Саяси науқанға сақадай сай

Там 13, 2026

Павлодар облысының азаматтары сайлау науқандары барысында белсенділік танытып, учаскелік комиссия өкілдері жоғары кәсібилігін көрсетіп келеді. Елімізде алғаш рет өткелі тұрған Құрылтай депутаттарын сайлау алдында да дайындық мығым екені байқалады. Бұл ретте жауапты сала өкілдеріне артылар жауапкершілік жүгі де ауыр.

Апта басында Орталық сайлау комиссиясының өкілі Михаил Бортник аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, Құрылтай сайлауын дайындау және өткізу мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар, өңірдегі бірнеше сайлау учаскесінің әзірлігін бағалады.

Алдымен Екібастұз қаласындағы №524, №535 және №539 сайлау учаскелерінде болды. Мұндағы комиссия мүшелері есту қабілеті бұзылған сайлаушылармен қарым-қатынас жасау үшін ымдау тілінің негізгі белгілерін меңгергендерін көрсетті. Комиссия мүшелері үйренген ымдау тілінің дағдылары арқылы сайлаушымен амандасу, оның құжатын тексеру, сайлаушылар тізімінен сайлаушыны табу, дауыс беруге арналған кабинаға өтуін ұсыну және басқа да әрекеттерді жүзеге асыра алады.

Павлодар қаласындағы №34 және №55 сайлау учаскелерінде Михаил Бортникке сайлаушыларға атаулы шақыруларды табыстау жұмысының барысы туралы баяндалды. Бұл ретте комиссия мүшелері деректерді жинау және жүйелеу процесін жеңілдететін цифрлық құралдарды пайдаланып жатқанына мән берілді. Учаскелік комиссияның хатшысы нақты уақыт режимінде қанша пәтердің араланғанын, қанша шақырудың табысталғанын және қай сайлаушыларға қайта бару қажет екенін көре алады.

Сондай-ақ, Михаил Бортник жұмыс сапары аясында учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына арналған практикалық семинарға қатысты. Семинар «Қазақстан Республикасының Құрылтайының депутаттарын сайлауда учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі» тақырыбына арналды. Семинарға 120 учаскелік комиссия мүшесі қатысты. Олар интерактивті тапсырмалар мен практикалық кейстер форматында сайлау заңнамасы бойынша білімін бекітіп, сайлау учаскесін жарақтандыру, сайлаушылармен және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін пысықтады. Семинар қатысушыларға тәжірибе алмасуға және дауыс беру күні тиімді жұмыс істеуге дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Жиында  облыстың сайлауға дайындығы қаралды.

— Павлодар, Екібастұз қаласындағы сайлау учаскелерінің дайындығымен танысып, әзірліктің жоғары деңгейде екенін байқадым. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өткізіп, Құрылтай сайлауы күніндегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында материалдық- техникалық ұйымдастыру жұмыстарын пысықтадық. Оған қоса, 23 тамызда сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Семинар барысында комиссия мүшелеріне өз міндеттері мен жұмыс тәртібі бойынша қажетті ақпараттар беріліп, барлығы жан-жақты түсіндірілді. Оқу аяқталғаннан кейін мамандар электронды тестілеуден өтеді. Алайда тестілеу нәтижесінің төмен болуы комиссия құрамында жұмыс істеуден автоматты түрде шеттетілуге негіз болмайды, — деді М.Бортник.

Жалпы, Павлодар облысы бойынша сайлауға қатысуға құқығы бар 503 051 азамат тіркелген. Сайлаушылар тізімдерін өзектендіру жұмысы жүргізіліп, 7 тамыздан бастап тұрғындарға өз учаскесіндегі тізімдермен танысу мүмкіндігі берілді. Облыста барлығы 522 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың барлығы қажетті материалдық-техникалық құралдармен, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, азаматтарға қажетті ақпаратты жедел ұсыну үшін 226 онлайн сервис және азаматтарды тіркеу бойынша 6 сервис дайын-далған.

Павлодар облысында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруына да жан-жақты жайлы жағдай бар. Өңірдегі 522 сайлау учаскесінің барлығында кедергісіз орта қалыптастыру шаралары қарастырылған. Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау жұмыстары атап өтілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова бұл мәселеге тоқталды.

— 2026 жылғы 3 тамыздағы мәлімет бойынша, облыста мүгедектігі бар 30 160 азамат тұрады. Оның 25 900-і –
кәмелетке толғандар. Шамамен 3 300 сайлаушыға дауыс беруге арнайы жағдай қажет. Оның ішінде 1 089 азамат кресло-арбаны пайдаланады. Сондықтан сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Сайлау учаскелерінде арнайы ақпараттық материалдар орналастырылып, есту қабілеті нашар азаматтарға да қажетті жағдайлар жасалған.
I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекшілердің көмегі көрсетіледі, – деді Самал Қадырова.

Айта кету керек, сайлауды ұйымдастыру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Павлодар облысында дауыс беру 522 сайлау учаскесінде өтеді, оның 21-і азаматтардың уақытша болатын орындарында орналасқан. Сайлау процесіне
1 облыстық, 12 аумақтық және 522 учаскелік комиссиядан тұратын 536 сайлау комиссиясы қатысады. Олардың құрамында 3 446 адам бар. Комиссия мүшелерінің басым бөлігінің сайлау өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Қазіргі таңда сайлау комиссияларының құрамы толық жасақталған. Олардың орналасқан жері мен сайлау учаскелерінің шекаралары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында және аумақтық комиссиялардың интернет-ресурстарында жарияланған.

Сонымен қатар, Құрылтай сайлауы қауіпсіз әрі жайлы өтуі үшін құқық қорғау қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті қадағалау тапсырылды.
20 шілдеден бастап облыстық полиция департаментінің  жеке құрамы күшей-тілген жұмыс режиміне көшірілді.

Сара ӘБДОЛ.