Павлодар облысында шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілген қолдау өз жемісін беріп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы бизнес өкілдеріне берілетін қолдау бағдарламалары өңір әлеуетін көтеруге өз үлесін тигізуде. Соның бір дәлелі – инновациялық жемдік компоненттер өндіруге маманданған «Мичурин құрама жем және ферменттелген биошикізат зауыты» ЖШС.
Бүгінде Мичурин зауытының өнімдері Қазақстан нарығына ғана емес, шетелге де шығарылады. Кәсіпорын Қазақстан, Ресей және өзге де мемлекеттердің мал шаруашылығы саласындағы серіктестерімен ынтымақтастықты дамытып, павлодарлық өндірушінің Еуразия нарығындағы орнын нығайтып келеді.
Кәсіпорында шикізатты биотех-нологиялық әдіспен өңдеу кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл мал азығы құрамындағы қоректік заттардың биологиялық қолжетімділігін арттырып, олардың жануар ағзасына тиімді сіңуіне мүмкіндік береді. «Мичурин құрама жем және ферменттелген биошикізат зауыты» ЖШС директоры Максим Русинович «Даму» қорының шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтарға тиімді мүмкіндіктер ұсынып отырғаннын атап өтті.
— Бұл кәсіппен 2023 жылдан бастап айналысып келеміз. Биыл толықтай биологиялық белсенді компоненттерге негізделген өнімдер шығаруды бастадық. Біз аталған қордан «Нұрбанктің» көмегімен қосымша жабдық сатып алу үшін 25 миллион теңгелік «Өрлеу» бағдарламасына қатыстық. Несиенің жыллдық мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта жаңа жабдық орнатылатын орынды жобалап жатырмыз. Зауытта 2 ауысыммен 14 адам жұмыс істейді. «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау алғанымыз өте дұрыс шешім болды. Жалпы кәсіпті енді қолға алған жандар үшін тиімді мүмкіндік деп ойлаймын, — дейді ол.
Сонымен қатар Павлодар облысында өңдеуші өнеркәсіп саласында мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде тағы бір жоба жүзеге асырылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен өндірістік әлеуетін арттырған «Формат Мастер» компаниясы бүгінде өңірдегі жиһаз өндірісіне қажетті қызметтерді ұсынып келеді.
Кәсіпорын жиһаз материалдарын кәсіби түрде кесу және жиектеу қызметіне маманданған. Аталған кәсіп – отбасылық еңбектің жемісі, дейді «Формат Мастер» компаниясының басшысы Баян Паламарчук.
– Биыл кәсіпорнымыздың құрылғанына 13 жыл толды. Бұл – отбасылық кәсіп. Барлығы жолдасымның жиһаз құрастырудан қолға алған еңбегінен басталды. Кейін мен де осы іске қосылып, бірге әрекет ете бастадық. Алғашында шағын тапсырыстар қабылдасақ, бүгінде жиһаз өнді-рісіне қажетті ламинирленген ағаш жаңқалы тақта, тығыздалған тақта сияқты материалдарды кесіп, корпустық жиһазға арналған бөлшектерді дайындаймыз. Негізгі тұтынушыларымыз – жиһаз өндіруші кәсіпорындар. Қазір Павлодар облысымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы серіктестерімізге де қызмет көрсетеміз. Соңғы бес жылда «Даму» қорының қолдауымен өндірісіміз жаңғырып келеді. Өткен жылы «Үміт» бағдарламасы арқылы құны 15 миллион теңге болатын автоматтандырылған аралау құрылғысын сатып алдық. Бұл жабдық материалды миллиметрлік дәлдікпен кесіп, өнім сапасын арттыруға және тапсырыстарды әлдеқайда жылдам орындауға мүмкіндік береді, — дейді кәсіпкер.
Жұмысшылардың сөзінше, заманауи жабдықтар мен мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету жиһаз материалдарын жоғары дәлдікпен кесуге, өндірістік қалдықтарды азайтуға және бөлшектерді сапалы өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда жиһаз жабдықтарын кәсіби жобалау үшін арнайы «Базис» бағдарламалық жүйесі қолданылады. Осы қызметтердің барлығы кәсіпорындағы бес жұмысшының қолынан шығады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Мемлекеттік қолдау бағдарламалары өндіріс орындарын жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң әсерін тигізуде.
Сара ӘБДОЛ.
