Саяси партиялар Құрылтай сайлауы жақындаған сайын үгіт-насихат жұмыстарын ширата түсті. Түрлі бағытта, форматта кездесулер ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламаларының ұтымды тұстарын көпшілікке таныстыруда. 7 партияның өңіріміздегі филиалдарының жүргізген бір күндік жұмыстарына тоқталдық.
«Әділет» партиясы
Павлодар облысында сайлауалды науқан инклюзивті бағытта жалғасын тапты. «Әділет» партиясының ақпараттық материалдары алғаш рет көзі көрмейтін және нашар көретін сайлаушыларға бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен бейімделді.
Облыстық сайлауалды штаб өкілдері Павлодар облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалына барып, ұйымға қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттық-үгіт брошюраларын табыстады. 22 тамызға дейін партия мүшелері мен еріктілер көзі көрмейтін және нашар көретін тұрғындарға ақпаратты жеке жеткізу, олардың сұрақтарына жауап беру және сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында көшпелі кездесулер мен үй-үйді аралау жұмыстарын жүргізеді. Бұл тәсіл коммуникацияның бірнеше түрін: Брайль қарпі, жеке қарым-қатынас, ұжымдық оқу және аудиоформаттарын қатар қолдануға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар бір ғана ақпарат жеткізу арнасына емес, бірнеше форматты қатар қолдануға басымдық беріп отыр. Олардың қатарында баспа материалдары, ауызша ұжымдық оқу, жеке кездесулер және аудиоақпараттандыру барн.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП)
Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттығына «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» атынан кандидат Роза Жүсіпова Павлодар облысында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Келесі кездесулер Шарбақты ауданының Шарбақты және Хмельницкое ауылдарында өтті.
Сапар барысында тұрғындарға ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасы бар ақпараттық брошюралар таратылып, сондай-ақ үгіт материалдары рұқсат етілген орындарға орналастырылды.
Партия өкілдері ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ЖСДП-ның негізгі ұсыныстарымен таныстырып, сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын, толық ақпаратты сайлаушыларға тікелей жеткізуде.
«Байтақ» партиясы
Павлодар қаласында кандидат Айдос Бейбітұлы Иманбаев сенімді өкілдері үгіт-насихат материалдарын белгіленген орындарға орналастыру жұмыстарын жалғастыруда.
Партия өкілдері бұл жұмыстар сайлауалды науқанның маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ақпараттық материалдар белгіленген талаптар мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес ашық түрде орналастырылуда. Үгіт-насихат жұмыстары ашық диалог форматында жүргізіліп, тұрғындармен тікелей өзара байланыс орнатуға және азаматтардың алдағы сайлау туралы ақпараттандырылу деңгейін арттыруға бағытталған.
Қазақстан Халық партиясы
Қазақстан Халық партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов үгіт-насихат науқаны аясында «Павлодар-Водоканал» ЖШС ұжымымен кездесті.
⠀Кәсіпорын Павлодар қаласының тұрғындары мен ұйымдарын ауыз сумен қамтамасыз етеді, су бұру жүйесінің жұмысына жауап береді. Қала өмірінің жайлылығы мен тұрақтылығы кәсіпорын қызметкерлерінің кәсібилігіне тікелей байланысты.
⠀Кандидаттар ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Ашық диалог барысында еңбек жағдайлары, жұмыс орындарын сақтау, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және ұжымды толғандыратын басқа да мәселелер талқыланды.⠀Кәсіпорын қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, кандидаттарға алдағы жұмыста ескеру үшін ұсыныстары мен аманаттарын жеткізді.
«Ауыл» партиясы
Партия өкілдері Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылындағы «Agro Terra» ЖШС ұжымымен кездесті.
Кездесуге «Ауыл» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабының өкілдері және ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат Бекен Сағындықұлы қатысты. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, өндіріс әлеуетін арттыру, ауылдағы еңбек адамын қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Бекен Сағындықұлы мен штаб өкілдері ұсыныстарды тыңдап, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты. Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтті.
«Ақ жол» партиясы
«Ақ жол» демократиялық партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабы асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысатын «Кирова» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын өткізді.
Партия өкілдері кәсіпорын жұмысшыларымен тікелей тілдесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап берді. Мұндай кездесулер – ашық диалог орнатып, өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылаудың маңызды мүмкіндігі.
«Respublica» партиясы
Железин және Тереңкөл аудандарында «Respublica» партиясының үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Партия белсенділері елді мекендердің көшелерінде ақпараттық науқан жүргізді. Кездесу барысында партия өкілдері азаматтарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары, бастамалары мен қызметінің басымдықтары туралы ақпарат берді. Партия белсенділері кездесулер барысында тұрғындармен тікелей өзара байланыс орнатуға және олардың алдағы сайлау туралы толық ақпарат алуына ерекше көңіл бөлді.
Әзірлеген – Г.ТҮГЕЛБАЙ.
