Алғашқы қоңырауға алғашқы қадам

Шіл 30, 2026

Павлодар облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау жалғасуда. Биыл өңір мектептері 11 мыңға жуық бүлдіршінді қабылдауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жоспарланған көрсеткіштің басым бөлігі орындалып, ата-аналардан 9 мыңға жуық өтініш түскен. Бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі, қажетті құжаттар мен онлайн өтініш беру мүмкіндіктері туралы облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Абаева айтып берді.

— Айнагүл Қайроллақызы, биыл Павлодар облысында бірінші сыныпқа қанша оқушы қабылданады деп жоспарланып  отыр?

— Өңірімізде 1-сыныпқа шамамен 11 мың бүлдіршін қабылдау жоспарланған. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау жұмыстары Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес 18 маусымда басталды. Бүгінде ата-аналардан 9 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл жоспарланған  көрсеткіштің шамамен 82 пайызын құрайды. Олардың ішінде 49 пайызы орыс сыныбы болса, қазақ сыныбына 51 пайыз бала қабылданған. Ал құжаттарды қабылдау науқаны 31 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан әлі де өтініш тапсыруға мүмкіндік бар.

— Қазіргі таңда ата-аналар баласын 1-сыныпқа қандай жолдармен тіркей алады?

— Ата-аналарға құжат тапсы-рудың бірнеше ыңғайлы тәсілі қарастырылған. Олар өтінішті OQU ұлттық білім беру платформасы немесе eGov.kz порталы арқылы тіркей алады. Бұған қоса, мектепке тікелей барып, қағаз түрінде тапсыру мүмкіндігі де сақталған. Қандай тәсілде өтінім берілсе де, белгіленген тәртіпке сай өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады.

— 1-сыныпқа қабылдау үшін қандай құжат ұсынылуы қажет екенін еске сала кетсеңіз…

— Баланы бірінші сыныпқа қабылдау үшін ең алдымен ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші қажет. Сонымен қатар, баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті, денсаулық паспорты және профилактикалық-медици-налық-педагогикалық кеңестің қорытындысы қажет ететін санатқа жатса, онда тиісті қорытынды қосымша тапсырылады. Бұдан өзге құжаттардың толық әрі дұрыс рәсімделуі қабылдау жұмысының жеделдігіне әсер ететінін айта кеткен жөн.

— Оқушы саны көп мектептерде қабылдау қалай жүргізіледі?

— Иә, кейбір білім беру ұйым-дарында орын саны шектеулі болуы мүмкін. Мұндай кезде қабылдау Оқу-ағарту министрлігінің №564  бұйрығына сәйкес жүзеге асады. Ең алдымен мектептің қызмет көрсету аумағында тұрғылықты тұратын балалар қабылданады. Қабылдау тәртібіне сәйкес үш бала мектеп аумағынан қабылданса, келесі орын мектеп аумағынан тыс жерде тұратын балаға беріледі. Бұл талап мектептердің жүктемесін реттеуге және сол аумақта тұратын балалардың білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

— Онлайн құжат тапсыру кезінде қандай мәселелер туындауы мүмкін? Әрі ондай жағдайда ата-аналарға қандай қолдау көрсетіледі?

— Электронды құжат ата-ана-лардың уақытын үнемдеп, құжат-тарды қашықтықтан тапсыруына мүмкіндік береді. Соған қарамастан кейбір жағдайда техникалық ақаулар, интернетке байланысты қиындықтар немесе құжаттарды дұрыс жүктемеу сияқты мәселелер туындауы мүмкін.  Осындай жағдайларда әкімшілігі мен жауапты мамандар ата-аналарға қажетті кеңес беріп, өтінішті дұрыс рәсімдеуге көмектеседі. Сондықтан қандай да бір қиындық туған жағдайда бірден білім беру ұйымына жүгінуге болады.

— Сұхбатыңызға, рақмет!

Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.