Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухана ғимараты осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған еді. Сондықтан 2022 жылы уақыт өте келе тоза бастаған ғимаратты қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Таяуда төрт жылға жалғасқан жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталды. Енді емделушілер мен медициналық қызметкерлер үшін мұнда қолайлы жағдай жасалған.
№1 қалалық аурухана ғимаратының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Бүгінде медициналық мекеменің төсек-орын қоры 394 орынды құрайды. Аурухана құрамында хирургиялық бағыттағы 9 бөлімше, терапиялық бағыттағы 4 бөлімше, диагностикалық және басқа да қосалқы бөлімдер жұмыс істейді.
Емдеу мекемесінің ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары 2022 жылы басталды. Жобаның жалпы құны 12,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде құрылыс жұмыстарына шамамен 3,5 млрд теңге, медициналық жабдықтарды сатып алуға 8,8 млрд теңге жұмсалған. Таяуда облыс әкімі Асайын Байханов атқарылған жұмыстардың нәтижесін бақылап қайтты.
Аурухана директоры Нұрлан Жұмажановтың айтуынша, бүгінде ауқымды жұмыстың бірінші кезеңі аяқталып, оның аясында 13 мың шаршы метр аумақ жаңғыртылды.
— Жөндеу жұмыстары клиникалық бөлімшелер орналасқан жеті қабатты блокты қамтыды. Жобаның маңызды бөлігі – аурухананың операциялық блогын жаңғырту. Мұнда 11 операциялық зал заманауи талаптарға сай жабдықталды. Соның ішінде гибридті операциялық зал да бар, — деді Нұрлан Жұмажанов.
Сонымен қатар, емдеу ұйымына 1 319 медициналық құрал-жабдықтың 145 түрі сатып алынған. Олардың қатарында жоғары технологиялық әрі қымбат медициналық құрылғылар бар. Солардың бірі – «Philips Azurion 7» ангиографиялық жүйесі. Ол — нейронавигациялық жүйе және медициналық ақпараттық жүйелер секілді басқа да заманауи жабдықтармен интеграцияланған. Бұл дәрігерлерге күрделі хирургиялық және эндоваскулярлық операцияларды заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауруханаға қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынғаннан кейін мұнда 16 жаңа технология енгізілген. Олардың бір бөлігі аурухананың өзінде алғаш рет қолданылса, енді бірі Павлодар облысы үшін жаңа медициналық тәсілдер саналады. Бұған дейін кейбір күрделі операциялар тек Алматы мен Астана қалаларында жасалса, енді өзіміздің өңірде де жасау мүмкіндігі бар. Солардың бірі — өңеш ісігіне жасалатын күрделі операция. Мәселен, «льюис» отасы кезінде ісік зақымдаған өңештің бөлігі алынып, оның орнына асқазаннан арнайы түтік қалыптастырылып, өңеш қызметін атқаратындай етіп жоғары қарай тартылады. Эндоскопиялық әдістер арқылы өңешке жасалатын бірқатар операциялар да жолға қойылған. Мұндай тәсілдер науқасқа үлкен хирургиялық тіліктер жасамай, аз инвазивті жолмен ем көрсетуге мүмкіндік береді.
Медициналық көмектің жаңа бағыттарының бірі — ауруханада механикалық сарғаю орталығының ашылуы. Механикалық сарғаю бауыр, өт жолдары немесе ұйқы безі ауруларының салдарынан пайда болуы мүмкін. Оның себептерінің қатарында өт-тас ауруы, түрлі ісіктер және басқа да патологиялық өзгерістер бар. Ауруханада мұндай жағдайларға эндоскопиялық және аз инвазивті әдістер арқылы медициналық көмек көрсетіледі.
Одан бөлек, эндоскопиялық гемостаз орталығы да жұмысын бастаған. Асқазан-ішек жолдарындағы қан кету хирургиялық науқастар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады. Сондықтан қан кетуді эндоскопиялық әдіспен дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік беретін орталықтың ашылуы өңірдегі хирургиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Атқарылған жұмыстармен танысқан аймақ басшысы ендігі кезекте басты назарды білікті кадрларға бөлу керек екенін қадап айтты.
— Жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілгенін ескерсек, оларды игере алатын мамандардың да қатарын арттыру керек. Қажет болған жағдайда олардың шетелде білім алуын қамтамасыз еткен жөн. Себебі, жұмыстың басты нәтижесі миллиардтаған қаржымен немесе жабдық санымен емес, пациенттердің сенімі мен сапалы көмек алу мүмкіндігімен өлшенеді, — деді А.Байханов.
Жаңа орталықтардың жұмысы өңір мамандарының тәжірибесін жетілдіруге де ықпал етіп отыр. Ауруханаға басқа өңірлерден медицина қызметкерлері келіп, механикалық сарғаю мен эндоскопиялық гемостаз орталықтарын ұйымдастыру және олардың жұмысын жолға қою тәжірибесімен танысуда. Бұл Павлодар облысында заманауи хирургиялық технологияларды енгізу мен дамыту жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қазір қалпына келтіру жұмыстарының екінші кезеңінің жобасы әзірленуде. Бұл жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік сараптамадан өткізу тапсырылды. Содан кейін жобаны қаржыландыру және іске асыру жұмыстары жүргізіледі.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

