Баянауыл ауданына қарасты Қаратомар және Жаңатілек ауылдарында ветеринарлық пункттер салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы аудан әкімі тұрғындармен болған кездесуде мәлім етті.
Баянауылда елді мекендерді көркейтіп, дамытуға бағытталған игі істер көптеп қолға алынуда. Мұндай ауқымды жұмыстар Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтерінде де атқарылуда. Атап айтқанда, Жаңатілекте заманауи балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, бүгінде ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалып, мектепке жаңа жиһаздар мен оқу құралдары сатып алынған.
Ал көп ұзамай ауыл шаруашылығы саласын қолдау және эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында Қаратомар, Жаңатілек ауылдарында жаңа ветеринарлық пункттердің құрылысын салу жоспарлануда. Бұл хабарды естіген тұрғындар бір қуанып қалды. Себебі, мұндай мекеменің ашылуы төрт түлікпен айналысып отырған ауылдықтар үшін де тиімді болмақ.
Н.ШОДЫР.
БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ
