Жылыту маусымына әзірлік жер-жерде қызу. Қыстың аязына ертерек қамдану әрекеттері атқарылуда. Мұндай жұмыс Тереңкөл ауданында да қолға алынған.
Мәселен, Тереңкөл ауылында аудандық әкімдік ғимаратына жаңа қазандық салынып жатыр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 1966 жылы салынған нысанға жасалған сараптама нәтижесінде қазандық апаттық жағдайда деп танылған. Яғни, әбден тозған. Сондықтан, ескі қазандық толықтай бұзылып, орнына заманауи қазандықтың құрылысы басталған. Нысанның құрылысына 85,5 млн теңге бөлініп отыр.
Қазандық құрылысын «ЭМИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Нысан 20 тамызға дейін қолданысқа беріледі. Блок-модульді қазандықтың қуаты 4,4 МВт болмақ. Аталмыш қазандық Тереңкөл аудандық әкімдігін, көпқабатты екі үйді және 18 жеке тұрғын үйді жылумен қамта-масыз етеді. Жалпы, 7500 шаршы метр аумаққа жылу береді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Тереңкөл ауданы
