Еңбек жасақтары іске кірісті

Шіл 2, 2026

Кеше, яғни, 1 шілде күні Железин ауданында «Жасыл ел» жастар жасағы өз жұмысын бастады. Еңбек маусымы бір айға созылады деп жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, аталмыш жобаны  жүзеге асыруға шамамен 4,5 миллион теңге бөлініп, аудан бойынша 40 оқушы мен студент уақытша жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында осы өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар да бар.

Жасақ құрамына енгендер елді мекендердегі балалар ойын алаңдарын, саябақтар мен скверлерді күл-қоқыстан тазартып, ретке келтіреді. Сондай-ақ, ағаштардың түбін әктеу, көшеттерді суару, арамшөптерді жұлу сынды жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, жастар аудандағы жалғызбасты қарттарға да көмектесетін болады.

Бастысы, оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігі қатаң қадағаланып, олардың еңбек етуіне қажетті барлық құрал-жабдықтар тегін үлестіріліп беріледі.

Жұмыс соңында қатысушыларға жергілікті бюджет есебінен 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді және оған қосымша «Жасыл ел» штабы тарапынан 35 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілмек.

Н.АҚЫТЕГІ.

ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ