Құрылысшылар күні қарсаңында Павлодар қала-сында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектептің құрылыс алаңына бардық. Күннің ыстығына қара-мастан мұнда таңсәріден жұмыс қызу. Құрылыс бір күн де тоқтаған емес. Сол тынымсыз тірліктің нәтижесі болар, үш қабатты ғимараттағы жоспарлы жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Білім ордасын мердігер кәсіпорын биыл жыл соңына дейін қолданысқа беруге әзір.
Мектеп құрылысын «Ай-Су Мелиорация» компаниясы жүргізуде. Нысандағы құрылыс жұмыстарына жауапты Денис Товпеконың айтуынша, қазіргі таңда жобаға сәйкес жұмыстар 50 пайызға атқарылған.
– Мектеп құрылысын бір сәтке тоқтатқан жоқпыз. Ішкі кірпіш толық қаланды. Үшінші қабаты да аяқталды. Сыртқы қасбетті қаптау жұмыстары басталып кетті. Шатыры 90 пайызға жабылды. Терезелерін монтаждау жұмыстары да 90 пайызға жуықтады. Құрылыс алаңында 150 адам таңғы жетіден кешкі жетіге дейін еңбек етуде. Әркім өзіне жүктелген жұмысты уақытылы әрі сапалы атқаруға күш салуда. Қолданылып жатқан құрылыс материалдарының басым бөлігі – отандық өнім. Екібастұздың кірпішін қолданамыз. Материалдарды уақытылы жеткізудің нәтижесінде құрылыс қарқынды, үздіксіз жүріп жатыр. Мектеп болашақта балалар білім алатын орын болғандықтан, оның сапасына, қауіпсіздігіне баса мән береміз. Жұмыстардың талапқа сай атқарылуы құзырлы органдар тарапынан қадағаланады, – дейді Денис Михайлович.
Мердігер ұйым қара суыққа дейін нысанның сыртқы жұмыстарын толық аяқтауды көздеп отыр. Тіпті, ғимараттың аумағын абаттандырып, футбол, баскетбол алаңдарын, жүгіру жолақтарын да орнатып тастамақ. Ал күн суықта ішкі әрлеу, жиһаздарды жайғастыру жұмыстарын тиянақтауды мақсат еткен. Айта кетейік, қазірдің өзінде нысанда сыртқы жұмыстармен қатар ішкі әрлеу жұмыстары да басталып кетіпті. Еденге бетон құйылып, қабырғалары тегістеліп, әктелуде. Қазіргі таңда нысан
100 пайыз электрмен жабдықталған. Жылумен қамту жүйелерінің 90 пайызы орнатылған. Мектеп алдына кеспетас төсеу үшін орын әзірлеуде. Кеспетас та жеткізілген.
Міне, осындай қызу жұмыс ортасында маңдай термен еңбек етіп, бар білгенімен бөлісіп жүрген мамандардың бірі – Иван Дегтяренко. «Ай-Су Мелиорация» компаниясына келгеніне 4 жыл ғана болғанымен, құрылыс саласына бала кезінен қанық. Өзге де құрылыс фирмаларында еңбек еткен, тәжірибесі мол.
– Ақтоғай ауданында туып-өстік. Анам бес баланы өзі асырады. Бізді де еңбекке ерте баулыды. Анам кезінде жиһаз фирмасында үстел, орындық құрастырып, бояумен айналысты. Кейін сауыншы да болды. Көп жыл ауылдықтардың тапсырысымен пеш қалап, мұржа орнатудың шебері болды. Кірпіш қалауды бала кезден көріп, біліп өстім. Өзім кешкі мектепте 10-11-сыныпты оқып, күндіз жұмыс істеп, анама қолғабыс жасаған едім. Көлік жүргізушісі мамандығын оқыдым.Жүк көтеретін ауыр техникаларды тізгіндеп те жұмыс істедім. Ағаш өңдеуші кәсіпорында ағашты кептіру жұмысын атқардым. Ол да жауапты қызмет еді. Кейін монтаждаушы, стропальщик, газбен кесуші мамандықтарын меңгеріп алдым. Жан-жақты болуға өмір үйретті. Кез келген құрылыс жұмыстарын атқара беруге икемім бар, – дейді Иван Александрович.
Қазіргі таңда ол мектеп құрылысында бетонның
сапалы құйылып, металл, монолиттік конструкция-лардың мінсіз орна-тылуына жауапты. Бұл бөліктер кез келген нысанның басты тірегі екенін ескерсек, кейіпкеріміздің құрылыс алаңындағы жауапкершілігі зор. Монолиттік бөліктердегі барлық жұмыстарды атқарады. Арматуралық конс-трукциялардың тиісінше сәйкес келуін қадағалайды. Бетонның сапалы болуына да мән береді.
Кірпіш қалаудан да хабары бар Иван Александрович бұл жұмыстардың 30 сәуірде басталып, бір кідіріссіз жүр-
гізілгенін айтады. Өйткені, екібастұздық кірпіш шығаратын зауыт өнімін кешіктірмей жеткізіп отырған. Құрылыс алаңындағы бетон араластыратын техника да тоқтаусыз жұмыс істеп, нәтижесінде нысанның қабырғасы тез тұрғызылған. Бұл ретте, мамандар оның сапасын назардан тыс қалдырмайтындарын айтады. Қабырғаға 1,5 кір-
піштен қаланды. Яғни, ені – 38 сантиметр. Осы орайда, әр кірпіштің кетігін тауып қалануы үшін, нық орнығуы үшін әрбір үш қатардан кейін кірпіш торын төсеп отырған көрінеді. Құрылысшылар мектептің сырты линеарлық панельмен қапталатынын айтады. Тек кіреберіс бөлігіне сырты сәндік кірпішпен қапталады.
Кейіпкеріміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қызы – тұрмыста. Ал 21 жастағы ұлы Юрий әке жолын қуып, құрылыс саласына аяқ басыпты. Ол мұнда монтаждаушы-стропальщик міндетін атқарады. Иван Дегтяренко ұлын компьютерге, жаман әдетке жолатпай, еңбекке баулып өсіргенін айтады. Нәтижесінде, колледжде құры-лысқа қажетті мамандықты меңгеріп шыққан. Монтаж-даушы маман кұрылыста жұмыс істеу жанына жақын екенін айтады.
– Бұған дейін жылумен қамтитын құбырларды мон-
таждау жұмыстарын да атқардым. Павлодардағы «Достық» шағын ауданындағы мектептің құрылысын аяқ-
тауға атсалыстым. Өзім араласқан, қолымның табы тиген ғимараттардың жанынан өткенде, әрине, кеудеңді қуаныш кернейді. Себебі, орны дайындалып, іргетесі қаланған сәттен бастап күн сайын биікке қарай бойлағаны көз алдымызда. Кейін мұны ұрпағымызға мақтанышпен айтып отырамыз. Жалпы, жұмыстың жемісін көру – бақыт қой, – дейді И.Дегтяренко.
Ал құрылыс алаңындағы жұмыстарға жауапты, «Ай-Су Мелиорация» компаниясында 20 жылға жуық еңбек ететін Денис Михайлович құрылыста жұмыс істеудің оңай еместігін айтады. Сондықтан да жастар жағының бұл салаға келуі сиреген. Ауыр жұмысқа тәжірибелі мамандарды табу қиын екенін жасырмады. Десе де, тәжірибесі жоқ азаматтарды қабылдап, оларға үйретіп, қатарға қосып алғандар да аз емес көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар қаласы Усолка шағын ауданында салынып жатқан мектеп 1200 орынға шақталған. Құрылысы биыл көктемде басталды. Бұл білім ордасы аталмыш аумақтағы мектептердегі орын тапшылығын жоюға жол ашады деп күтілуде. Себебі, маңайындағы мектептердің көбінде оқушылар екі-үш ауысыммен оқиды. Мектеп салынып жатқан аумақтың жалпы ауданы 2,6 гектар болса, ғимараттың ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Тоғыз блоктан тұрады. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке корпустар салынуда. Әкімшілік бөлім, кітапхана, екі спортзал, мәжіліс залы, асхана қарастырылған. Ал мектеп ауласында толық көлемді футбол алаңы, жүгіру жолақтары, волейбол, баскетбол алаңдары болады. Мектеп жаңа жиһазбен толық жабдықталмақ.
Осылайша, облыс орталығының білім саласы тағы бір заманауи, кең мектеппен толығады. Оқушы-лардың алаңсыз оқуына жайлы жағдай жасалады. Бұл мектеп құрылысы – өңірімізде қолға алынған ірі жобалардың бірі.
Жалпы, биыл облыста құрылыс көлемінің артқанын
айта кеткен жөн. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жарты жылда 193 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда
29,6 пайызға жоғары.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
