Биыл күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес пайдалануда жүргеніне 10 жылдан асқан автомобильдерге төленетін көлік салығына жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, зауыттан шыққанына 10-20 жыл толған автокөлік иелері негізгі мөлшерлемеден 30 пайыз аз төлейді. Ал 20 жылдан астам уақыт қолданыстағыларына 50 пайыз-
дық жеңілдік беріліп отыр.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиевтің айтуынша, облыста 147 мың автокөлік иесі тіркелген. Олардың меншігінде 222 мыңнан астам автокөлік бар. Соның ішінде 62 мыңнан астам көліктің «жасы» 10-20 жыл болса, 120 мың автомобильдің қолданыста жүргеніне 20 жылдан асып кеткен. Сонда облыстағы барлық автомобильдердің тек 18 пайызының қолданыстағы уақыты 10 жылға жетпеген. Биыл 1 сәуірге азаматтар 2025 жылдың көлік салығын төлеуі тиіс еді. Алайда, қазіргі таңда 15 мыңнан астам көлік иесінің бюджетке берешегі бар. Нақтысы, 942 млн теңге қарызы қалыптасқан.
– Алдымен, ескертулер қалыптастырылып, салық төлеушілерге жолданды. Көлік салығын төлемегендерге 30 күн беріледі. Осы аралықта төлемесе, салықтық бұйрық шығарылады. 5 жұмыс күні ішінде берешек иесі оны орындамаса, бұл бұйрық автоматты түрде электронды арналар арқылы жеке сот орындаушылар палатасына жолданады. Ары қарай мәжбүрлі түрде өндіріп алу әрекеті қолданылады, – дейді Арман Таболдыұлы.
Бұдан бөлек, салық органдары сот орындаушылар палатасымен, полиция департаментіме бірлесіп, рейдтік шаралар жүргізеді. Биыл жыл басынан бері осындай 95 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде 423 салық төлеуші барлығы 66 млн теңге көлемінде берешегін өтеді. Былтыр осындай рейдтер барысында 3 мыңнан астам азамат 160 млн теңге қарызын қазынаға төлепті. Әлі де бұл жұмыстар жалғаспақ.
Кіріс органы жеке тұлғалардың мүлік кірісіне қатысты тағы бір өзгерісті азаматтар есіне салды. Яғни, бұрын сатып алған жылжымайтын мүлікті – пәтер, автотұрақ, паркинг, жер телімі, саяжайды бір жылғ толмай сатып жіберсе, үстінен көрген пайдасына салық төлейтін. Енді оның мерзімі екі жылға созылды. Бұл дегеніңіз сатып алған жылжымайтын мүлікті, екі жыл ішінде сатса, көрген пайдасының 10 пайызы көлемінде мүлік кірісі үшін салық төлейді. Ал көлікті бір жыл өтпей сатқан жағдайда үстінен пайда көрсе, соның 10 пайызын мемлекетке мүліктік кіріс төлейді. Мәселен, 10 млн теңгеге алған машинаны бір жылға жетпей 15 млн теңгеге сатса, 5 млн теңгенің
10 пайызы мөлшерінде салық төлейді.
Ал облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Расул Ахметуәлиев жек етұлғалардың мүліктік салығына тоқталды. Азаматтар қазана йының біріне дейін мүлік салығын төлеуі тиіс. Департамент өкілі екі ай ғана қалғанын тұрғындарға ескертті. Жалпы, бұған дейінгі кезендер үшін мүлік салығын 28 мың адам төлемегенін де атап өтті. Олардың 42,7 млн теңге берешегі тіркелген. Қазіргі таңда 2025 жыл үшін аймағымызда 268 мың жеке тұлға 346,6 млн теңге салық төлеуі керек. Бүгінде оның 97,9 млн теңгесі бюджетке түскен. Бұл салықтарды екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, E-salyq қосымшасы арқылы төлеуге болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
