Өзекті мәселелер – басты назарда

Там 6, 2026

Ақсу қаласының жақында ғана тағайындалған жаңа әкімі Әнуарбек Аманов қызметін тұрғындармен тілдесіп, азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша аулаларды аралап, инфрақұрылымдық нысандарға барудан бастады.

Алдымен Әнуарбек Дүйсембайұлы Instagram әлеуметтік желісі арқылы тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша жұртшылықпен жүздесті. Соның барысында шағым-өтініш көп түскен мекенжайларға барып, көтерілген мәселелерді сол жерде қарастырып, шешудің нақты мерзімдерін айқындады. Жұмыс барысында жертөлені су басу, аулалардағы жолдарды жөндеу, жол жиектерін қалпына келтіру, көше жарығын жаңғырту, қоқыс жәшіктерін орнату, су тарту бағанасын ауыстыру, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелері көтерілді. Әрқайсысы бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, шаһар басшысы негізгі инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты. Әуезов пен Дөнентаев көшелерінің қиылысындағы кәріз коллекторын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын байқап, жобаның қазіргі кезеңі, жұмыс кестесінің орындалуын тексерді. Кейін Ленин көшесі, 55/1 мекенжайындағы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге барып, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын, туындап отырған мәселелерді және оларды аяқтау мерзімдерін талқылады.

— Инженерлік желілерді жаңғырту – тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды міндеттердің бірі, — деп түйіндеді қала әкімі.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Ақсу қаласы