Тарих пен туризм тоғысқанда

Шіл 23, 2026

Баянауылға ат басын бұрған әрбір қонақтың
алғашқы аялдамасына айналатын «Сарыарқа сыры» визит-орталығы өз есігін айқара ашты. Заманауи үлгіде бой көтерген жаңа нысан турис-терге жан-жақты ақпараттық қызмет көрсе-
тумен қатар ауданның бай тарихын, көркем таби-ғатын және ұлттық құндылықтарын танытатын маңызды мәдени кеңістікке айналмақ.

Туризмге тың серпін

«Сарыарқа сыры» визит-орта-лығының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баяна-уылдың тарихи және рухани құндылығына әрдайым ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты. Соның нәтижесінде осы орталық пайдалануға беріліп отыр.

– Ел Президенті Баянауылды ұлт тарихында айрықша орны бар, талай дара тұлға дүниеге келген қасиетті өлке ретінде бағалайды. Осы ретте жаңадан бой көтерген «Сарыарқа сыры» – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Мұнда келушілер тек туристік ақпарат алып қоймай, өңірдің бай тарихымен, ұлттық құндылықтарымен, көрнекті тұлға-лардың өмір жолымен және табиғи мұрасымен жақынырақ таныса алады. Сондықтан бұл кешен Баянауылдың туристік әлеуетін арттырып, ауданның одан әрі дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.

Соңғы жылдары Сабындыкөл мен Жасыбай жағалаулары абаттандырылып, жаңа туристік нысандар іске қосылды. Соның нәтижесінде ішкі туризм 27 пайызға, шетелдік туристер легі 25 пайызға артты. Биыл Баянауылға келетін туристер саны 300 мыңға дейін жетеді деп күтілуде, – деді аймақ басшысы.

Жобаны іске асыру барысында кадр даярлау мәселесіне де зор басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен осы жылдың мамыр айынан бастап болашақ қызметкерлер арнайы оқу курсынан өтіп, келушілерге сапалы қызмет көрсету бағытында кәсіби даярлықтан өткен.

Аумағы 740 шаршы метр болатын ғимарат аудан орталығына кіреберісте, Жасыбай көліне апаратын күре жолдың бойында орналасқан. Бұл жерде туристер демалыс бағыттары, экскурсиялық маршруттар, қызмет көрсету орындары және Баянауылдың көрікті жерлері жөнінде толыққанды мәлімет ала алады.

Жаңа кешеннің ішкі инфра-құрылымы келушілердің барлық қажеттілігін ескере отырып жабдықталған. Мұнда кітапхана, конференц-зал, ана мен бала бөлмесі, кофехана, өлкетану музейі және ашық демалыс аймақтары бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ешбір кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған.

Визит-орталықтың басты басымдығының бірі – заманауи цифрлық технологиялардың пайда-ланылуы. Интерактивті ақпараттық жүйелер, сенсорлық панельдер, мультимедиялық экспозициялар мен 3D-көрсетілімдер арқылы келушілер Баянауылдың табиғи ескерткіштері, киелі мекендері және өңірден шыққан тарихи тұлғалардың өмірі мен мұрасы жөнінде тың мәліметтермен танысуға мүмкіндік алады.

Тарихи туынды

Визит-орталықтың ашылуынан соң сол ғимаратта белгілі баяна-уылдық өлкетанушы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың таныстырылымына аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар және аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Еңбектің авторы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, жинақта Баянауыл өңірінің сан ғасырлық тарихы, ел игілігі жолында еңбек еткен азаматтардың өмір жолы, ұлттық құндылықтар мен киелі мекендерге қатысты бұрын-соңды жарияланған және тың деректер жүйеленген.

– Бұған дейін көптеген зерттеу мақалам газет беттерінде жария-ланып, уақыт өте келе көпшілікке қолжетімсіз болып қалатын. Сол құнды дүниелерді жоғалтпай, бір кітапқа топтастыруға облыс әкімі Асайын Байханов қолдау білдірді. Бұл еңбекте ел үшін аянбай қызмет еткен тұлғалардың тағдыры мен өнегелі өмірі қамтылды. «Көне Көктау оттары» атауының да өзіндік мәні бар. Кітапта Бұқар жырау мен Абылай хан заманынан бастап, өңір тарихында өшпес із қалдырған билер, ғұламалар мен қоғам қайраткерлері туралы тың мәліметтер ұсынылған, – деді А.Құрманов.

Жинақта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, академик Әлкей Марғұлан және Баянауылдан шыққан өзге де көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен баяндалады. Сонымен қатар, қасиетті орындар, діни-ағартушылық дәстүрлер мен ел тарихында ерекше орын алатын маңызды оқиғалар қамтылған.

Тұсаукесер шарасында сөз алған қатысушылар жаңа кітаптың өлкетану ғылымына қосылған маңызды еңбек екенін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл жинақ жас ұрпақтың туған жер тарихын терең тануына, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне және тарихи сананы қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Жұмыс сапары барысында Асайын Қуандықұлы Баянауылдың кіреберіс жолында орналасқан жаңа стеламен де танысты. Енді аудан қонақтарын биіктігі 30 метр болатын, салт атты бейнесі, ұлттық ою-өрнек пен киіз үйдің кереге элементтері бейнеленген заманауи сәулеттік нысан қарсы алады. Оның жанында табиғи тастан жасалған Bayanauyl жазуы орнатылған. Аумағы толық абаттандырылып, кіреберіс жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары салынды және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

 

Нескен МӘЛІКОВА, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз:

– Алтынбек Құрманұлының өлке тарихын зерттеудегі еңбегі зор. Ол XVIII–XIX ғасырлардан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтитын көптеген тарихи мақала жазды. Аталмыш мақалалар газет беттерінде де жарияланып келді. Енді сол құнды дүниелер бір жерге топтастырылып, кітап болып жарық көрді. Бұл – автордың көп жылғы ізденісі мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осындай еңбектер арқылы туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасы кейінгі ұрпаққа аманат болып жетеді.

Айдана БОРАНБАЕВА

Баянауыл ауданы.