеріндегі жолаушылардың қауіпсіздігіне көлік бақылау инспекциясы жауапты. Аталған мекеме өкілдерімен біз бірлесіп рейд жұмыстарын жүргіземіз. Құтқарушыларда арнайы қайықтар бар. Жақында рейд шарасы кезінде қайықты мас күйде жүргізген адам анықталды. Аталған іске қатысты полиция департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте ҚР Қылмыстық Кодексінің 358-бабына сәйкес, мас күйде қайық жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Қайықты мас күйде жүргізгендер 250 АЕК көлемінде айыппұл арқалап, 50 тәулікке қамауға алынып, қоғам-
дық жұмыстарға тартылады. Сот үкіміне байланысты кінәлі адам аталған жазаның біреуін арқалайды. Мұндай рейд жұмыстары сенбі-жексенбі күндері күшейтіледі. Қоғамдық құтқарушылар да су айдындарындағы құқықбұзушылықты бізге мәлімдеп отырады. Бұдан бөлек, жуырда қайықтың аударылуы бойынша екі факті тіркелді. Қайыққа мінудің өз талабы бар. Үш адам отыруға болатын қайыққа 6 адам мінген. Осындай қауіпсіздік ережесі сақталмағандықтан орталық жағажайда бір қайық суға аударылды. Тағы бір жағдай Павлодар ауданындағы Жаңаауыл ауылында тіркелді. Оқиға орнына құтқарушылар шығып, қайықпен суға батқан 3 адамды құтқару бекетіне жеткізді. Қайыққа мінген кезде адам санын шамадан тыс асырмау керек. 4 орындық болса тек 4 адам ғана отыруы тиіс. Бұдан бөлек, жолаушылар қауіпсіздік желеткесін киюі тиіс. Ертіс өзенінің ағымы өте жылдам. Сондықтан өмірге қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау маңызды.
Тағы бір айта кететін жайт, Павлодарда Усолка шағын ауданында Sap board деген шағын спорт құралы бар. Тұрғындар қайыққа ұқсас құрылғымен түнде демалуға құмар. Осы ретте кәсіпкерді жауапкершілікке тарттық. Түнде су айдындарында серуендеуге болмайды. Теміртау қаласында Sap board спорт құралына желеткесіз мініп, суға бату фактісі орын алды. Осы жағдайлардың алдын алуда тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде белгілі блогерлер түнгі уақытта суға түсуді жарнамалауда. Осыған сәйкес, түнгі уақытта суға түсу фактілері анықталуда. Бұдан былай, әлеуметтік желі арқылы түнде суға түскен жағдайлар жарияланатын болса, кінәлі тұлға анықталып, жауапқа тартылатын болады. Бұл бағытта жұмыс басталды. Түнгі рейд жұмыстары да күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын еске саламын.
Бахтияр, Май ауданы:
— Асқа тойып алған кезде суға түсуге болмайды дейді. Бұл несімен қауіпті?
— Дәрігерлер асқа тойып суға шомылуға рұқсат бермейді. Себебі ол жүрекке салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан ас ішкен соң, кемі 1 сағаттан кейін ғана суға түсу керек. Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, денсаулыққа мән берген абзал. Мазасы болмай тұрса, суға түспеген дұрыс.
Дәулет, Аққулы ауданы:
— Суға түскен кезде аяқ тартыла бастағанда қалай әрекет ету керек?
— Суда шомылған кезде адам көп күш жұмсайды. Шаршап қалған кезде аяқ-қолы тартылуы мүмкін. Дене температурасының өзгеруіне байланысты осындай жағдай орын алады. Бірінші кезекте судан шығуға тырысу керек. Рұқсат етілген жағажайда дәл осындай жағдай кезінде қоғамдық құтқарушылардың көмегіне жүгінуге болады.
Жуырда рейд барысында әйел адамның басынан күн өтіп, жағдайы нашарлаған. Жүрегі ауыратыны анықталды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, әйел мас күйде болған. Адамдардың ең жиі жіберетін қателігінің бірі – суға мас күйде түсуі. Сондықтан демалушылардан барынша қауіпсіздік ережесін сақтауды сұраймын.
Тілші:
— Орталық жағажайда үлкендердің қарауынсыз жалғыз не достарымен жүретін жасөспірімдердің су айдынына түсуіне рұқсат етілмей ме? Ата-анасыз жүрген балаларды кім бақылайды?
— Рұқсат етілген жағажайда қоғамдық құтқарушылар бар. Олар әр демалушының қауіпсіздігіне жауапты. Егер үлкендерсіз жүрген жасөспірімдерді көрсе, бірден төтенше жағдайлар департаментіне, полиция департаментіне хабар береді. Сәйкесінше, ата-аналар жауапқа тартылады.
Тілші:
— Су айдындарында қоғамдық құтқарушылар қалай таңдалады? Олар нені білуі тиіс?
— Қоғамдық құтқарушылар төтенше жағдайлар департаментінде арнайы оқудан өтіп, сертификат алады. Олардың қатарында дене шынықтыру мұғалімдері, студенттер де бар. Дайындық 3 күн өткізіледі. Қоғамдық құтқарушылардан бөлек, мемлекеттік құтқарушылар патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. Басты мақсат – шомылу маусымын қауіпсіз өткізу. Мамандар бірлесіп, барын салуда. Өкінішке қарай, еліміз бойынша биыл шомылу маусымында 19 адам суға кетті. Оқыс жағдайлардың алдын алу бойынша республика көлемінде рейд шаралары күшейтілді. Жұмыс жалғасуда.
Тілші:
— Балаларды жүзуге үйрету мақсатында 4 жыл бұрын облыстағы мектептерде бассейн салу ісі қолға алынған еді. Нәтиже қандай?
— Иә, бұл бағытта жұмыс тоқтаған емес. Қазіргі уақытта облыстағы 125 мектепте модульді-каркасты бассейн орнатылған. Жазғы лагерь кезінде балалар малтуға үйретілуде. Қазіргі уақытта аймағымызда 6 мыңнан астам оқушы арнайы сабақтан өтті. Жүзу ережесін толық меңгерді. Сондықтан нәтиже бар деп айта аламын.
Сара, Павлодар қаласы:
— Облыс орталығында фонтан көп. Ондағы балалардың қауіпсіздігіне кім жауапты?
— Фонтанда шомылуға тыйым салынған. Ондағы электр шамдары қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай орындардағы жұмыстарды бақылау департамент құзырына жатпайды. Фонтанды орнатқан мекеме өкілдері қауіпсіздік ережесін толық бақылауы тиіс.
Түйін:
Шомылу маусымының алғашқы айында республика және облыс бойынша орын алған оқыс жағдайлар жаға ұстатады. Мамандар түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, рейд жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Бастысы, суға рұқсат етілген орында шомылуға болатынын есте ұстау керек. Екіншіден, мас күйде су айдындарында демалмаған абзал. Балаларды қараусыз жағажайға жібермеу керек. Аталған қарапайым қағида оқыс жағдайдан қорғайды.
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
