Қыздарды да әскерге шақыру керек пе?

Шіл 16, 2026

Енді қыздар да әскерге шақырылуы мүмкін. Бұл ұсынысты жуырда бұрынғы Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев көтерді. Оның айтуынша, Отан қорғау – Конституцияда көрсетілген әр азаматтың міндеті, сондықтан бұл талап жынысына қарай бөлінбеуі керек.

Қазірде елімізде 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар ғана мерзімді әскери қызметке шақырылады. Ал әйелдер әскери қызметті тек ерікті түрде келісімшарт негізінде атқара алады. Соның нәтижесінде байланысшы, дәрігер, қаржыгер, оператор болып қызмет етіп, бітімгерлік миссияларға қатысып, офицерлік лауазымдарды да иеленіп жүр. Сонымен, нәзікжандыларды әскерге шақыруды міндеттеу керек пе? Бұл ұсыныс қаншалықты қисынды? Аталмыш мәселені біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Асқар НӘКЕБАЕВ,

Торайғыров университетінің әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы подполковник:

– Бүгінде әскери саланы таңдаған қыздарға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Олар әскери жоғары оқу орындары мен әскери кафедраларда білім алып, өз қалауымен келісімшарт негізінде Қарулы Күштер қатарында қызмет ете алады. Яғни, әскери мамандықты таңдауға ниетті нәзікжандыларға ешқандай шектеу жоқ.

Дегенмен, өз басым қыздардың барлығын міндетті әскери қызметке шақыруға қарсымын. Себебі, әйелдердің қоғамдағы орны мен атқаратын рөлі мүлдем басқа. Олар отбасының берекесін сақтап, болашақ жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды міндет атқарады. Сонымен қатар, білім, медицина, ғылым, кәсіпкерлік сынды салаларда еңбек етіп, елдің дамуына зор үлес қосып келеді.

Сол себепті әскери қызмет әйелдер үшін міндетті емес, ерікті түрде болғаны дұрыс деп есептеймін. Әскерге баруды шын ниеті бар, физикалық әрі психологиялық тұрғыдан дайын қыздардың өз таңдауына қалдырған жөн. Бұл әрі әділ, әрі әр азаматтың құқықтары мен еркіндігін құрметтейтін шешім болады деп есептеймін.

 

Жан ҚАРАТАЕВ,
«Қарулы күштер ардагерлері» облыстық кеңесінің төрағасы:

– Бұрын әскери сала негізінен ер азаматтардың қызмет ететін ортасы болатын. Ал бүгінде Қарулы Күштер қатарында әйелдер де абыроймен еңбек етіп, байланыс, медицина, штаб қызметі, инженерия және басқа да бағыттарда өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып жүр. Бұл – әскери саланың уақыт талабына сай дамып, өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.

Алайда қыздарды міндетті әскери қызметке шақыру мәселесіне асығыс баға беруге болмайды. Бұл — жан-жақты талқылауды қажет
ететін маңызды мәселе. Бір жағынан, қазіргі әскери қызметте әйелдердің де атқарар рөлі артып келеді. Екінші жағынан, олардың денсаулығы, отбасындағы орны мен әлеуметтік жауапкершілігі де ескерілуі тиіс.

Сондықтан мұндай бастама бойынша шешім қабылдамас бұрын әскери мамандардың, сарапшылардың және қоғамның пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені де зерттеген жөн. Барлық артықшылығы мен ықтимал салдары сараланған жағдайда ғана ел мүддесіне сай әрі салмақты шешім қабылданады деп ойлаймын.

 

Камила АЙМАҒАНБЕТОВА,
Инновациялық Еуразия университетінің студенті:

– Бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Себебі, қазіргі қоғамда әйелдер мен ерлердің мүмкіндігі тең. Сондықтан ел қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік те ортақ болуы керек деп санаймын. Қыздар тек отбасы мен қызметте  емес, қажет болған жағдайда Отан қорғау ісіне де өз үлесін қоса алады.

Әскери қызмет дене дайындығымен қатар, тәртіпке баулиды, жауапкершілікті арттырады және төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретеді. Бұл дағдылар әр адамға өмірде қажет. Бүгінде көптеген мемлекетте әйелдер әскери қызметте табысты еңбек етіп, өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп келеді.

Әрине, мұндай бастама іске асса, қыздардың денсаулығы мен физиологиялық ерекшеліктері ескеріліп, қызмет түрлері соған сай ұйымдастырылуы тиіс. Бірақ жалпы алғанда, қыздардың да әскери даярлықтан өтуі олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, елдің қорғаныс әлеуетін күшейтуге септігін тигізеді деп есептеймін.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.