Павлодарда нәресте үніне зар болған отбасылардың бала сүюіне мүмкіндік беретін «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бір әулетте үшем дүниеге келді. 33 жастағы жас ана Мәдина Қазенова үш ұлды өмірге әкелді. Бұл аймағымызда соңғы екі жылда алғаш тіркеліп отырған жағдай екенін атап өту керек. Соңғы рет 2024 жылы ғана үшем туған.
Бір әулеттің көптен күткен қуанышты сәтінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова перинаталды орталыққа арнайы барып, жас ананы құттықтады. Ана мен балаларға денсаулық тілеп, арнайы сыйлық табыс етті.
Дәрігерлердің айтуынша, өмірге келген екі нәрестенің салмағы екі келіден асса, үшіншісінің салмағы —
бір жарым келі. Кенже балақай дәрігерлердің бақылауында болады.
— Үшемнің біреуі дәрігерлердің бақылауында болады. Өздігінен тыныс алғанымен, салмақ жинағанын қадағалайтын боламыз. Анасының омырауынан сүт ішуді үйренуі маңызды. Содан кейін ғана балақай анасының жанына барады, — дейді облыстық №1 перинаталдық орталық директоры Гүлнар Буратаева.
Үшемді босанған Мадина Қазенова үшін бұл – екінші жүктілік. Үлкен қызы 12 жаста. Ұл балалар ЭКҰ әдісімен өмірге келген.
— «Аңсаған сәби» бағдарламасы отбасымызды бақытқа кенелтті. Қуанышымды сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Ультрадыбыстық зерттеуден өткен кезде дәрігерлер үшем босанатынымды айтқанда сенген жоқпын. Себебі ЭКҰ әдісі кезінде жатырыма бір эмбрион ғана салынған еді. Алланың қалауы болар, сол эмбрион үшке бөлініп, жолдасым екеуіміз көпбалалы ата-ана атанып отырмыз. Осы орайда, жүктілігімді бақылаған дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Ұлдарым жүктіліктің 35-інші аптасында өмірге келді. Бала сүюді аңсаған әр отбасында осындай қуаныш болсын, — дейді жас ана.
Мамандардың айтуынша, бір эмбрионның бөлініп, үшемге айналуы – Қазақстанда ғана емес, әлемдік репродуктологияда да өте сирек кездесетін бірегей жағдай.
— Нәрестелер 35 апталық мерзімде дүниеге келді. Бұл мерзім балалардың жатырда толық дамуына жеткілікті деп бағалаймыз . Үшінші эмбрион сәл кейінірек бөлінгендіктен, салмағы аз. Қазіргі таңда сәбилердің жағдайы тұрақты, өз бетінше тыныс алуда және біртіндеп салмақ қосып келеді, — деп атап өтті перинаталдық орталықтың неона-
талдық қызмет жетекшісі Жаңылай Қапанова.
Перинаталдық орталық шала туған сәбилерді күтіп-баптауға арналған ӨЖЕЛ (ИВЛ) аппараттарымен және заманауи реанимациялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Атап өтерлігі, «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынған бес жыл ішінде Павлодар облысында жалпы саны 464 бала дүниеге есігін ашты. Бұл ретте 2021 жылы 97, 2022 жылы 81, 2023 жылы 94, 2024 жылы 101, 2025 жылы 91 бала өмірге келді. 2026 жылдың тамыз айына дейінгі жағдай бойынша облысқа бөлінген 250 квотаның 173-і бойынша ерлі-зайыптылар ЭКҰ орталықтарына жолдама алған. Ал биыл жеті айдың ішінде облыстық перинаталдық орталықта 3 мыңға жуық сәби өмірге келген.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласында ЭКҰ әдісін ұсынатын «Экомед-Павлодар» клиникасы екі жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
