Павлодар қаласында дрон өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен өндіріс орнында экономиканың сантүрлі саласында, қорғаныс бағытында да кәдеге жарайтын дрондар құрастырылмақ. Яғни, Оңтүстік Корея елі аталмыш өнімді шығарудың озық технологиясымен бөліседі. Ал шикізат пен қажетті материалдардың басым бөлігі қазақстандық өнім болмақ.
«DQB Group» кәсіпорнының бас директоры Ержан Әуезовтің айтуынша, Оңтүстік Корея тарапынан технологиялар трансфертімен бірге 1 млн АҚШ дол-
лары көлемінде инвестиция салынып отыр. Қазақстандық кәсіпорын да өндірістің бірінші кезеңіне осындай көлемде қаржы құйған.
– Жаңа өндіріс орны ғана емес, бұл – отандық өнеркәсіп, заманауи технологияларды дамыту, қазақстандық инженерлер мен мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер. Жоба біраз уақыт бұрын батыл идея ғана сияқты еді, міне, қаншама кездесулер мен келіссөздер нәтижесінде іске асып отыр. Бұл өндіріс – мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысының жарқын нәтижесі. Мамандарымызды Корея еліне жіберіп оқыттық. Бір ай ішінде Корей елінің инженерлері келіп, дрон өндірісін іске қосуға көмектесті. Қазіргі уақытта дронның төрт үлгісі жасалды. Бұл кәсіпорынның басты ерекшелігі – технологиялардың әкелінуі мен бағдарламалық қамтамасыз етілуінде. Біздің дрондарымыз әртүрлі салада қолданылады. Өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да, төтенше жағдайларды жою, оқшаулау кезінде де пайдаланылады. Кәсіпорынды локализациялауды бірнеше кезеңге бөлдік. Екі жыл ішінде локализациялау дәрежесін 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр Қазіргі таңда 49 пайызды құрады. Яғни, бағдарламалық қамсыздандыру ішінара өзіміздікі, дрондарды дайындау шикізаты мен корпусы –
отандық материалдар, – деді Ержан Әуезов.
«Kazakhstan-Korea Drone Systems» жаңа өндіріс орны жылына 1 мың дана дрон шығаруға қауқарлы. Бір дронның құны шамамен 10 млн теңгеден 80 млн теңгеге дейін тұрады. Бірлескен компанияның бас директорының айтуынша, Қазақстан нарығында мемлекеттің органдар тарапынан да, квазисектордан да сұраныстың, қызығушылықтың бары байқалады. Негізі, дрондар екі мақсатта қолдануға жарайды. Яғни, шаруалар шауашылыққа мониторинг жүргізу, кішігірім жүктерді жеткізуге де пайдалануларына болады. Әскери мақсатта да қолдануға болады. Кәсіпорында жасалған дрондардың 4 моделінің бірі 100 шақырымға дейін ұшуға, 5 келіге дейін жүк көтеруге қауқарлы. Әзірше, барлық ұшу аппараттарына стандартты аккумуляторлар орнатылған. Кәсіпорын басшылығы кореялық әріптестерімен бірлесіп, алдағы уақытта еліміздің желі мен климатына жарайтын, ішкі жану қозғалтқышымен қатынайтын дрондарды жасауды пысықтап жатқандарын атап өтті. Айта кету керек, қазақстандық кәсіпорын 12 жыл бұрын құрылған. Яғни, ұшу құрылғыларынен бөлек, жаңа технологияға негізделген өнімдер шығарылады. Мәселен, «Ертіс» атауымен аэроқайық құрастырылған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке таныстырылған өнер табысы жоғары бағаланыпты. Сонымен қатар, азаматтық және күштік құрылымдарға арналған жол талғамайтын багги көлігінің екі түрін және тіркеме техника өндірісін қолға алған. Айта кету керек, жоба Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға да қызмет етпек.
Қазақстандық кәсіпорынмен бірлескен өндіріс құрған кореялық «PRENEU» компаниясының бас дирек-торы Ли Джон Ген алда әлемдік нарыққа шығуды көздейтіндерін атап өтті.
– Ұшқышсыз ұшатын аппараттар саласында шетелдік жобаларды жүзеге асыру кезінде қабылдайтын тараптың техникалық дамуы аса қажет. Қазақстанға технологияларымызбен бөлісуде осы кәсіпорынға инвестиция салуды шештік және бірінші кезеңде ұшқышсыз аппараттарды құрастыруды жүзеге асырмақпыз. Егер компаниямыз тек дайын шешімдерін ұсынса, ол біз үшін шығынды болар еді. Өйткені, әрдайым келу немесе мамандарымызды жиі жіберу, аппараттарды қосуға қатысу қаншама шығын келтіреді. Сондықтан технологиямызды үйретіп, бөлісу тиімдірек. Негізгі мақсатымыз – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша азаматтық, қорғаныс және өзге де өнеркәсіптік салаларға дронымызды сату. Кейін Еуропа нарығына да шығу ойымызда бар, – деді Ли Джон Ген.
Бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері Корея еліне барып, оқудан өтті. Сол мамандар аталмыш кәсіпорында еңбек етуде.
Жалпы, облыс орталығының өнеркәсіп аймағында орналасқан «DQB Group» компаниясы бүгінде 6 гектар аумақты алып жатыр. Тағы қосымша жер теліміне рұқсат алған. Яғни, кәсіпорын өрісін әлі де кеңейтуді көздеп отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
