Туған өлкені танып…

Шіл 2, 2026

Май ауданының Көктөбе ауылы маңында орналасқан «Ақжелкен» сауықтыру орталығының жазғы бағдарламасы жас буынның туған өлкенің өткені мен мәдени мұрасына қызығушылығын арттыруды көздейді. Сол себепті демалушылар аудан орталығындағы мәдени нысандарды аралап, маңызды тарихи мекендерге барып жүр.

Балалардың назарын ерекше аударған бағыттардың бірі – Ақшиман ауылының маңындағы Қалмаққырылған тауына жасалған сапар. Тарихи мәні зор жерде олар өңір шежіресімен танысып, бұрын беймәлім болған көптеген дерекке қанықты.

Аудандық оқушылар үйінің басшысы Софья Сәбитованың айтуынша, бұл сапар жасөспірімдердің туған жер тарихын тереңірек тануына, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтардың маңызын ұғынуына мүмкіндік берген.

Бұдан бөлек, мұнда шығармашылық және зияткерлік бағыттағы бағдарламалар жүйелі түрде өткізіледі. «Алақан іздері», «Бағдаршам» сияқты ойындар балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, ұжыммен әрекет ету дағдыларын нығайтады.

Алдағы күндері бағдарлама аясында спорттық жарыстар, түрлі тренинг, тарихи-танымдық квесттер мен жорықтар ұйымдастырылмақ. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жасөспірімдердің жазғы уақытын пайдалы өткізуіне әрі туған өлкеге деген құрметін күшейтуге ықпал етеді деп санайды.

А.БОРАНБАЕВА.

МАЙ АУДАНЫ