Жаз да аяқталып, көпшілік ұл мен қызын мектепте дайындауға кірісті. Қаражаты жеткілікті ата-ана баласының керек-жарағын ертерек түгендегені анық. Бірақ бәрінің ондай мүмкіндігі бола бермейтіні рас. Табысы азық-түлігінен аспайтын немесе отбасына ешбір кіріс кірмейтін отбасыларға тіпті қиын. Осыны ескерген мемлекет жаңа оқу жылына оқушылардың тұтас баруын қамтамасыз етуге қолдау білдіреді. «Мектепке жол» атты акция өткізіліп, мұқтаж отбасылардың балаларын киіндіруге, оқу құралдарымен қамтуға жәрдемдеседі. Одан бөлек, демеушілер жәрдемдеседі. Осы ретте, бұл акцияға кімдер қатыса алады? Аталмыш акциядан бөлек елімізде мұқтаж отбасылардың балаларына көмектің қандай түрлері бар? Жәрдем алу үшін қайда жүгіну керек? Осы және өзге де сұрақтарға «Тікелей желі» шарасы барысында жауап алдық. «Тікелей желі» қонағы – облыстық білім беру басқармасының балалардың құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова.
Тілші:
– Жібек Оразбайқызы, алдымен, «Мектепке жол» акциясының басты мақсатын атап өтсеңіз.
– «Мектепке жол» – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі акция.
1 тамыздан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Акцияның басты мақсаты – әрбір оқушы 1 қыркүйекте мектепке барып, сабаққа қатысуын қамтамасыз ету. Яғни, ешбір бала мектепке бара алмайтындай жағдайда қалмауы қажет. Барлық құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен, мектеп сөмкесімен қамтылуы тиіс. Акция аясында әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж отбасыларға демеушілік көмек көрсетіледі. Қай отбасыға қандай заттар қажет екені анықталады. Сол бойынша демеушілердің жәрдемі көрсетіледі.
Тілші:
– Биыл бұл акция аясында облыста қанша баланы қамту жоспарланған? Өткен жылы қанша балаға көмек берілді?
– Жыл сайын, әрине, бала саны өзгеріп отырады. Биыл 3 мыңнан астам баланы қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бұл отбасылардың және сол отбасыларда тәрбиеленіп отырған балалардың тізімі жиналып, әрі әрқайсысына қандай нақты көмек керек екені айқындалды. Акция басталмас бұрын 1 тамызға дейін тізім анықталды. Анықтауға келсек, әрбір білім беру ұйымында қамқоршылық кеңес жұмыс істейді. Әр баланың әлеуметтік паспорты бойынша әр отбасының, әр баланың әлеуметтік жағдайы сарапталады. Сол паспорт мәліметтеріне жүгіне отырып, қандай көмек керектігі анықталады. Одан бөлек, әрбір мұқтаж отбасы тікелей білім беру ұйымына барып, өзінің нақты сұраныстарын, қажеттіліктерін айтады. Әрбір сынып жетекшісі, мектептің әлеуметтік педагогы ақпарат береді, соның негізінде тізім түзіледі. Былтыр да 3 мыңдай оқушыға көмек көрсетілді. Жалпы, жыл сайын 3-4 мың балаға акция аясында жәрдем берілуде.
Тілші:
— Мемлекет, демеушілер көмегін қандай санаттағы отбасылар ала алады? Яғни, негізгі талаптары қандай?
– Жалпы, мектепке дайындық аясында мұқтаж оқушыларға екі бағытпен көмек көрсетіледі. Бірінші бағыт мемлекет тарапынан беріледі. Нақтысы, көмек жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен жасалады. Осы ретте, отбасылардың бес санатына дәл осы қор арқылы көмек беріледі. Біріншісі – әлеуметтік атаулы көмек алатын отбасылар. Екіншісі – әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар. Үшіншісі – жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрі отбасыларда тәрбиеленіп отырған балалар. Төртінші санат – төтенше жағдайлар салдарынан қиындық көрген отбасылар. Бесіншісі – қамқоршылық кеңес бекіткен арнайы тізімдегі отбасылар. Бұл бес санатқа жататын отбасылар мектепке құжат тапсырмайды. Тек өтініш жазады. Сол өтініш негізінде қордан қаржылай көмек көрсетіледі. Қалған ақпараттың бәрі ұлттық бірыңғай білім беру базасында әр оқушының құжаты тіркеулі. Сол құжаттар қалалық, аудандық әлеуметтік қорғау бөлімдерінің деректер базаларымен интеграцияланған. Облыстық білім беру басқармасының, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің, мектептердің басты көздегені – әрбір оқушыны оқудан қалдырмаудың қамы. Сондықтан әрбір отбасы білім беру ұйымдары тарапынан жеке бақылауда. Одан бөлек, қазіргі таңда 1 тамыздан бастап білім беру бөлімдерінің, мектептердің басшылары әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, көмек көрсетілетіні туралы ақпарат кеңінен таратты. Оқушылардың саны, отбасы мәртебелері белгілі болғаннан кейін мектеп ұйымдары көмек туралы білмей қалған ата-аналарға өздері хабарласып, өтініш жазу керектігі туралы мәлімдейді. Сол себепті тиісті көмек алуы керек отбасылар назардан тыс қалмайды.
Биыл жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен әрбір отбасыға 62 534 теңге бөлініп отыр. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 652 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражат 10 мың 400 отбасыға жұмсалады деп жоспарланған. Айта кетерлігі, бұл көмек мемлекет тарапынан міндетті түрде бақылауда ұсталынады. Аталмыш көмек берілген отбасы қаржы қолына тиген күннен бастап 10 күн ішінде мектеп ұйымына балаларына қажет заттарды сатып алғанын растайтын түбіртектерді тапсырады. Қордан көмекті қаржылай үлестірудің өзіндік себебі бар. Яғни, әр отбасының қажеттілігі, сұранысы, таңдауы, талғамы әртүрлі. Мәселен, белгілі бір сауда үйіне сертификат берсек, мүмкін ол отбасы сол сомаға өзге жерден арзан бағаға көбірек зат сатып алғанды қалайды. Сондықтан елімізде осы таңдау құқығынан айырмау үшін ақшалай беру ұйғарылған.
Тілші:
– Жалпыға міндетті білім беру қорынан бөлек қолдауға зәру отбасылардың балаларына тағы да қандай көмек қарастырылған? Бұл қордан бөлінген ақша тұтас отбасының бірнеше баласын оқуға дайындауға жеткіліксіз екені түсінікті. Ақшалай жәрдем алғандар демеушілер көмегіне де жүгіне ала ма?
– Аталған жалпыға міндетті білім беру қорынан берілетін көмек – мемлекеттік қолдау. Одан басқа, демеушілік көмек бар. Мұндай көмекті кез келген кәсіпкер азамат көрсете алады. Яғни, олар «Мектепке жол» акциясына атсалыса алады. Негізі, әрбір мектепте «Мектепке жол» акциясына арнайы бұрыш ұйымдастырылған. Кез келген тұрғын 10 дәптер болсын, қарындаш болсын, шамасы жететін жәрдемін көрсетіп, қалдыруына болады. Мектеп соның бәрін жинақтап, мұқтаж отбасыларға үлестіреді.
Бір отбасында 5-6 оқушы болса, оларға, әрине, қордан бөлінген қаражат жеткіліксіз. Сондықтан әр отбасы бала санына, жағдайына байланысты жеке қаралады. Соған қарай демеушілердің де көмегін беру мүмкіндігі қарастырылады. Түптеп келгенде, қордан бөлінетін қаржы және демеушілер есебінен мектепке дайындау барысында жалпы 15 мыңға жуық оқушыны мемлекеттік және демеушілік көмекпен қамту жоспарланып отыр.
Тілші:
— Демеушілер тарапынан қандай көмек берілуде?
– Демеушілер ақшалай, кейбірі заттай қолдау білдіреді. Кейбір мекекемелер 100 дана мектеп сөмкесін тарту етіп жатады. Оларды тізім бойынша үлестіреді. Демеушілердің ақшалай жәрдеміне қамқоршылық кеңес, мектеп әкімшілігі мүшелері отбасылардан сұрастыру арқылы анықталған киім-кешек, заттарды алып береді.
Тілші:
– Ал көмек көрсеткісі келген азаматтар қайда баруы керек?
– Көмектің үлкен-кішісі жоқ. Әркім өз шамасына қарай жәрдем беруіне әбден болады. Көмек көрсеткісі келген азаматтар өзінің тұрғылықты мекеніне жақын мектеп ұйымдарына тікелей баруына болады. Сонымен қатар, өзі тұратын қала-аудандағы білім беру бөлімдеріне де барып, көмегін қалдыруға жол ашық. Облыстық білім беру басқармасына 32-41-05 телефоны арқылы хабарласса, барлық ақпаратты, ретін түсіндіреміз.
Гүлнәр:
– 4 балам бар. Өзім декреттік демалыстамын. Күйеуім жұмыс істейді, жалақысы – 300 мың теңге. Азық-түлік, балалардың қажеттілігіне кетеді. Биыл несие алып, өзімше табыс табамын деп үміттеніп, бір компанияға инвестиция деп салған едім, алданып қалдым. Енді несиені де уақытылы төлей алмай, шоттарым бұғатталып қалды. Сұрайын дегенім, мен «Мектепке жол» акциясына қатыса аламын ба? Балаларды оқуға дайындау оңай болмай тұр. Қайда, кімге барсам болады?
– Мұндай жағдайдағы отбасылар өз мекенжайы бойынша орналасқан білім беру ұйымына жүгінеді. Мектептің қамқоршылар кеңесі отбасының ахуалын қарастырып, мүмкіндік болса, жәрдем береді.
Дегенмен, ескеретін бір жайт бар. Бізде мүлдем табыс кірмейтін отбасылар да бар. Оларда мал болса, жеміс-жидек өсіруіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алмауы мүмкін. Міне, осы отбасылар мұқтаж отбасылар деп саналады. Ал сұрақ қойып тұрған азаматтың отбасында 300 мың теңге көлемінде табыс бар екен. Десе де, кез келген жағдай жеке салыстырмалы түрде қаралады. Мектеп ұйымына жүгініп көргені жөн. Яғни, ол мектепте мұқтаж отбасылар саны көп, ал қолда бар демеушілік көмек көлемі аз болса, әрине, жағдайы төменірек отбасыға басымдық беріледі. Көмекке зәру отбасылардың санына қарай қамқоршылық кеңес көмек беру мүмкіндігін қарастырады. Нақтысы, беріледі немесе берілмейді деп кесіп айта алмаймын.
Ардақ:
– Атаулы әлеуметтік көмек алмаймыз, көпбалалы отбасы емеспіз. Үш баламыз бар. Екеуі мектепке барады. Күйеуімнің жалақысы жетпейді. Ипотекамыз, тұтынушылық несиеміз бар. Өзім декреттемін. «Мектепке жол» акциясына қатысу кезінде табыстан ай сайын төленетін банктік қарызды алып тастай ма?
– Бұл оқырманның сұрағы да жеке қарастырылады. Негізі, табыс көлемін есептеу біздің құзыретімізге жатпайды. Оны өзге мемлекеттік органдар анықтайды. Ал жәрдем беру жағын әрбір мектеп мүмкіндігіне қарай
шешеді.
Түйін:
Оқушылардың тұтас мектеп партасында отырып, білім нәрімен сусындауы ел үшін маңызды. Осы жолда тегін біліммен қамтудан бөлек мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды назарға алып отыр. «Мектепке жол» акциясы, жалпыға міндетті білім беру қорынан жасалатын жәрдем – осының дәлелі. «Тікелей желі» шарасы аясында қойылған сұрақтарға қарап, қымбатшылық заманда табысы бар отбасылардың да оқушыларды мектепке дайындауы оңайға соқпай тұрғаны байқалды. Дегенмен, демеушілердің жыл сайын аякцияға белсене атсалысуы осындай отбасыларға дер кезінде жан-жақты демеу, қолдау болары анық.
«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
