Қауіпті кездегі қолғанат

Шіл 30, 2026

Өрт – тілсіз жау, тұтқиылдан келгенде жылдам әрі кәсіби қимылды қажет етеді. Қанша тәжірибе мен құрал-жабдық болса да, ылғи оны ауыздықтау өрт сөндіршуілерге оңайға соқпайды. Әсіресе, жарылу ықтималдығы басым жерлерде адамның өміріне қаупі зор. Міне, осындай аса күрделі аумақтарға павлодарлық төтенше жағдай саласының мамандары робот-өрт сөндірушіні қолданбақ.

Яғни, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент цифрландыру заманында заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда. Осылайша, төтенше жағдайларды жою кезінде жеке құрамның қауіпсіздігін барынша арттыруды мақсат еткен. Сөйтіп, өткен жылы күзде департамент басшылығы қауіптілігі өте жоғары жағдайда өрт сөндіру кезінде қолданылатын робот құрастыру идеясын ойлайды. Мұндай қондырғы-техниканы жасайтын отандық компания іздестіріп, алматылық «Қалқан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен байланысқа шығады.

Департаменттің өрт сөндіруді ұйымдастыру және апаттық құтқару жұмыстары басқармасының өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі Азамат Қанағатовтың айтуынша, алты ай ішінде компания ұсынған талаптар негізінде робот-өрт сөндірушіні құрастырып берген.

– Бұл роботталған өртке қарсы платформа. Біздің департаментіміз оны «Қалқан-7» компаниясымен бірлесіп жасады. Аталған платформа қауіптілігі жоғары жағдайларда өрт сөндіру үшін қолданылады. Нақтысы, мұнай өнімдері сақталған резервуарлық парктерде орын алған өрт сөндіру кезінде, адам өміріне қауіпті заттар және жарылу әрі конструкциялардың құлау қаупі бар аумақтарда қолданылады. Робот-өрт сөндірушінің басты артықшылығы – қашықтықтан басқару мүмкіндігі. Бұл дегеніңіз, апатты-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде құтқарушылардың өмірі мен денсаулығына келетін қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Азамат Қанағатов.

Яғни, температурасы жоғары, жарылып, жан-жақты жайпап тастауы ықтимал аумақтарда құтқарушылардың өмірін сақтау үшін алыстан өрттің бел ортасына апарылатын аппарат десе болады. Оның кәдімгі қозғалтқышы бар. Роботтандырылған платформа ауамен салқындатылатын бензинді ішкі жану  қозғалтқышымен жабдықталған. Бұл қуаттың сыртқы көздерінен тәуелсіз етеді, сондай-ақ, оның автономды жұмысының уақытын айтарлықтай арттырады. Алыстан пультпен басқарылатын техника адам жете алмайтын аумаққа жіберіледі.

– Робот кәдімгі өрт сөндіру көлігіне жалғанып тұрады. Робот-өрт сөндіруші діттеген жерге жеткенде көліктен өрт сөндіру түтігі арқылы су немесе арнайы көбік жіберіледі. Осылайша, қауіпті аймақтағы өрт ауыздықталады. Жылдамдығының үш режимі бар – баяу, сәл жылдам және жылдам. Пультті басқаратын адам роботтың жүріп бара жатқан жолын, алдындағы ахуалды экраннан көріп тұрады. Соған сай бағытын өзгертіп, жылдамдығын да басқарады. Негізі, робот сағатына 10 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Отандық бұл техниканың тарту қуаты өте жоғары әрі жұмыстар жүргізілетін орынға өрт сөндіру шлангісін сулы көбікті қоспамен 100 метрден астам қашықтықтан жылжытып, жеткізе алады. Оған қоса, платформаның конструкциясында алға қойылған міндеттерге байланысты қосымша жабдықтар орнату мүмкіндігі қарастырылған, – дейді департаменттегілер.

Платформаның өз салмағы — 480 келі, ал жүк көтеру мүмкіндігі 200 келіні құрайды. Бір автокөлікті сүйрейтіндей күш бар. Гидравликалық жетектің пайдаланылуы техниканың жоғары қуатын, өтуін әрі сенімділігін қамтамасыз ететін көрінеді. Сондай-ақ, робот-өрт сөндіруші -40 гра-
дустан +40 градусқа дейінгі темпера-тура диапазонында жұмыс істеуге бейімделген. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін тұрақты бақылануын сақтай алады.

– Қазіргі таңда роботтандырылған өртке қарсы платформа оны пайдалануды талап ететін төтенше жағдайлардың жоқтығына байланысты нақты өрт сөндіру кезінде қолданылған жоқ. Десе де, өрт сөндіру-тактикалық оқу және практикалық жаттығулар кезінде ылғи қолданылады. Сол кезде оның тиімділігін және алға қойған міндеттерді орындауға әзірлігін көрсетуде, – дейді Азамат Қанағатов.

Мұндай заманауи технологияларды енгізу азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы батыл қадамдардың бірі саналады. Ал роботтандырылған кешендерді пайдалану құтқарушылардың қауіпсіздігін, адам өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін жағдайларда жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттырмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.