Отан – жүрегімнің мекені

Там 13, 2026

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

 

Мұқағали Мақатаев.

 

Менің Отаным – Қазақстан. Мен оның түнін де, күнін де… жан-тәніммен сүйемін. Өйткені, ол –
менің кіндік қаным тамған жер, туып-өскен мекенім. Бұл жер —  мен үшін қымбат, әсем, ғажап жер.

Қазақстан — кең байтақ жері, бай мәдениеті және терең тарихы бар ерекше ел.  Қазақстанның негізгі тұрғындары – қазақтар. Қазақ халқы — ежелден қонақжайлылығымен, кең-пейілділігімен, өз туған жерін шексіз сүйетін, оны қандай жағдайда болсын қорғай білетін,  ержүрек батырлығымен танылған ұлт. Сондай-ақ, бейбітшілік пен бірлікті бірінші орынға қоятын, елдің тыныштығы үшін барлық жағдайды жасап,  ұлттар достастығын дәріптейді. Оның дәлелі, біздің жерімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті  бірлікте, ынтымақта күн кешуде. Қазақ ұлты барлық мекендеген ұлттардың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Олардың біздің жерімізде өсіп-өркендеуіне, дамуына жағдай жасалған. Бұл біздің еліміздің дархандығы мен мәрттігін көрсетеді.

Туған өлкемнің табиғаты әсем, көрікті. Оның тізбектелген асқар-асқар тау-тасы, айдын шалқар көлдері,  көкорай  жазық даласы мен ну орманы, самал желі  маған ерекше күш-қуат береді, сезімге бөлейді. Осындай жерде дүниеге келгенімді зор бақыт деп білемін. Болашақта Отанымның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті білім мен ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлуде. Ел болашағы жастардың өмірлерінің жарқын болуына үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Осы мүмкіндіктерді құр жіберіп алмай, мен де келешекте өз орнымды тауып, өз білімім мен қабілетімнің арқасында көп еңбектеніп, Отанымның көркеюіне атсалысатыным сөзсіз. Туған еліне қызмет ету — әр азаматтың борышы.

Мен Қазақстанның келешегі жарқын болатынына сенемін. Сол сенім өз арманымды жүзеге асыруға  мүмкіндік береді. Мен Отанымды мақтан тұтамын. Мен үшін  қымбат,  ыстық, бағалы ел болып қала береді.

Кәмшат СӘДУАҚАС, Айнакөл орта мектебінің 6-сынып оқушысы, Ақсу қаласы.