Құрылысы аяқталуға жақын

Шіл 2, 2026

Мичурин ауылында жаңа салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері күткен маңызды нысандардың бірі. Себебі, жергілікті халық үшін мәдени нысандардың қажеттілігі зор. Бұл нысан болашақта ауыл тұрғындарының, соның ішінде жастардың әлеуетін арттырып, бос уақыттарын тиімді өткізетін үлкен алаңға айналады деп күтеді.

Мичурин ауылының әкімі Асхат Мейрамовтың айтуынша, аталған жобаға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат бөлініп, жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард
200 миллион теңгені құрайды.

– Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталды, осы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жаңа Мәдениет үйін салу мәселесін тұрғындар 2022 жылдан бері көтеріп келеді. Қазіргі ауылдық клуб бейімделген ғимаратта орналасқан және небәрі 75 орынға ғана арналған. Ал ауылда 2,6 мың адам тұрады. Мұнда ауылдың салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін дамыту бағытында жұмыстар атқарылады. Шығармашылық кештер, тақырыптық кездесулер, мерекелік шаралар ұйымдастырылады және түрлі үйірмелер ашылады, — деді ауыл әкімі.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізілуде. Мамандар негізгі құрылыс кезеңдерінен ішкі әрлеу жұмыстары мен аумақты абаттандыруға көшіп жатыр. Барлық жұмыстар аяқталған соң бұл нысан Павлодар ауданының ауылдық аймағындағы ең заманауи мәдени орталықтардың біріне айналады деп күтілуде.

Т.САХАБА.

ПАВЛОДАР АУДАНЫ