Павлодарда журналистика саласында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Журналистер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан республикалық телерадио қоғамының облыстағы меншікті тілшісі Болат Аманбаевтың «Кімнен кембіз?» атты кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсаукесері журналистер, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қоғам белсенділері бас қосқан тағылымды кездесуге ұласты.
Кітап атауының өзі терең ойға жетелейді. «Кімнен кембіз?» деген сауалдың астарында қоғамның бүгінгі тынысына алаңдау, елдің ертеңіне деген жауапкершілік, туған өлкенің мүмкіндігі мен әлеуетін бағамдау жатыр. Автор журналист ретінде жылдар бойы көрген-білгенін, көкейге түйгенін қағазға түсіріп, оқырманға өзіндік ой таразысын ұсынады.
Кітаптың мазмұнына баға берген облыстық «Ақбеттау» журналының редакторы, жазушы Сайлау Байбосын еңбектің әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қазақ тілінде кеңінен қозғауымен ерекшеленетінін атап өтті. Оның айтуынша, кітапта қоғамның түрлі қырлары қамтылып, ел өміріндегі өзгерістер мен технологиялық жаңарудың болашағына қатысты авторлық пайым көрініс тапқан.
— Бұл — қазақ тілінде шығып жатқан әлеуметтік-экономикалық бағыттағы тұңғыш кітап. «Кімнен кембіз?» еңбегінің ауқымы бір ғана саламен шектелмейді. Автор өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын сөз ете отырып, руханият, дін, өнер секілді қоғамның маңызды бағыттарына да назар аударады. Сонымен қатар, адамзат өміріне дендеп еніп келе жатқан жаңа технологиялар, инновациялар мен жасанды интеллект мәселелерін де айналып өтпейді, — дейді С.Байбосын.
Аталмыш еңбектің тұсаукесеріне қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов та жиын барысында сөз сөйлеп, қаламгердің қоғам өміріне белсенді араласып, елдік мәселелерді көтеріп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ, журналистің еңбегіндегі сын мен пікірдің нақты дерекке негізделуі маңызды екенін айтты.
— Болат Советұлы – қоғамға бір мақсатпен қызмет етіп, иықпен иық тіресіп жүрген азаматтардың бірі. Әрқайсымыздың мақсатымыз – мемлекетіміздің болашағына қызмет ету. Бұл кітапта сол еңбектің бір нәтижесі деп ойлаймын. Әр нәрсені талқылауға болады, тіпті әр нәрсені сынға да салуға болады. Бірақ бәрін конструктивті түрде жасау керек. Артында деректері болуы қажет. Дәлелденген әңгіме қоғамға да, сізге де, бізге
де пайдалы болады, — деді облыс әкімі.
Ал автордың өзі кітаптың дүниеге келуіне себеп болған басты мұрат та оқырманға ой салу екендігін
айтады.
— Кейде бір сауалдың өзі ұзақ әңгімеге жол ашады. Ал «Кімнен кембіз?» деген сауал жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға қойылғандай әсер қалдырады. Біз қандай мүмкіндікті пайдалана алмай жүрміз? Қай тұста кемшін түсіп келеміз? Ел болып алға жылжу үшін нені өзгертуіміз керек? Кітап осы сауалдардың төңірегінде ой қозғайды, —
деп баяндайды Болат Советұлы.
Жиын барысында Болат Советұлымен бірге талай жыл қызметтес болған әріптестері де сөз алып, қаламгердің азаматтық болмысы мен журналистикадағы жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Әріптестерінің жылы лебізі мен жүрекжарды естеліктері кештің мазмұнын байытып, автордың кәсіби жолына өзіндік баға берді.
Кітаптың тұсауын еңбек ардагері Гүлбарам Наурызбаева, Қазақстанның Құрметті журналисі Социал Әйтенов және облыстың Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай кесті. Бұл рәсім жаңа еңбектің оқырманға жол тартқан сәтін айшықтап, тұсаукесердің тағылымды түйініне айналды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
