«AMANAT» партиясының облыстық филиалы ғимаратында аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен партияның Жол картасын іске асыру бойынша «Депутаттық сағат» өтті. Тұңғыш рет жаңа форматта өткен іс-шарада халық қалаулылары сайлаушылар көтерген мәселелерді ортаға салды.

 

Кездесуге облыс депутаттары, қалалар мен аудандардың әкімдері, мәслихат төрағалары, «AMANAT» партиясының депутаттық фракцияларының басшылары, сондай-ақ партияның аумақтық филиалдарының басшылары қатысты. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Айгүл Мәлікова депутаттар жобаларға бастамашыл болып қана қоймай, жобалардың жүзеге асырылуын жіті бақылайтынын айтты. Халық қалаулылары тұрғындармен болған кездесуде сайлаушылардың мұң-мұқтажына құлақ түрген. Соның бірнешеуі «Депутаттық сағат» шарасында қозғалды. Облыстық мәслихаттың депутаты Айдар Құрымбаев Жетекші ауылындағы сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Үш жыл бұрын құрылысы басталған жоба жауапсыз мердігердің шала әрекетінен әлі күнге дейін іске қосылмаған. Облыс әкімі Асайын Байханов бүгінде жауапкершілігі жоқ мердігерлер көп екенін айта келе, жоба осы жылдың қыркүйек айында аяқталатынын жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаты Гүлмира Нұрханова Тереңкөл және Железин аудандарының ауылдарына кіреберіс жолға асфальт төсеу мәселесін көтерді. Аймақ басшысы соңғы жылдары кеңес заманынан бері асфальт төселмеген шалғай ауылдарда жарқын жобалар қолға алынғанын алға тартты. Алдағы уақытта әр ауданда шамамен 40 шақырым жол жаңартылады деп жоспарланып отырған көрінеді.

– Жол жөндеу жұмыстары Тереңкөл және Железин аудандарында жүйелі жалғасуда. Қос ауданда кіреберіс жол жөнделмеген 6 ауыл ғана қалды. Ал Екібастұз қаласына қарасты ауылдарда жағдай мүшкіл. Көптеген ауылдарды аралап шықтым. Кіреберіс жолдар нашар күйде. Алдағы уақытта барлық қала-аудандарда кезең-кезеңмен жол жөндеу жұмыстарын атқару ойда бар. Бұл бағытта адал еңбек етіп жүрген жергілікті мердігерлер жетерлік, – деді Асайын Байханов. Облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Туғанбай сапасыз құрылыс мәселесін ортаға салды. Оның айтуынша, техникалық қадағалау қызметінің өкілдері өз ісіне мұқият қарамай, сапасыз салынған нысанды қабылдауға қол қоя салады. Зардап шегетін сол баяғы қара халық. Мысал іздеп керек емес. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында: «Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен», деген болатын. Депутат Арман Рахмашев соңғы жылдары Баянауыл баурайында жел сәл күш алса, жарық өшіп қалатын «дәстүр» пайда болғанын айтты. Аудан орталығындағы ахуал бұл. Шалғайдағы ауыл тұрғындары да жарықтың шарапатын сезініп отырғаны шамалы. Ауа райы құбылса, баянауылдықтар шайнектерін қайнатып, ұялы телефондарын қуаттауға асығатын көрінеді. Жарық сөнсе, қай уақытта қосылатынын ешкім білмейді. Асайын Байханов «ауруын жасырған өледі» деген мақалды келтіріп, жарық мәселесі бірқатар ауданда өзекті екенін айтты. Көп жерде электр бағандары өткен ғасырдың 80-жылдары салынып, әбден тозған. Жуырда өңірімізге Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келмек. Бұл мәселені шешу жолы министрмен талқыланбақ.

Оралхан ҚОЖАНОВ.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.