Барлығы интернетпен қамтылады

Там 6, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Ауылдағы интернет бүгінде жай ғана байланыс құралы емес, білімге, медицинаға, мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистерге апарар негізгі көпірге айналды. Сондықтан облыста цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп, шалғай елді мекендерді сапалы интернет және ұялы байланыспен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында талқыланды.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіповтің мәліметінше, бүгінде облыста 345 ауылдық елді мекеннің 336-сы немесе 97,3 пайызы ұялы байланыспен, 344-і (99,7 пайыз) интернетпен қамтылған. Қазіргі уақытта тек 9 ауылда ұялы байланыс жоқ. Ал интернет желісі Баянауыл ауданының Ақши ауылына әлі жетпеген.

Өңірдегі интернет сапасын жақсарту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында облыстағы 207 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Соған сәйкес биыл 137 ауыл, келесі жылы тағы 66 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қазірдің өзінде Шарбақты ауданындағы 6 ауылда құрылыс толық аяқталса, Баянауыл ауда-нының Ақши мен Ұзын-бұлақ ауылдарында қажетті жұмыстар басталған.

Ұялы байланыс инфра-құрылымы да кезең-кезе-ңімен жаңартылуда. Өткен жылы Успен ауданындағы Богатырь мен Белоусовка, Аққулы ауданындағы Жамбыл, Ақсу қаласына қарасты Айнакөл және Павлодар ауданындағы Қаракөл ауылдары 4G желісімен қамтылды. Ал Қараағаш, Қызылқақ, Сілеті, Шабар және Сынтас ауылдарында антенна-мачталық құрылымдар салынды. Beeline байланыс операторы қажетті жабдықтарды орнатқаннан кейін бұл ауылдардың тұрғындары да 4G LTE желісін пайдалана алады.

Сонымен қатар, тұрғыны аз 13 ауылда OneWeb спутниктік интернеті мен қоғамдық Wi‑Fi нүктелері жұмыс істеп тұр. Ал өңірдегі барлық 128 ауыл мектебі талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылып, Starlink жүйесі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.

Инвестициялық жоба аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы саны 12 антенна-мачталық құрылым салу жоспарланып отыр. Аталған жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын цифрландыруға және халықты сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде автожолдарда қатынайтын азаматтар мен жол бойында орналасқан елді мекен тұрғындары үшін ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасы айтарлықтай жақсарады.

Қазіргі уақытта барлық 12 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленген. Оның ішінде 7 жоба «Транстелеком» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алынған. Сонымен қатар, 3 жоба бойынша аукцион жария-ланып, инвесторларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған 2 жоба бойынша өткізілген аукцион нәтижесіз аяқталғандықтан, оларды қайта ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Жиын барысында облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданындағы Саты және Успен ауданындағы Тобылжан ауылдарын ұялы байланыспен қамту мерзімінің созылып кеткеніне назар аударды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды дайындап қойған Қызылқақ, Сілеті, Қараағаш, Шабар, Сахновка және Балтасап ауылдарында 4G желісін уақытылы іске қосу қажеттігін айтты.

Компания өкілінің айтуынша, 2025 жылғы қараша айында лицензиялық міндеттемелер қайта қаралған. Аталған елді мекендер жоспардан шығарылмаған, алайда оларды байланыспен қамтамасыз ету мерзімі 2030 жылға ауыстырылған.

– Мұндай шешім министрлік деңгейінде қабылданғандықтан, нақты себептері бойынша түсінік-теме бере алмаймын, – деді компания өкілі. Ал Саты ауылында қазіргі уақытта ұялы байланыс бар. Бұған дейін Абай ауылында антенналық-діңгектік құрылыс қате координаттар бойынша орнатылған. Бұған елді мекен атауларының өзгеруі және картографиялық деректердің сәйкес келмеуі себеп болған. Кейін Байланыс инспекциясы мамандары тексеру жүргізіп, Саты ауылында ұялы байланыс сигналы бар екенін растады, – деді Ердос Жүсіпов.

Облыс әкімі жобалардың белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екенін атап өтті.

– Бастысы – бұл жобалардың жоспардан кешікпеуін қамтамасыз ету. Халыққа жол бойындағы интернет пен ұялы байланыстың сапасын жақсартуға уәде бердік. Сондықтан жұмыстар уақытылы аяқталуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Жиын соңында аймақ басшысы цифрлық технологиялар басқармасына «Транстелеком» АҚ және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін қалған нысандар бойынша жобалық құжаттарды әзірлеуді аяқтап, аукцион рәсімдерін өткізу мен құрылыс жұмыстарын уақытылы бастауды тапсырды. Сонымен қатар, 31 тамызға дейін байланыс операторларымен бірлесіп, тұрғыны аз ауылдарды ұялы байланыспен қамтудың нақты тетіктерін айқындап, биыл және келесі жылы қосылатын елді мекендердің тізімін бекіту міндеті қойылды. Ал «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы 20 тамызға дейін Саты мен Тобылжан ауылдарын желіге қосуға дайындық жұмыстарын аяқтауы тиіс. «Кар-Тел» компаниясына Қызылқақ, Сілеті, Қараағаш, Шабар, Сахновка және Балтасап ауылдарында 4G желісін іске қосу тапсырылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.