Жол инфрақұрылымы жақсарады

Там 13, 2026

Баянауыл ауданында жол инфрақұрылымын жақсартып, көлік қатынасын қауіпсіз әрі жайлы ету бағытында ауқымды істер атқарылуда. Бұл ретте елді мекендер арасын жалғайтын жолдар да, ауыл ішіндегі жолдар да жөндеуден өтуде.

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында жол жөндеу жұмыстарының барысын байқады. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қазіргі таңда бірнеше маңызды жобалар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Айталық, Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара бағытындағы республикалық маңыздағы 68 шақырым  автожол бойында орташа жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар Қарашат – Жаңа Жайма бағытында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қаратомар ауылына апаратын 25,5 шақырым жолды реттеу бойынша «Екібастұзтеплоэнергомонтаж» ЖШС тиісті істі қолға алды.

— Бұл ретте ауыл ішіндегі жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Шонай ауылында ұзындығы 2,3 шақырым ішкі жолдар жөнделуде. Ал Баянауыл ауылында Сәтбаев, Бектұров, Бекмаханов және Абай көшелерін қамтитын 5 шақырым жол орташа жөндеуден өтуде. Майқайың кентінде 1,6 шақырым жолды  күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, — деді аудан басшысы.

Барлық мердігерге ортақ талап — жұмыстың сапалы жүргізіліп, белгіленген мерзімде атқарылуы.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Баянауыл ауданы