Баянауылдық еріктілер Жасыбай көлі аумағын қоқыстан тазартып, табиғат аясын ретке келтірді. Жастар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында тау-тасқа жазылған жазуларды өшірді. Ауқымды шараға 40-тан астам ерікті қатысты.
Белсенділер алдымен табиғи аумақтағы күл-қоқысты жинап, бояумен жазылған тастардағы сөздерді кетірді. Көп жағдайда туристер тау-тасқа өз есімдері мен туған жерін жазып кетуге құмар.
Баянауыл жастар орталығының басшысы Ренат Ильдиннің айтуынша, шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың сұлу бейнесін сақтау, аудан тұрғындары мен қонақтарын табиғатымызды ластамауға шақыру.
– Әсем табиғатымызды сақтау – бәріміздің міндетіміз. Таза жерде жүрген адамның жаны да, ісі де таза болады. Сондықтан тынығу орындарында, табиғат аясында айналаға қамқорлықпен қарап, қоқысты кез келген жерге тастап кетпеуді сұраймыз. Табиғат-ананың бізге берген байлығын келер ұрпаққа аман-сау жеткізуіміз керек. Баянауыл демалыс аймақтарындағы келімді-кетімді адамдар тамақ қалдықтарын, тұрмыстық заттарды лақтырып кетеді. Бұдан табиғатқа қаншама зиян келеді. Кейде шыны құтылардың сынықтарынан, темекі тұқылынан өрт те шығатын жағдай кездеседі. Табиғат — таусылмайтын байлық емес. Акция аясында еріктілерге жартастардағы жазуларды өшіру оңай болған жоқ. Шамамыз келгенше жұмыс істедік. Әрбір келген қонақ табиғатты ластамай, мәдениетті демалуы керек деп ойлаймыз, — дейді ол.
Акция барысында әр ерікті шамамен бір қап қоқыс жинады. Бұдан бөлек, жастар әлеуметтік желілерде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бейнеролик жариялап, вандализм мәселесіне қоғам назарын аударуды жалғастыруда.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы табиғи нысандарға қатысты заң бұзушылықтар байқалған жағдайда тұрғындар мен туристер құзырлы органдарға хабарлай алады.
Қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына жастардан бөлек, мектеп оқушылары, аудан ардагерлері және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдері де тұрақты түрде атсалысады. «Таза жағажай», «Менің аулам», «Мөлдір бұлақ» секілді экологиялық акциялар да өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, жастар Сабындыкөл маңайын да тазартты.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
