Ауыл медицинасында еңбек етпек

Шіл 30, 2026

Индира Ахметова биыл қаңтар айында Тереңкөл ауданының Байқоныс елді мекеніне оңтүстіктен арнайы бағдар-ламамен қоныс аударды. Бүгінде ойда-ғыдай орнығып қалды.

Медицина саласында 6 жыл еңбек еткен ол ауылдық дәрігерлік амбулаториясына медбике болып орналасты. Шағын ұжымда аға буын ақ желеңділермен ауылдықтарға қызмет етуде. Еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшуге мүмкіндік беретін бағдарлама туралы индира Алтынбекқызы әлеуметтік желіден естіп, қоныс аударуға бел буады.

– Бірде Tik-Tok желісінде Айжан есімді келіншек тікелей эфир арқылы өзінің тәжірибесімен бөлісіп
жатыр екен. Ол оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударыпты. Бағдарламаның артықшылықтарын айтып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірді. Соны көріп, жазған едім. Тұрғылықты мекен, жұмыс ауыстырғымыз келді. Сөйтіп, Павлодар облысы Тереңкөл ауданының Байқоныс ауылына отбасыммен көшіп келдік. Солтүстіктің қысын да көріп үлгердік. Жаман емес, – дейді Индира Алтынбекқызы.

Ол, сондай-ақ, аталмыш бағдарламаның еңбек қолы көп өңірлердегі тұрғындарға өте тиімді екенін айтады.

– Бұл бағдарлама – үйсіз-күйсіз жүрген жандар үшін таптырмас қолдау. Жасыратыны жоқ, оңтүстікте, еліміздің басқа да қалаларында пәтер жалдап, күнелтіп жүрген отбасылар аз емес. Олардың арасында жастар
да, егде жастағы азаматтар да бар. Жұмыссыз жүргендері қаншама. Қымбатшылық заманда бірден баспаналы болуға, балаларын орнықтыруға бәрінің бірдей шамасы келмейді. Сондықтан Үкімет тарапынан еңбек күші көп өңірлерден жұмыс орны басым аймақтарға азаматтарды көшіру өте орынды дер едім, – дейді Индира Ахметова.

Ауылға келген медбикеге мемлекет тарапынан баспана берілген. Өзге де қолдау шаралары көрсетілген. Индира Алтынбекқызы күйеуімен бірге үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкен қыздары Алматыда студент болса, ұлдары биыл Байқоныс мектебін тәмамдаған. Кенже қызы 9-сыныпқа көшіпті. Тек жолдасына әлі жұмыс табылмай тұрғанын айтады. Осы мәселенің шешілгенін қалайды.

Аталмыш ауылда медициналық қызмет көрсетуге үлесін қосуға оңтүстіктен Сымбат Ерқожа да келіпті. Акушер мамандығын бітірген ол туған мекенінде тұрақты жұмыс таппаған. Сондықтан қоныс аударып, өзі оқыған мамандықпен жұмыс істеуді жөн көреді. Биыл сәуір айында Тереңкөлдің Байқоныс ауылына көшіп келген.

– Оңтүстікте маман көп, жұмыс орны тапшы. Қанша жыл акушер мамандығы бойынша жұмыс іздеп, орналаса алмадым. Содан туыс-туғандардан солтүстікке көшіп, еңбек ету мүмкіндігі барын білдім. Ақпан айында арнайы келіп, нақты жұмыс бар-жоғын білдім. Тереңкөл ауданы әкімдігі, жауапты азаматтар жұмыс орнының барын айтты. Ата-енемнен рұқсатын алып, жолдасыммен, үш баламызбен көшіп келдік. Жақсы жайғастық, баспанамен қамтылдық, – дейді Сымбат Ермұратқызы.

Күйеуі Ерман Ибрагимов әзірше жұмыссыз ретінде тіркелген. Жазда балаларды қарап, үйде отырған көрінеді. Өйткені, үш баласының екеуі әлі кішкентай. Ал тұңғыштары биыл мектеп табалдырығын Байқоныс ауылында аттамақ.

Сымбат Ерқожа ауылдағы әйелдер қауымының денсаулығына жауапты. Аяғы ауыр әйелдердің жүктілігі бойынша уақытылы тексерістен өтуін, тиісті жолдамаларын беріп, гинекологтың қарауына дер кезінде баруын қадағалайды. Әйелдерге, жаңа туған сәбилерге патронаж жасап, күтім көрсетуге көмектеседі. Осылайша, ауыл медицинасы кәсіби екі маманмен толықты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.