Биыл 1 шілдеде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облысымызда «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» жобасын пилоттық негізде енгізді. Бұл бастама тұрғындарды еңбекпен қамтудың жаңа үлгісі болып отыр. Айта кетейік, пилоттық жобаға еліміз бойынша аймағымыз ғана таңдалған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жоба қызметтерді өтінім беру қағидасынан проактивті цифрлық моделіне көшуді көздейді. Яғни, жүйе азаматтарды барлық кезеңде дербес сүйемелдейді. Қажеттілікті анықтаудан бастап, деректерді талдау негізінде және жасанды интеллектті пайдалана отырып, тұрақты жұмыспен қамтуға дейінгі кезеңде қолдау көрсетеді.
Жүйенің қалай жұмыс істейтінін басқарма өкілдері түсіндіріп берді. Жаңа жүйе тұрғындармен жұмыстың бес кезеңін енгізеді. Біріншіден, жүйе еңбекке қамтылатындар контингентін, яғни, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Екіншіден, проактивті шақырту жолданады. Enbek.kz порталына сілтеме жасай отырып, SMS және Push-ескертулер eGov Mobile, Enbek қосымшалары арқылы азаматтарға жіберіледі. Үшіншіден, жүйе азаматтың цифрлық бағдарын құрайды. Ол үшін ақпараттық жүйелердегі деректер және ЖИ-агент жүргізетін сауалнамалар негізінде жұмыс іздеуші дағдыларының толық базасын қалыптастырады. Төртіншіден, жұмыс дербес таңдап береді. Яғни, өзекті бос жұмыс орындарын, онлайн-оқытуларды және жұмыспен қамтуға көмектесетін белсенді шараларды нақты сол адамға ұсынады. Бесіншіден, нақты нәтижеге дейін сүйемелдейді. Атап өтсек, жұмыспен қамтудың жеке жоспарын автоматты түрде қалыптастырады және міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдары және Еңбек шарты деректері арқылы жұмыспен қамтылу мәртебесіне мониторинг жүргізеді.
Қазіргі таңда басқарма жұмыссыз азаматтар қатарынан 50 адамнан мақсатты топ құрған көрінеді. Осы топпен жұмыс арқылы ЖИ-агент, яғни, цифрлық көмекші сынақтан өткізілуде. Техникалық аспектілері де анықталып жатыр.
– Жобаны кеңінен тарату және толық іске қосу үшінші тоқсанда жоспарланған. Жоба енгізу нәтижесінде азаматтар тұрғылықты мекеніне ғана байланбай, одан тыс жұмыс табу мүмкіндігіне ие болады. Жұмыс іздеушінің дағдылары мен жұмыс берушінің талаптарын цифрлық құралдар арқылы тікелей салыстыру есебінен тиімділік артады деп күтілуде. Жүйе әрбір пайдаланушыны нақты жұмыспен қамтылуына дейін сүйемелдейтін болады, – делінген құзырлы басқарманың ақпаратында.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
