Отбасы мәселелері – назарда

Қыр 10, 2026

Әйелдердің әл-ауқатын арттыру, отбасыларды қолдау және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу – маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махаббат Абулованың басқаруымен әйелдер мен отбасы мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, бірқатар өзекті мәселе талқыланды.

Отырыста әлеуметтік осал санаттағы әйелдерді қолдау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін көмекті күшейту мәселесіне басымдық берілді. Сонымен қатар, аудан әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, олардың жұмыспен қамтылуына және әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау бағыттары сөз болды.

Жиында әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әйелдерге қажетті медициналық және әлеуметтік қолжетімділікті арттырудың маңызы атап өтілді.

Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға дер кезінде көмек көрсету мәселелері қаралды. Отбасылық зорлық-зомбылықтың, маскүнемділік пен нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Комиссия мүшелері атқарылған жұмыстарды сараптап, отбасыларға көрсетілетін қолдауды одан әрі күшейту, әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.

С.ӘБДОЛ.

Аққулы ауданы