Ақсу қаласына қарасты Көктас елді мекенінің азаматтары өзеннің арғы бетіндегі шөбі шүйгін жайылымды алқаптан төрт түлікке шөп шабуға жете алмай, тағы дабыл қағуда. Өйткені, былтыр ғана қазынадан 34 млн теңге бөлініп, жөнделген ескі көпір биыл қайтадан суға батып, қатынас үзілді.
Жаз болса, Көктас тұрғындары қыстың азығына алаңдап, күнелтетін болдық деп қынжылады.
– Бұған дейінгі жылдары да ескірген көпірді реттеп, амалдауға тура келді. Өткен жылы 34 млн теңге бөлініп, жөнделген еді. Қыстың мал азығын дайындып алдық. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Биыл «баяғы жартас — сол жартас» болып отыр. Аспалы көпір суға батып кетті. Жөндеу жүргізген мердігер ұйым шығара алмады деп естідік. Тамызда өзеннің арғы жағынан шөп шабу науқаны басталады. Ал көпіріміз жарамсыз күйде жатыр. Жағдай қалай болатынын білмей отырмыз. Бұл көпірден енді қайыр жоқ. Біз аспалы емес, тұрақты көпір салып беруін сұраймыз. Әйтпесе, бір көпір үшін ауылдастарымызбен жылда айғай-шу көтеріп жүреміз бе? – дейді Көктас ауылының тұрғыны Зәуре Мүбәракова.
Жалпы, бұл Көктас көпірі арқылы арғы беттен тек Көктас елді мекенінің тұрғындары ғана шөп шаппайды. 1,5-2 мың гектарлық шөбі шүйгін шабындықта Қанаш Қамзин ауылдық округіне қарасты Айнакөл, Қарабай елді мекендерінің, Ақсу қаласына қарайтын Спутник, Пограничник ауылдарының да азаматтарының жер телімдері бар. Одан бөлек, өзеннің арғы бетіндегі электр желілеріне қызмет көрсету үшін көпірді «KEGOK» АҚ мамандары да пайдаланып келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы аспалы көпірдің бір бөлігі суға батып кеткенде металлургтер шаһарының ірі кәсіпорындарының көмегімен судан шығарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Яғни, дәнекерлейтін, байланыстыратын тұстарын ретке келтірді. Сол кезде де тұрғындар ескі көпірдің әлі талай жыл қызмет ететініне күмәнмен қараған еді. Одан кейін жаңасының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінетіні айтылды. Былтыр жаңа көпір салынбайтыны белгілі болды. Орнына көпірге ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттама жасалып, қазынадан 34 млн теңге бөлінген. «Стройэталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Яғни, ұзындығы 63 метрлік, ені 7 метрлік көпір толығымен судан шығарылып, оны 34 бөлікке бөліп, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізген. Әлі біраз жыл тұрғындар игілігіне қызмет етеді деген сенім болды. Бірақ биыл тағы да аспалы көпір су астында қалды.
Биыл сәуір айында көпірдің дәнекерленген тұстарында ақаулар пайда болып, аспалы конструкция-лары бүлінген. Салдарынан көктемгі су тасқынында батып кеткен. Сөйтіп жарамсыз болып қалыпты. Жөнделгеніне аз уақыт қана болған көпір суға батып кеткен соң ауылдық округ әкімдігі сотқа жүгініп, мердігер ұйымнан кепілдік міндеттемелер шеңберінде кемшіліктерді жоюды талап етті. Тараптар медиативтік келісімге келген. Яғни, мердігер компания 2026 жылдың 25 шілдесіне дейін қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруды міндетіне алған.
Тұрғындар белгіленген мерзімде мердігер міндетті орындай алмағанын көріп, мәселені қайта көтеруге мәжбүр болғандарын алға тартты. Мәселенің ары қарай қалай шешілетінін білмек мақсатында Қанаш Қамзин ауылдық округінің әкіміне хабарластық. Ауылдық округ әкімі Амангелді Рүстемовтің айтуынша, мердігер ұйым суға батқан көпірді шығара алмаған. Себебі, батқан бөліктерін құм басып қалған. Яғни, енді Көктастың аспалы көпірі жарамсыз болып қалды. Сондықтан әкімдіктегілер түйткілді шешудің тағы бір жолын қарастыру мақсатында Семей қаласына аттанды. Нақтысы, паром сатып алынбақ. Бұл жылжымалы құрылғымен техникаларды өзеннің бір жағасынан екіншісіне тасымалдау қызметі атқарылмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Ақсу қаласы.
