Павлодар қаласындағы мектепке дейінгі мекемелерде маман тапшылығы мәселесі өткір тұр. Соның салдарынан кейбір тәрбиешілерге салмақ түсуде. Бұл ретте жалақының аздығы да салқынын тигізбей қоймайды.

 

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Облыстық білім беру басқармасына қарасты білім беруді дамытудың инновациялық орталығының әдіскері Ләззат Серікбаеваның айтуынша, бүгінде шаһардағы балабақшаларда бос орын көбейген. Себебі, кадрлар тұрақтамайды.

— Оның бір себебі – жалақының аздығы. Жаңадан колледж бітіріп келген жас маман 130 мың теңгеге еңбек еткісі келмейді. Алдағы қыркүйек айында еңбекақының өсуін күтіп отырмыз. Сондай-ақ, жастар балалармен жұмыс істеуге шыдай алмайды әрі қазіргі ата-аналардың бабын табу өте қиын. Осы жағдайдың бәрі маман тапшылығына әкеліп соғуда, — дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда шаһардағы тәрбиешілердің көбі 12 сағат жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені, тәрбиешіні алмастыратын артық маман жоқтың қасы. Ал көптеген балабақшада тәрбиешінің көмекшісі тапшы. Бұл мәселені шешу әзірге мүмкін болмай тұр.

— Себебі, олардың жалақысы небары 80-90 мың теңге дересінде ғана. Мұндай еңбекақыға жұмыс істейтін адам табу қиын. Соған қарамастан, көмекшілерге жүктелетін міндет те, жауапкершілік те зор. Олар таңер-теңнен кешке дейін тәрбиешілерге көмектесіп, баланы тамақтандыру, киіндіру, далаға шығару сынды жұмыстардың басы-қасында жүреді. Сол үшін көмекшілердің мәселесін қарастырудамыз, — дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асайынова. Сондай-ақ, ол бүгінде қала бойынша 1-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 77,3 пайызды құрап отырғанын, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға жоғары екенін атап өтті.

— Павлодар қаласы бойынша 2-6 жасқа дейінгі балғындардың 88,6 пайызы, 3-6 жасқа дейінгілер 100 пайыз балабақшамен қамтылды. Жалпы білім беретін мектептерде 1 қыркүйектен бастап 358 балаға арналған 23 мектепалды сыныптар ашылады, — деді Жанат Қабатайқызы. Қуантарлығы, қазіргі таңда қалада қазақ тілінде тәрбие алатын бала саны артуда. Биыл шаһар бойынша балабақша балғындарының 54,5 пайызы, яғни 9373 бала мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Олардың қатарында 600-ге тарта өзге ұлт өкілдерінің баласы бар. Сондай-ақ, биыл қала балабақшаларында балғындарды кезекке қою, жолдама беру, мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне қабылдау balabaqsha.snation.kz (снейшен kz) ақпараттық жүйесінің көмегімен жүргізіледі. Бұл жүйе тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 4203 бала жолдама алып, балабақшаларға қабылданған. Соған қарамастан жүйеде әлі де 1700-ден астам бос орын тұр. Атап өтерлігі, балабақшаларда бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де басымдық берілген. Осы мақсатта шаһардағы мектепалды білім беру ұйымдары жаппай дабыл түймелерімен жабдықталып, мамандандырылған күзет кәсіпорындарымен келісімшарттар жасалған. Орталық жедел басқаруға қосылған бейне-бақылау жүйелерімен де толық қамтылған. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 4329 бейнебақылау каме-расы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2205 сыртқы және 2124 ішкі камера орнатылған. Қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асайынованың айтуынша, ата-аналардың кез келген уақытта топтардағы бейнежазбаларды қарауға толық құқығы бар. Ол үшін балабақша басшысына жүгінуі тиіс. Бұл ретте, облыстық білім беру басқармасы да әлімжеттікке жол бермеу мақсатында жедел желіні іске қосты. Жеткіншектерге қатысты құқықбұзушылық оқиғалары орын алған жағдайда 87010707546 WhatsApp нөміріне немесе Павлодар қалалық білім беру бөлімінің 32-19-21 сенім телефонына хабарласуға болады, дейді мамандар.

Нұржайна ШОДЫР.