Қаржы пирамидалары Павлодар облысында жүздеген тұрғынды алдап, миллиардтаған теңге көлемінде шығын келтірген. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, заңсыз қаржы ұйымдарының әркетінен өңірде 950 азамат зардап шеккен. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 2,9 миллиард теңгеден асқан.
Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайлы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов мәлімдеді.
— Бүгінде жәбірленушілердің шығынын өтеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу барысында анықталған мүлікке тыйым салу шаралары-
ның нәтижесінде тұрғындарға 600 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұдан өзге, тәркіленген мүлікті өткізу арқылы тағы 1 млрд теңгеден астам қаржыны 700-ге жуық азаматқа өтеу жоспарланып отыр, — дейді ол.
Оның сөзінше, есептік кезеңде департамент өндірісінде 49 қылмыстық іс болған. Оның 37-сі осы жылы тіркелсе, соның 36-сы сотқа жолданған. Ондағы 19 іс ауыр санаттағы қылмысқа жататыны анықталған.
Департаменттің жұмысы қаржы пирамидаларын әшкерелеумен шектелмейді. Мамандар Павлодар және Маңғыстау облыстарының аумағында заңсыз вейп саудасымен айналысқан екі қылмыстық топты да құрықтаған. Жалпы құны 1,6 млрд теңгеден асатын 184 мыңнан астам вейп пен оларға арналған сұйықтық заңсыз айналымнан шығарылды.
Сонымен қатар, жалған шот-фактуралар жазып беру және салық төлеуден жалтаруға қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары да жалғасуда. Тергеу барысында заңсыз рәсімделген шот-фактуралардың жалпы сомасы 107 млн теңгеден асқан қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілген. Салықтық тәуекелі жоғары кәсіпорындардың қызметін талдау нәтижесінде сот шешімімен 15 компанияның заңсыз схемаларды пайдалан-ғаны анықталған. Нәтижесінде 59 мәміле жарамсыз деп танылып, 483,9 миллион теңге көлеміндегі салық міндеттемелері жойлыған.
Сара ӘБДОЛ.
