Қоғамда адамдардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауда нотариус мамандығының маңызы ерекше. Нотариус – құжаттардың заң талаптарына сай рәсімделуін қамтамасыз ететін, азаматтар мен ұйымдар арасындағы құқықтық қатынастардың заңдылығын куәландыратын білікті заңгер. 40 жылға жуық уақыт күрделі әрі жауапты салада жұмыс істеп келе жатқандардың қатарында Сәуле Жапарова да бар.
Сәуле Рашитқызы Павлодар облысының нотариаттық палатасын 30 жылға жуық уақыт басқарып келеді. Осы еңбек өтіліне қарап-ақ оны өз ісінің маманы деп айтуға толық негіз бар. Күнделікті жұмысымен қатар, сот отырыстарына қатысып, қоғамдық жұмысқа да белсене араласады.
— Мен анамның жолын қудым. Ол кісі талай жыл нотариус болып еңбек етті. Заң саласындағы алғашқы еңбек жолым 1978 жылы басталды. Мен облыс орталығындағы Ильичевский әкімшілік ауданындағы сот отырысының хатшысы қызметін атқардым. Сол уақытта Павлодар қаласы Индустриалды және Ильичевский әкімшілік ауданы болып екіге бөлінді. 1991 жылы мемлекеттік кеңселер құрылды. Индустриалды кеңсе екіге бөлініп, үш мемлекеттік кеңсе жұмыс істеді. Мен сол кеңсеге аға нотариус лауазымына көтерілдім. Кейін үш кеңсенің атауы Павлодар қалалық мемлекеттік кеңсесі болып өзгертілді. Мен басшы болып тағайындалдым. 1998 жылы қазан айында лицензияға ие болған соң жеке нотариусқа ауыстым. Дәл сол жылы желтоқсан айында жеке нотариустардың басы қосылған ауқымды жиын өтіп, Павлодар облысы бойынша нотариаттық палатасы құрылды. Мен сол ұйымға басшы болып тағайындалдым. Сол уақыттан бері табанды еңбек етіп келемін, —
дейді Сәуле Жапарова.
Сәуле Рашитқызы нотариаттық палатада жалпы саны 170-ке жуық нотариус жұмыс істейтінін айтады. Сала мамандарының күнделікті қызметіне сенімхаттарды, келісімшарттарды, өсиеттерді, мұрагерлік құжаттарды куәландыру және басқа да нотариаттық әрекеттерді орындау кіреді. Басты міндеті – заң бұзушылықтардың алдын алып, даулы жағдайлардың туындауына жол бермеу.
Сәуле Жапарованың сөзінше, нотариустан терең құқықтық біліммен қатар, адалдық, әділдік, жауапкершілік және ұқыптылық талап етіледі. Әрбір рәсімделген құжат адамның тағдырына, мүлкіне немесе отбасы мәселелеріне тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан нотариус әрбір іске ерекше жауапкершілікпен қарайды.
— Қызмет барысында түрлі адамдармен жұмыс істегеннен кейін олармен тіл табысып, мәселесіне үңіле білуіміз керек. Жұмыс физикалық тұрғыдан ауыр болмаса да, моральдық тұрғыдан қиын екенін жасырмаймын. Мәселен, атқарушылық жазбаларды орындау оңайға соқпайды. Өйткені берешекті өндіріп алу кезінде ешкім қарызы барын мойындамайды. Мұндай даусыз істермен қазір нотаруис айналысады. Бірақ біз шоттарға тыйым салмаймыз. Бұл істі сот орындаушылары атқарады. Біз тек берілген құжаттың шындығына көз жеткізіп, қарызды өндіреміз. Бұл ретте берешегі бар адамды тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтаймыз. Өкінішке қарай, қазір жарық, су, пәтер иелерінің кооперативіне қарыз адам көп. Бұдан бөлек, бөліп төлеу арқылы бағалы ұялы телефон, тұрмыстық зат алатындар да артып келеді. Ай сайынғы төлемді енгізе алмаған соң, қарызға батады. Көп жағдайда адамдар өз қателіктерінен осындай жағдайларға ұрынады. Бірақ қарызы барын мойындамайды. Ал құжатта берешегі бары анық көрініп тұрады. Осындай жағдайлар жұмысты қиындата түседі, — дейді С.Жапарова.
Сәуле Рашитқызы осы мәселеде бір мысал келтірді. Нотариусқа жүгінген қария дәл осылай жарыққа қарызы жоғын айтып, шағымданған. Сөйлескен кезде ол подъездегі жарық есептегіш құралын үйге енгізіп, бақылаушы маман келгенде есігін ашпаған. Әлгі құралдағы көрсеткішті бақылаушыға айтпағандықтан, қарыз жинала берген. Бұл жағдайда да қария кінәлі болып табылады.
Сәуле Рашитқызы қазіргі уақытта тұрғындардың құқықтық сауаттылығы әлдеқайда артқанын айтады. Оған әлеуметтік желінің көмегі көп тиюде. Қазір сотқа заңгер, адвокаттың көмегінсіз тура жүгінетін тұрғындар бар. Олар қажетті ақпаратты ғаламтордан алады екен.
Цифрландыру дәуірінде нотариат саласы да жаңғырып келеді. Электрондық құжат айналымы, онлайн қызметтер мен заманауи ақпараттық жүйелер нотариустардың жұмысын жеңілдетіп, халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда.
Сәуле Рашитқызы — жолда-сымен екі ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ата-әже. Екі ұлы заңгер мамандығы бойынша білім алған. Бірақ басқа салада жұмыс істеуде.
Білікті нотариус әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейді.
Иә, нотариус – құжат рәсімдеуші ғана емес, азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қоғамдағы заң үстемдігін нығайтуға үлес қосатын маман. Оның еңбегі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және қоғамдағы сенімнің артуына қызмет етеді. Осы орайда, 40 жылға жуық уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан Сәуле Рашитқызының жұмысына табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА
