Бүгінде ұлттық ою-өрнектерді заман талабына сай жаңғыртып, күнделікті тұрмысқа енгізіп жүрген шеберлер аз емес. Солардың бірі – павлодарлық шебер әрі кәсіпкер Динара Жанбаева. Ол табиғи былғарыдан қолмен тігілетін сәнді сөмкелерге қазақы ою-өрнек бедерлеп, ұлттық нақышты жаңа қырынан танытып келеді.
Динара Жанбаева былғары бұйымдарын тігумен бірнеше жылдан бері айналысады. Ал 2023 жылы өз кәсібін кеңейтіп, жеке шеберханасын ашқан. Бұған дейін жасанды былғарымен жұмыс істесе, бүгінде тек табиғи теріні пайдаланады. Шикізатты Шымкенттегі отандық былғары өңдеу кәсіпорнынан сатып алады. Оның айтуынша, сапалы өнім шығарудың алғашқы шарты – сапалы материал.
Шеберханада әйелдерге арналған қолсөмкелер, ноутбук сөмкелері, әмияндар мен түрлі былғары аксессуар дайындалады. Әрбір үлгі қайталанбас дизайнмен ерекшеленеді және өзіндік атауға ие. Соңғы әзірленген топтамалардың бірі «Шабыт» деп аталады. Бұл атаудың өзі-ақ шебердің әр бұйымды ерекше көңіл-күймен, жаңа идеямен дүниеге әкелетінін аңғартады.
Динара үшін басты құндылық – ұлттық нақышты жоғалтпау. Сондықтан оның туындыларының басым бөлігінде қазақы ою-өрнек міндетті түрде қолданылады.
– Мен үшін әр сөмке – жай ғана сәндік бұйым емес. Оның бойында халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс табуы керек. Сондықтан қазақтың ою-өрнегін заманауи үлгімен үйлестіруге тырысамын. Жастар да ұлттық нақыштағы дүниелерді күнделікті өмірде қолданса екен деген ниетім бар. Ұлттық мұраны сақтап қалудың бір жолы – оны өмірдің бір бөлшегіне айналдыру, – дейді ол.
Қазірде шеберханада Динараның өзімен бірге тағы 2 маман еңбек етеді. Олар да былғарыны өңдеу мен қолмен тігудің барлық қыр-сырын кәсіпкердің өзінен үйренген. Оның айтуынша, бұл кәсіпте маңыздысы –
тәжірибе мен төзім.
Шебердің айтуынша, былғары сөмкенің дүниеге келуі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен тері мұқият таңдалып, арнайы қалып бойынша кесіледі. Одан кейін барлық бөлігі қолмен белгіленіп, арнайы құралдың көмегімен ине өтетін тесіктер жасалады. Соңында әрбір тігіс балауыз жағылған берік жіппен қолмен тігіледі. Машинамен бірнеше минутта орындалатын жұмысты қолмен жасау әлдеқайда ұзақ уақытты талап етеді. Дегенмен, дәл осы әдіс бұйымның сапасын арттырып, ұзақ жыл бойы қолдануға мүмкіндік береді.
Үлкен көлемдегі бір сөмкені әзірлеуге үш-төрт күн уақыт кетеді. Ал шағын үлгілерді жарты күн ішінде аяқтауға болады. Сондықтан өндіріс көлемі әзірге көп емес. Ай сайын шеберханадан орта есеппен 25-30 сөмке ғана шығады.
– Қолмен жұмыс істегендіктен әр бұйымға көп уақыт жұмсалады. Бірақ сападан ешқашан бас тартқым келмейді. Болашақта арнайы жабдық сатып алсам, өндірісті бірнеше есе ұлғайтып, қол еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Сонда маркетплейстерге шығып, өнімдерімізді Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен таныстыруды жоспарлап отырмын, – дейді Д.Жанбаева.
Шебердің қолынан шыққан әрбір бұйымның бағасы да оның сапасы мен жұмсалған еңбегіне сай. Мәселен, шағын көлемдегі сөмкелердің құны 20 мың теңгеден басталады. Ал күрделі ою-өрнекпен безендірілген, көлемі үлкен үлгілердің бағасы одан да жоғары. Неліктен қолсөмкелердің құны қымбаттау екенін сұрағанымызда, Динара Жанбаева әр бұйымның артында бірнеше күндік тынымсыз еңбек жатқанын айтты.
– Бұл – жаппай өндірістен шығатын өнім емес. Әр сөмкенің пішіні қолмен кесіледі, өрнегі жеке түсіріледі, ине өтетін тесіктері арнайы құралмен бір-бірлеп тесіліп, кейін әр тігісі балауыз жағылған жіппен қолмен тігіледі. Бір бұйымды дайындауға кейде 4 күнге дейін уақыт кетеді. Сондықтан бағасы тек материалдың емес, қол еңбегінің де құнын көрсетеді, – дейді шебер.
Расында, шеберханада дүниеге келетін әр сөмке – бір-біріне ұқсамайтын дара туынды. Терінің бетіне түскен әрбір өрнек пен жіптің әр ілмегі шебердің төзімі мен мұқият еңбегін аңғартады. Сондықтан бұл бұйымдардың құны сәндік аксессуардың бағасымен ғана емес, ұлттық нақышты сақтап, қолөнерді дәріптеген шынайы еңбектің өлшемімен бағаланады.
Ұлттық нақыштағы былғары бұйымдарға еліміздің әр өңірінен сұраныс бар. Әсіресе Алматы қаласынан тапсырыс жиі түседі. Сонымен қатар, шетелде тұратын қазақстандықтар да ұлттық өрнекпен безендірілген сөмкелерге қызығушылық танытып, арнайы тапсырыс бере бастаған. Бұл отандық өнімнің сапасына деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.
