Бүгін кешкі 18.01-де елімізде алдағы тамыз айының 23-і күні өтетін ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлауға байланысты үгіт-насихат жұмыстары басталады. Бұл науқанға саяси партиялардың тізімдері ҚР Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тарапынан толық бекітілген, тиісті тіркеуден өткен 7 саяси партия қатысады. Осы ретте, облысымыздың алдағы саяси кезеңге әзірлігі, қазір атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы айтып берді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің қаулыларымен үгіт баспа өнімдерін орналастыру үшін 701 орын бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар барлық тіркелген саяси партиялардың үгіт-насихат плакаттары үшін бекітілген орындарда стендтер мен қалқандар алаңын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізген. Оған қоса, саяси партиялардың сайлау-шылар кездесуіне арналған облыста 200 ғимарат айқындалған.
Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізуге Павлодар облысында 536 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 1 облыстық, 13 аумақтық және 522 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Оның ішінде 22-сі – қолжетімділігі шектеулі учаскелер. Яғни, олар ауруханалар, шипажайлар және уақытша оқшаулау орындарында ұйымдастырылады. 98 адам аумақтық комиссиялар құрамында саяси науқанға атсалысса, 3348 адам учаскелік комиссиялар жұмысына тартылады. Осы орайда, комиссия мүшелерін оқытылады.
– Электоралды оқытуға көп көңіл бөлінеді. Оқыту бекітілген жоспарға және Орталық сайлау комиссиясы әзірлеген «Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау» оқу-әдістемелік кешеніне сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін, яғни 98 адамды оқыту аяқталды. 3 тамыздан бастап учаскелік комиссиялар жұмысқа кіріскен кезде учаскелік комиссиялардың барлық 3348 мүшесі каскадтық әдіспен оқытумен қамтылады. Оқыту барысында комиссия мүшелерінің сенім білдірілген адам-дармен, отандық және шетелдік бақылаушылармен, БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру мәселелері бойынша практикалық кейстерді пысықтауға басты назар аударылады. Оқыту сабақтары өткізілген материалды бекіту үшін QR-код арқылы онлайн-тестілеумен аяқталады, – деді Гүлнар Қабиденқызы.
Кесте бойынша сайлау процесінің басқа қатысушылары да оқытылады. Мәселен, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы «Ертіс Медиа» ЖШС басшылығымен және медиахолдинг басылымдарының
бас редакторларымен кездесу өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізудің негізгі мәселелері түсіндірілген.
Тағы бір ескеретіні, сайлаушылар өз учаскелерінің мекенжайын Call-орталықтар арқылы немесе WhatsApp нөміріне хабарлама жіберу арқылы біле алады. Call-орталықтар облыстың барлық қалалары мен аудандарында құрылған. Олардың телефондары әкімдіктердің сайт-тарында жарияланды, аумақтық сайлау комиссияларының әлеуметтік желілерінің беттерінде орна-ластырылған. Сондай-ақ, өз учаскесін сайлаушы «Сайлау учаскесін іздеу сервисі» Telegram-ботына ЖСН теру арқылы да біле алады.
Сайлау комиссиясы есептен шығару куәлігін алу тәртібін де түсіндірді. Яғни, дауыс беретін күні тиісті учаскесінде сайлауға қатыса алмайтынын білсе, жол жүрсе, онда ол жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, тіркелген жері бойынша учаскеден есептен шығару куәлігін алуға құқылы.
– Есептен шығару куәлігі нотариалды куәландырудың қажеті жоқ сенімхат бойынша да берілуі мүмкін. Жоғалған жағдайда есептен шығару куәлігі қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейтінін ескеру қажет. Дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатыс-
қысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 18.00-де, яғни 2026 жылғы 22 тамызда тоқтатылады, – дейді Г.Аманжолова.
Қазіргі таңда саяси науқан күні бақылау жүргізетін ұйымдар да тиісті аккредиттеуден өтуде. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясында 7 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуден өткен. Олардың жарғылық қызметіне сайлауды бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жатады. Өтініш берген тағы екі ұйымның құжаттары қаралуда. Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында сайлауды бақылауды жүзеге асыра алатын бүгінгі күнге 12 үкіметтік емес ұйым аккредиттелген.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық құралмен жабдықтау барысы да мығым. Сайлау учаскелері толық көлемде ақпараттық стендтермен, тасымалданатын және стационарлық дауыс беру жәшіктерімен, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен, оның ішінде арбамен жүретін адамдар үшін кең кабиналармен, жиһаз, ұйымдастыру техникасымен қамтылған.
Қазіргі таңда әкімдіктер сайлаушылардың тізімін түзуде. 3-тамыз күні бұл тізімдер учаскелік комиссияларға табысталады. Содан соң учаскелік комиссиялар жұмысына кіріседі.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
