Шекара қызметі – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса жауапты міндеттердің бірі. Шекара шебінде қызмет атқаратын сарбаздан жоғары дене дайындығымен қатар, қырағылық, төзімділік, тәртіп пен жылдам шешім қабылдай білу талап етіледі. Осы салада 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі — шекара қызметінің аға сержанты Ардақ Макин.
Ардақ Макин — Аққулы ауданы Жаңатаң ауылының тумасы. Оның шекара қызметіне келуіне спортқа деген қызығушылық себеп болған.
— Мектепте оқып жүрген кезден волейбол спортынан түрлі сайыстарға қатыстық. Осылайша, өмірде өзіме не жақын екенін таптым. Кейін Павлодар көлік және коммуникациялар колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Содан соң Үшарал ауданына әскер қатарына шақырылдым. Әскерден келгеннен кейін Отан алдындағы міндетімді шекара қызметінде жалғас-тырғанды жөн көрдім. 2006 жылдан бастап осы қызметті атқарып келемін. Бастапқыда Ресейдің Новосібір аймағына жақын маңдағы Қосақ шекара бекетінде қызмет еттім. Кейін Найза, Баянауыл шекара бекеттерінде жұмыс істедім. Қазір департаментте шекара бөлімшесінің ішкі қызметін жалғастырудамын, — деді ол.
Ардақ Ерғазыұлының айтуынша, шекарашы үшін ең маңызды қасиеттердің бірі – қырағылық. Себебі шекарада кейде қарапайым жағдайдың өзі маңызды болуы мүмкін.
– Шекарада қызмет атқарған кезде алдымен мұқият болу керек. Мысалы, басқа адамның құжатымен шекарадан өтуге тырысқан адамды ұстаған жағдай кездескен. Сондықтан тексеру кезінде адамның құжатына ғана емес, өзін ұстауына, жауаптарына да назар аудару керек. Бір қарағанда маңызсыз, кішігірім жағдайға көңіл бөлу арқылы заң бұзушылықтың алдын алуға болады, – дейді шекарашы.
Шекарашының қызметі оңай емес. Құқық бұзушыны ұстау кезінде жылдамдық, төзімділік пен күш қолдану қажет болуы мүмкін. Сондықтан әскери қызметшінің дене дайындығы үнемі жоғары деңгейде болуы маңызды. Сондай-ақ, шекара қызметіне келетін адам психологиялық тұрғыдан барлығына әзір болу керек. Тәртіп те өте маңызды. Мұнда артық сөз айтуға, қажетсіз ақпаратты таратуға болмайды. Әр нәрсенің өз тәртібі бар.
Ардақ Макин қызмет жылдарында шекара бекеттерінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, бүгінде өз саласының білікті маманына айналды. Еңбегі еленіп, қызмет өтілі мен кәсіби міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін түрлі төсбелгі мен медальдарға ие болған. Ол үшін бұл марапаттар — атқарылған қызметтің және жауапкершіліктің белгісі.
Шекарашының жұмысы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Бірақ елдің тыныштығы мен мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтің салмағы зор. Шекара шебінде тұрған әр сарбаз үшін басты талап – қырағылық.
Ардақ Макин үшін де еңбек жолы – осы ұстанымға адалдықтың дәлелі. Оның айтуынша, шекарада қызмет ететін маман алдымен өз міндетін жақсы біліп, еліне деген жауапкершілікті сезінуі керек. Өйткені шекарашы – мемлекеттік шептегі қауіпсіздікті бірінші болып күзететін маман.
Сара ӘБДОЛ.
