Емдеу мекемесі – ел игілігіне!

Шіл 17, 2026

Баянауыл ауданының Күркелі ауылдық округіне қарасты Жұмат Шанин ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің тұсауы кесілді. Ел игілігіне берілген емдеу мекемесінің құрылысы толықтай демеушілік қаражат есебінен салынған.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, жобаның жүзеге асуына Жұмат Шанин ауылының тумасы, Қазақстан Республикасы Креативті индустрияларды дамыту қорының төрағасы Ерлан Каналимов пен «NAK» құрылыс компаниясының басшысы Саламат Ахметов қолдау көрсеткен.

Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы ауылдың әлеуметтік инфра-құрылымын нығайтып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға көмегін тигізеді, дейді мамандар.

Қазіргі таңда жаңа медициналық пункт аудандық аурухана тарапынан қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге толықтай дайын.

Елді мекен тұрғындары емдеу мекемесін салып берген жанашыр жерлестеріне ризашылықтарын білдіруде.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы.