Инфрақұрылым жақсарып келеді

Шіл 30, 2026

Бүгінде Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылдық округінде елді мекендерді абаттандырып, инфрақұрылымды жақсарту мақсатында ауқымды іс атқарылуда. Айталық, таяуда жолдағы шұңқырларды тегістеп, су өткізу құбырларын орнату жұмыстары аяқталды.

Ауылдық округ әкімі Дәулет Әбелдиновтің айтуынша, «Nova Prime» мердігерлік ұйымы Қызылжар және Сарышығанақ ауылдарындағы автомобиль жолдарындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарын аяқтады. Сонымен қатар, Қызылжар, Сарышығанақ және Бөріктал ауылдарында су өткізу құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар су бұру жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етіп, жол жабынының шайылуын болдырмауға және оның пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сол сияқты «Құрылыс Жеңіс» ЖШС жол белгілерін дайындап, жөндеп, орнатты.

— Атап өтерлігі, ауылдық округте жол инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беріледі. Мәселен, Жаңа шаруа – Сарышығанақ арасын жалғайтын жолдың 5,5 шақырымына қиыршықтас төселді. Мердігер компания – «TG Impex» ұйымы уақытылы аяқтады. Қызылжар ауылында бейнебақылау камералары орнатылды. Одан бөлек, Қызылжарда су ұңғымасы қазылды, — деді ауылдық округ әкімі.

Ендігі ретте Бөріктал және Суаткөл ауылдарында балаларға арналған ойын алаңдарын орнату жоспарда бар. Бүгінде «Метсервис-ПВ» компаниясымен осы мақсатта келісімшарт жасалуда. Барлығы ойдағыдай болса, келесі айдың соңына қарай ауыл балалары алаңда асыр салып ойнай алады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

АҚСУ ҚАЛАСЫ