23 тамыз – Құрылтай сайлауына бүгінде сайлау учаскелері дайындықтарын пысықтауда. Керек-жарақтарын түгендеп, сайлаушылардың таңдау жасайтын орындарын реттеуде. Сонымен қатар, учаске тізіміндегі тұрғындарға саяси науқанға шақырту таратылуда. Дайындық барысымен танысу мақсатында Павлодар қаласындағы №55 сайлау учаскесіне арнайы бардық.
№7 жалпы орта білім беру мектебінде орналасқан №55 сайлау учаскесінің төрағасы Еркін Макешовтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда сайлау учаскесі саяси науқанға сақадай сай.
– 3 тамыз күні қолымызға сайлаушылар тізімі табысталды. Содан бері сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуде. 7 тамыздан бастап үй-үйді аралап, тұрғындарға хабарландыру таратып жатырмыз. Біздің учаскеге 15 көпқабатты және 17 жеке үй қарайды. Мамандарымыз осы мекенжайларды кем дегенде үш-төрт рет аралайды. Себебі, кейбір азаматтар үйде болмай қалады, кейбірі жол жүріп кетеді. Соның бәрін ескеріп, әрқайсысының қолына шақырту қағазын ұстатуға күш саламыз, – дейді Еркін Шаймерденұлы.
Шақырту билеттерін тарату жұмыстары бүгін аяқталмақ. Сайлау учаске-сінде бүгінде дауыс беретін 4 кабина орнатылды. Оның бірі мүмкін-дігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне лайықталған.
– Жалпы, учаскеде мүге-дектігі бар азаматтардың таңдау жасауына барлық мүмкіндік бар. Яғни, арнайы бұрыш әзірленген. Онда компьютер және құлаққап, брайль шрифті қарастырылған. Арбамен жүретін адамдардың еркін кіріп-шығуына пандус қарастырылған. Есту, көру қабілеттері нашар жандардың да сайлауға қатысуына еш кедергі жоқ. Құлағы естімейтін азаматтарға сурдоаудармасы бар бейнежазба әзірленген. Ал көзі көрмейтін тұрғындар аудиожазба арқылы танысып, таңдауын жасайды. Барлық сайлаушыларға ақпараттық стенд орнатылды. Онда партиялардың сайлауалды бағдарламасы ілінген. Комиссия мүшелерінің аты-жөндері, байланыс телефондарына дейін көрсетілген. Аумақтық сайлау комиссиясының да байланысы жазылып тұр, – дейді учаске төрағасы.
Комиссия мүшелерінің жұмыс орны да ыңғайлы етіп жабдық-талған. Әр партияның сенімді өкілі, байқаушылар отыратын орын да қарастырылған. Сайлау учаскесінің төрағасы бәрі талапқа сай жабдықталғанын атап өтті.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың да конституциялық құқығын пайдалануға, яғни, таңдау жасауына мүмкіндік беріледі. Ол үшін учаскеде екі көшпелі жәшік қарастырылған. Сайлау күні 12.00-ге дейін үйде дауыс беруге өтініш қабылданады. Содан кейін комиссия мүшелері арнайы барып, олардың үйден дауыс беруіне жағдай жасайды. Бір қуантарлығы, аталмыш сайлау учаскесінің сайлаушылар тізімінде
80 жастан асқан тұрғындар аз емес көрінеді. Одан бөлек, 35 жасқа дейінгі жастар үлесі де басым. Нақтысы, 500-ден астам жас азамат тізімде. Сондықтан учаске төрағасы жастар жағы болашақтары үшін таңдау жасауға толық келеді деген үмітте. Биыл мұнда 12 азамат кәмелет жасына толып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болмақ.
Учаске жұмысына 9 адам тартылған. Яғни, учаске төрағасы, орынбасары, хатшысы және комиссия мүшелері бар. Олардың барлығы арнайы оқытудан өткен. Түрлі тренинг, семинар арқылы саяси науқандағы әрбір әрекет маңызы түсіндірілген. Оқытудан кейін тест тапсырып, материалды меңгергендерін дәлелдейді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізуге Павлодар облысында 536 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 1 облыстық, 13 аумақтық және 522 учаскелік комиссия жұмыс істейді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
